Қостанайда қаңғыбас иттерді залалсыздандыру мәселеге айналып отыр

Қаңғыбас жануарлардың мәселесі тек Қостанай облысында ғана емес, еліміздің барлық өңіріндегі халықтың жанайқайына айналғалы қашан. Бұралқы иттер мен мысықтардың құқығын қорғауға қатысты Заң күшіне енгелі олардың саны күрт өсті. Бұрынғыдай оларды атуға, дәрімен ұйықтатып тастауға болмайды. Демек, иесіз жануарлардан келер қауіптің де артқаны түсінікті.

Былтырдың өзінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 3000-ға жуық адам жүгініпті. Оның 2000-ы ит қапқан адамдар. Алайда, бұл тек ресми дерек. Бір өкініштісі – олардың арасында бүлдіршіндер де бар. Мысалы, осыдан сегіз ай бұрын Тобыл қаласында 3 жасар қызды ит талап, ауыр хәлде ауруханаға түскені бәріне мәлім. Мамандардың айтуынша, осындай келеңсіз оқиғалардың алдын алудың бірден-бір шешімі – қаңғыбас жануарларды чиптеу.

2023 жылы бұралқы иттер мен мысықтарды аулап, ұстауға облыстық бюджеттен 103 млн теңге бөлінген. 3000 мыңға жуық ит залалсыздандырылған.

«Ал биыл бұл қаражат көлемі 125 млн теңгеге дейін өсті. 3500 жануар қамтылады деген жоспар бар. Қостанай, Рудный, Арқалық және Жітіқара қалаларында осы жұмыс жүйелі жолға қойылса, кейбір аудандарда бұл жұмыстар мүлдем атқарылмады», ‒ дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Шамшадин. Бұған бірден бір себеп – грантты басқа аймақтағы ұйымдардың ұтып алуы. Мәселен, Бейімбет Майлин ауданында залалсыздандыру шараларын алматылық мердігер жүргізуі керек еді. Дегенмен, жауаптылардың салғырттығынан аймақта тиісті жұмыстар атқарылмаған.

Залалсыздандыру шараларымен үкіметтен бөлек, еріктілер қозғалысы да айналысады. Бұған дәлел «Надежда плюс» қоғамдық ұйымы. Ол қала орталығында 2017 жылы құрылған. Рудный, Қостанай және Тобыл қаласында іске қосылған «Жануарларды ұстап, аулау және залалсыздандыру» жобасы аясында олар 1500-ге жуық төрт аяқты құйрықтыларды чиптеуден өткізген. Бір қынжылтатыны, осы сынды ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы. «Надежда плюс» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Ольга Соловеваның сөзінше, бұралқы жануарлардың көбеюіне азаматтардың өздері де себепші. Жауапкершіліктің жоқтығынан тиісті шараларды қолданбайды, қашып кеткен иттерін іздемейді.

Бұл мәселенің шешімі – иесіз жануарлар паналайтын орталықтарға қосымша қаржы бөлу. Себебі иесіз иттер көп, алайда көп жағдайда оларға арналған орталықтан орын жетпей жатады. Еріктілер өз қалталарынан шығын шығаруға мәжбүр.

ЖСДП Қостанай облыстық филиалы