Нұрбек Дәуренбеков: Басты мақсатымыз – әлеуметтік әділдікке негізделген қоғам құру

Еліміздегі белсенді саяси партиялар саяси-әлеуметтік дамуға өз үлесін қосып келеді. Jasqazaq.kz тілшісі Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбековпен сұхбаттасып, партия атқарып жатқан жұмыспен танысты.

— Нұрбек мырза, ЖСДП партиясының Қызылорда филиалы бүгінде партияның мақсаты мен міндеттерін қалай жүзеге асырып жатыр?

— ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы партияның мақсат-міндеттері мен бағдарламасын халыққа кеңінен тарату жұмыстарын белсенді жүргізіп келеді. Басты мақсатымыз – әлеуметтік әділдікке, демократиялық қағидаттарға негізделген қоғам құру. Бұл бағытта филиал аймақтағы халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысуда. Халықтың барлық топтары үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді, азаматтардың еркіндіктері мен құқықтарын қорғап, демократиялық құндылықтарды нығайтуды, жұмыссыздықты төмендету, әл-ауқатты арттыру, әлеуметтік көмек көрсету және өңірдің экологиялық проблемаларын шешу бағытындағы шараларға ақпараттық, насихаттық түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Қоғамды осы мақсаттарға қол жеткізу үшін белсенді іс-шаралар жұмыс жоспары бекітілген.

— Сіздерге тұрғындар көбінесе қандай шағыммен келеді?

— Жергілікті халық партия қызметіне, саяси және әлеуметтік мәселелерді шешу, қоғамдық тәртіпті нығайту, әлеуметтік әділеттілікті орнату және экономикалық жағдайды жақсарту мақсатында жүгінеді. Сонымен қатар, мемлекеттегі реформалар мен заңнамалық өзгерістерге ықпал ету, өз құқықтарын қорғау, өздері қолдайтын идеяларды алға тарту үшін де келеді. Өйткені ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының рөлі аймақтың саяси өмірінде маңыздылыққа ие болғандықтан, халықтың мүдделері жергілікті билік назарына ұсынылып келеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы теміржол асты өткелдерінің мәселелеріне байланысты бірқатар ұсыныстарын білдірді. Партия өкілдері теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздікті арттыру, әсіресе жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалысын оңтайландыру мақсатында жаңа өткелдер салуды және қолданыстағыларды жақсартуды талап етті. Бұл бастама тұрғындардың қозғалысын қауіпсіз әрі тиімді етуге бағытталған. Осы мәселеге байланысты жергілікті билік көктемде ескі өткелді қайта пайдалануға беруге қатысты шешім қабылдап, бүгінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

-Партияның алға қойған жоспары жайында айтып өтсеңіз? Бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды?

— ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы бірқатар маңызды жұмыстар атқарды. Мысалы, партия жасанды интеллект пен этика тақырыбында семинарлар өткізіп, болашақ журналистер мен студенттердің білімін жетілдіруге бағытталған тренингтер ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін түсіндіру, оның пайдасы мен этикалық сұрақтарын талқылау мақсатын көздеді. Сонымен қатар, партия жергілікті тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, әлеуметтік мәселелерге назар аударады. Әсіресе, көп балалы аналардың, мүгедектігі бар жандардың мәселелерін шешуге және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды ұдайы жүргізеді. Мұндай кездесулер тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға байланысты нақты шаралар қабылдауға, мәселелерді бірлесіп шешуге қолайлы болып табылады. Парламенттегі ЖСДП фракциясына жер дауларына, білім саласына қатысты заңдарға енгізер толықтырулар ұсынылды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал Махаметқызы

Дереккөз jasqazaq.kz