Оралдың экологиялық мәселелері ЖСДП-ның назарында

Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау үшін ғылыми жұмыстар атқарылмауы экологиялық апатқа ғана емес, аймақта мезгіл сайын пайда болатын су тасқынына әкелуі мүмкін. Осыған қатысты жақында БҚО-дағы ЖСДП өңірлік филиалы өткізген дөңгелек үстел барысында қоғам белсенділері мен парламентшілер алаңдаушылық білдірді.

Іс-шараның басында ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Анаргүл Әбенова бүгінгі таңда Шаған өзенінің арнасында салынған бөгетке қатысты мәселе өткір тұрғанын еске салды. Кәсіпкер өзен жағасын құрғатып, ойын-сауық саябағын салған, ал бұл өз кезегінде өзен арнасын тарылтады, су тасқыны режиміне теріс әсер етеді.

«Су қорғау аймағында септиктер орналасқан. Бұл заңсыз. Сонымен қатар, Шаған өзенінің арнасында балық өсіруге арналған торлар бар. Бұл да заңсыз, себебі өзенге зиян келтіреді. Барлық қалдық пен химиялық зат өзенге келіп түседі. Шаған мен Дерқұл – Жайық өзенін тікелей қоректендіретін шағын өзендер, ал шағын ағыстың гидрологиялық режиміне зиянын тигізетін мұндай шаруашылық қызметке жол берілмеу керек», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, қазір балық торлары алынып тасталды, бірақ оларды ретке келтіру үшін өзеннің түбіне бетон блоктар түсірілді. Өзен арнасындағы бұл құрылыстар әлі күнге дейін алынып тасталмаған, бұл конструкциялар су түбіндегі бұлақ көздерін бітейді, соның салдарынан су айдынының табиғи гидрологиялық және микробиологиялық тепе-теңдігі бұзылады.

Сонымен қатар, жақын жерде жағажай бар және бұл блоктар онда шомылатын балалар мен ересектердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.

ЖСДП баспасөз қызметінің басшысы Мақсұт Насибулов партия трансшекаралық өзендердің тартылуы мәселесін көптен бері көтеріп келе жатқанын атап өтті.

«2050 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін деген қауіп бар. Бұл проблемамен 600 мың қазақстандық бетпе-бет келіп отыр. Бізде онсызда экологиялық апат болды, Арал теңізін жоғалттық. Енді тартылып жатқан Каспийді сақтап қалу өте маңызды.

Себеп көп: климаттың өзгеруі және антропогендік әсер, мұның бәрін зерттеу керек.

Қазір өзендердің тартылуы мәселесімен айналысатын арнайы институт құру туралы ұсыныстар бар. Біз барлық айтылған мәселені Парламент деңгейінде көтеруге дайынбыз.

Жиын жұмысының қорытындысы бойынша қарар қабылданады және оны өзіміздің орталық аппаратқа жібереміз», - деді ол.

«БҚО ЭГО» Батыс Қазақстан экологиялық-географиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариев Жайық өзені ағынының реттелуіне тоқталды. Әрбір фермер бөгеттер салып, суды өз қалауы бойынша өз қажеттіліктеріне бұрады.

Сондай-ақ, су айдынының гидробалансын ұстап тұру үшін аса маңызды жайылмалы ормандарды кесу және трансшекаралық Қазақстан-Ресей комиссиясының жұмысында ашықтықтың болмауы салдарынан проблема одан сайын күрделене түседі.

«Комиссия айтарлықтай жұмыс істемейді, мақсат қою деген жоқ. 1996 жылы қол қойылған хаттама бар, онда жоғарғы ағыстан су ағызу көлемі 3,2 млрд текшеден төмен болуы мүмкін емес. Бірақ бұл шартқа қол қою кезінде қай қалалардың деректеріне сүйенгені белгісіз. Комиссия Солтүстік Каспийді құтқаруға басымдық беруі тиіс, ол үшін Жайық пен Еділ өзендері арқылы судың өтуінің санитарлық көлемін кемінде 7 млрд текше метрмен қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті сарапшы.

Сонымен қатар, өзен арнасының бойындағы барлық су қоймасы мен гидротехникалық құрылыстарды тексеру қажет.

«Орал өзенінің бассейнін көп жыл бойы зерттеген белгілі академик А. Чибилев өз еңбектерін жариялады. Соның қағидаларын негізге алу керек. Ол жерде өзен арнасын тазалаудың ең жақсы жолы – қатты су тасқыны екені анық айтылған, арна өзінен-өзі табиғи жолмен тазартылған кезде, су түбінде жұмыстар жүргізудің бәрі – ақшаны текке ысырап ету болмақ», - деп сөзін қорытындылады Дархан Сариев.

Оның ойынша, осы мәселе бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, жер асты суларының көлемін есептеу қажет.

«Неліктен бізде жер асты суларының барлық картасы «Жайық гидрогеология» жеке компаниясына тиесілі? Бұл стратегиялық маңыз бар нысан. Жайықтың проблемаларын жалпы Еділ-Орал-Каспий бассейні ретінде қарау керек, Каспий ағынының 80% – Еділ, 16% – Орал және 4% – қалған өзендер. Біздің тарап Еділ бассейні кеңесіне кіруі керек. Бізде Қиғаш өзені бар, бұл Еділдің арналарының бірі. Жалпы алғанда, экология мәселелері бойынша Ресей тарапымен тығыз ынтымақтастық жүргізу қажет», - деп түйіндеді сөзін. Өз кезегінде, Мичуринское ПСТ бау-бақша серіктестіктерінің өкілі Лариса Румянцева Оралдың арнасы тарылғанын атап өтті. Оның сөзінше, суды ең төменгі көлемге түсіргеннен кейін өзенге биіктігі үш метрге жуық және тереңдігі шамамен 50 метрге жететін бөгет толтырылды. Бұл өзеннің өткізу қабілетін төмендетіп, Шаған жағалауында орналасқан саяжай тұрғын алаптарын су басу қаупін тудырды.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай барлық қатысушыға іс-шараға қатысқаны үшін алғыс айтып, айтылған ұсыныстар қарауға қабылданғанын атап өтті.

ЖСДП баспасөз қызметі