«Сапалы инклюзивті білім алуға кедергі болмауы тиіс»: депутаттық сауалға жауап

ЖСДП фракциясының депутаты А. Сағандықова ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Көлгінов және ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Б. Бейсембаевтың атына 27 сәуір күні инклюзивті білім беруге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын.

Онда балалардың сапалы инклюзивті білім алу құқығы шектелмеуі үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес жұмысына реформа жасау қажет деген мәселе көтерілді. Депутат: «Барлық балаға қабілеттері мен мүмкіндіктеріне байланысты білім алу қолжетімді болуы керек. Инклюзияны (inclusion) білім беру процесіне енгізудің негізгі қағидасы – қолжетімділік, кемсітушілікке жол бермеу, қоғамдық ортаға ақылға қонымды бейімделу (БҰҰ термині) және т.б. Дегенмен, кейбір балалар өз қалауынша арнайы мектептерде оқи алатындығын да ескеру керек. Көптеген сарапшының айтуынша, қазір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестердің (ары қарай ПМПК) қорытындысы сапалы инклюзивті білім алуға басты кедергі болып отыр. Шын мәнінде, кеңестер мүгедек балаларға қарапайым мектепке баруға көмектесуі керек. Елімізде ерекше балаларға арналған ПМПК саны 45%-ға өсті, бірақ соған қарамастан олардың жұмысының сапасы ақсап тұрғаны анық. Ерекше қажеттіліктері бар балалар қажетті құралдармен, оның ішінде Брайль тілінде оқу материалдарымен, ым-ишара тілінде оқытумен, сондай-ақ, оқу материалын меңгеруге, өзін-өзі күтуге және мінез-құлықты бақылауға қажетті көмек көрсете алатын ассистенттермен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған орай, ПМПК жұмысын реформалау керек және ерекше баланы жалпы білім беретін мектепке қабылдау үшін ПМПК қорытындысын сұрату іс жүзінде міндетті шарт болмайтындай етіп жасау қажет деп санаймыз», - деген еді.

Оған қатысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары А.С. Көлгіновтің жазбаша жауабында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар баланы мектепке қабылдау үшін ПМПК қорытындысының болуы шарт емес. Бұл ретте, ПМПК қорытындысының болуы білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға жоғары коэффициент көзделген жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде қаражат бөлуге кепіл бола алады.

ПМПК деп отырғанымыз – балаларды тексеру және кеңес беру, білім алудың ерекше қажеттіліктері мен арнайы ыңғайлы жағдайларын бағалау, білім беру бағдарламасын анықтау жұмыстарымен айналысатын білім беру ұйымы. Оның негізгі қызметі – ерекше балалар жалпы білім беретін және арнайы білім беру ұйымдарында кедергісіз оқи алуы үшін қандай жағдай жасалғаны дұрыс екендігі бойынша ұсыныстарды айқындау. Ал ол үшін ерекше балалардың білім алуына ыңғайлы арнайы жағдайларды анықтайтын Ерекше білім берудің қажеттіліктерін бағалау ережелері негізге алынады. Арнайы жағдайға оқу, жеке-дамыту және түзету-дамыту бағдарламалары мен оқыту әдістері, техникалық, оқу және өзге де құралдар, тіршілік ету ортасы, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, медициналық, әлеуметтік және өзге де қызметтер кіреді. Онсыз ерекше қажеттілігі бар балаларға білім алу бағдарламаларын меңгеру мүмкін емес. ПМПК деректеріне сүйенсек, 2022 жылы республика бойынша ерекше білім алу қажеттілігі бар 188 144 бала есепке алынды. Қазіргі уақытта ПМПК желісінің 93 білім беру ұйымы бар (2022 ж – 86 ПМПК). 2025 жылға дейін ПМПК желісін 126 бірлікке дейін кеңейту жоспарланып жатыр.

«Мектепте оқуға қабылдау Қабылдаудың типтік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Ереже бойынша балалар өзінің дайындық деңгейіне қарамастан мектепке қабылдана береді. ПМПК қорытындысының болмауына және/немесе оқуға арналған арнайы жағдай жасалмауына байланысты жалпы білім беретін мектептің білім алуға ерекше қажеттілігі бар баланы қабылдаудан бас тартуы заңсыз болып саналады», - делінген жауапта.

Оқу-ағарту министрлігінің де жауабы осыған саяды.

Қазіргі уақытта ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуына ыңғайлы болатындай жағдай жасаған мектептердің үлесі 80 пайызды құрайды. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасының шеңберінде инклюзивті білім беру үшін арнайы жағдай жасаған мектептердің үлесін 2023 жылы – 80%, 2024 жылы – 90%, 2025 жылы – 95%, 2026 жылы – 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкімет жұртшылықпен, сондай-ақ, депутаттық корпуспен бірлесіп, ПМПК жұмысын жақсарту бойынша сындарлы ұсыныстарды талқылауға дайын екенін білдірді.

ЖСДП Баспасөз қызметі

Смотрите также: