ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Қазақстанның кең байтақ жеріне тән облыстардың өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтары бар екені жасырын емес. Осыған сәйкс, бүгін мен еліміздегі демографиялық мәселелерге ерекше назар аударғым келеді.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша ағымдағы жылдың алғашқы екі айында еліміздің 10 өңірінен көшіп кету байқалса, өз кезегінде алғашқы алты айда (қаңтардан маусымға дейін) Алматы облысы мен республикалық маңызы бар үш қаланы қоспағанда, 16 өңірдің халық саны күрт азайып кеткен. Қазіргі таңда бұл сандар өсуде: жыл ішінде қоныс аударушылар саны шамамен 2 есе өскен (1,7 есе).
Кімге болсын көшіп-қону өте қиын шаруа екенін білеміз. Ал біз ел халқының жаппай орталықтарға ағылуында үлкен қыйсынды себеп бар екеніне аса мән бермей жатамыз. Тәуекелге бел буып, көшіп келудің басты себебі, ондаған жылдар бойы ауылдар мен қалалардағы қордаланған мәселенің шешілмеуі мен үмітсіздіктің салдары. Адамдар амалсыздан жақсы өмір сүргісі келгендіктен жайлы жер іздеп, үдере көшіп жатқаны анық.
Әсіресе, еліміздің үш өңірінде – Солтүстік Қазақстан облысында, Абай және Жетісу облыстарында халық санының азайғаны сонша, тіпті оны көзге елестетіп айтудың өзі қиын болып тұр. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, соңғы 20 жылда Солтүстік Қазақстан халқының саны бір де бір рет өспеген.
Көбінесе әлемде урбанизация мен көші-қон процестері өнеркәсіптік дамумен байланысты болатыны белгілі. Алдымен өндіріс дамып, жұмыс орындары ашылады, содан кейін мұндай аймақтарға жұмыс күші өздігінен тартылады. Бізде керісінше, стихиялық қозғалыстар көбінесе негізсіз және тек әлеуметтік шиеленісті күшейтеді.
Сонымен қатар, барлығы Астана, Алматы және Шымкентті гүлденген дамушы қалалар деп санайды, бірақ оларды жұмыспен қамту өте төмен деңгейде, нәтижесінде қала маңы, әсіресе саяжай аумақтарындың тұрғындары арасында кедейлік күрт өсуде.
Мәселен, ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылдың екінші тоқсанында Астанада жұмыссыздар саны 32,1 мың адамды, Алматыда – 52,7 мың, Шымкентте – 22,4 мың адамды құрады. Ғалымдардың есептеуінше, Шымкент қаласының демографиялық сыйымдылығы 600 мың адамнан аспайды, Алматы үшін 1,2 млн, Астана үшін бір миллион.
Қазірдің өзінде бұл көрсеткіштер жоғары, сондықтан мезгіл-мезгіл су мен электр қуатының үзілістері пайда болуда. Сонымен қатар, 2017 жылдан басталған тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке өз еркімен көшіру бағдарламасы ойдағыдай нәтиже бермеуде. Бұл үш жылдық ғылыми зерттеудің қорытындылары («Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлеріндегі демографиялық ахуал: демографиялық талдаудың модельдері мен әдістері»).
Солтүстікке облыс үшін тапшы болып отырған мамандар емес әртүрлі біліктіліктегі мамандар келді. Оңтүстік аймақтың жұмыссыз, қарызға белшеден батқан, аз қамтылған азаматтары өз жағдайларын жақсарту мақсатында солтүстікке қоныс аударғандары белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда солтүстікке келгендердің арасында түбегейлі қалуға ниетсіз әрі құлықсыз отбасылардың саны басым болды. Оның үстіне менталитет мәселесі тағы қысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, салынған баспаналар сапасыз әрі нашар болған. 2017-2021 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысына оңтүстіктен 12 мың адам қоныс аударса, оның 2 мыңы қайтып кеткен.
Айтылғанды ескере отырып, ЖСДП фракциясы:
- өңірлер бөлінісінде демографияны арттыруды ынталандыру саясатын әзірлеуді;
- әр аймақтың ерекшелігін (сонымен қатар әр елді мекеннің бөлінісінде) ескере отырып, өнеркәсіпті дамытудың бір негізгі бағытын айқындауды;
- 2000 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк демографиялық саясатының тұжырымдамасын жан-жақты қайта қарап, жетілдіруді ұсынады. Депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
Жалпыұлттық социал-
демократиялық партиясы
фракциясының депутаттары
Н. Әуесбаев
А. Рақымжанов
А. Сағандықова
Н. Сайлаубай