Семейде қоғамдық көлік тапшы

Халыққа қызмет көрсететін қоғамдық көлік мәселесі барлық аймақта өзекті екені баршамызға мәлім. Бұл мәселе Абай облысы Семей қаласы тұрғындарының да наразылығын тудырып отыр. Көліктің тапшылығына байланысты шағымданып келген қарапайым халықтың жан айқайын естіген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыс филиалы назарынан тыс қалдырмады.

Автобустар қаланың ішінде де, шет ауылдарға да дұрыс қатынамайды. Сол себеппен 16 қаңтар күні партия белсенділері қала ішіндегі және шет ауылдарға жүретін қоғамдық көліктердің жүріп-тұруына бақылау жүргізіп, сонымен қатар жергілікті тұрғындардан сауалнама алды.

Орталықта автобус қатынасының жиілігі уақытына сай жүретіні байқалды. Ал шет жақ Холодный ключ, Бобровка, Нахаловка, Восточный, Водный, Бобровка, Мирный, Степной ауылдарындағы тұрғындармен қоғамдық көліктер туралы әңгіме қозғаған кезде автобустардың аздығы, жүру уақыты мен аралық уақыттары кестеге сай келмеуі, адамдардың келген көлікке сыймай қалуы және кешкі уақытта автобустар кестесінің бұзылуы тұрғындардың өкпе-реніштері мен шағымын туғызды.

Осы шағымдарға байланысты «Абай облысы Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Увасилов Әділбек Дәулетбекұлымен кездесу болды.

Кездесу барысында жетекші: «Маршруттық желіге сәйкес қалада 331 көлік құралы бар, 42 маршрут жұмыс істейді. Қызмет көрсететін «Таксомоторлық парк» ЖШС – 13 бағыт, «Семавтопарк» ЖШС – 4 бағыт, «Авто Транс Семей» ЖШС – 23 бағыт, «Ecobus QK» ЖШС – 1 маршрут, «Пинчук» ЖК – 1 маршруттары бар. Жолаушылар мен багажды қалалық автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі келісімшартқа сәйкес, маршруттардың жиілігі кемінде 70% болуы тиіс. Бүгінгі таңда жиілілік 70-75% құрайды. Тасымалдауды ұйымдастыруды зерделеу кезінде автобустардың желіге шығарылмауының негізгі себептері: біріншіден, «Д» және «Д1» санатында 200-ден астам жүргізуші жетіспейді, екіншіден, жүргізушілер жасының егде болуы соғұрлым үлкен мәселе. Осы бөлімшеде автобустардың қозғалыс сызбасын өзгерту бойынша шаралар қабылданды. Мысалы, №45 маршруттың №8 және №9 мектептерге дейінгі қозғалыс сызбасы өзгертілді, сондай-ақ, №21 маршруттың Знаменская трассасы бойынша Ұшақтар кентіне дейінгі қозғалыс сызбасы өзгертілді», ˗ деп атап өтті Әділбек Дәулетбекұлы.

Бір сөзбен айтқанда, Семейде әлі де қоғамдық көлік жетіспейді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалы