Шенеуніктер құрылыс компанияларының мүддесін қорғап отыр ма?

*Бұл мәселені жақында Астанада Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында эколог-сарапшылар айтты.

Қалдықтарды басқару саласындағы сарапшы Аслан Құлмағамбетов Астана маңындағы заңсыз қоқыс үйінділерін негізінен құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратпайтын адал емес құрылыс компаниялары жасайтынын атап өтті.

Бірақ, сөйте тұра, тұрғын үйдің немесе кеңсенің бір шаршы метрінің өзін сатқан кезде, оның құнына құрылыс қалдықтарын қауіпсіз жерге көмуге жұмсалуы тиіс қаражат қосылады. «Алайда артық табысқа кенелгісі келген құрылыс компаниялары алған қаражатты мақсатына қарай жұмсағысы келмейді, сөйтіп заңсыз қоқыс үйінділерін көбейтеді, ал оны әкімдік кейін бюджет есебінен жояды. Олар тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған полигонмен тікелей келісімшарттар жасайды немесе қоқыс шығаратын компанияны жалдайды. Қағаз жүзінде полигондармен келісімшарт жасаған болуы мүмкін, бірақ іске келгенде қалдықтарды ол жерге әкелмейді, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне тастай салады», - деп түсіндірді Аслан Құлмағамбетов.

Ал сол қалдықтарды жою үшін әкімдік бюджет қаражатын жұмсайды. Атап өту керек, бұл мақсаттарға салық төлеушілердің қаражатынан бөлінетін сома екі есеге – 125 миллионнан 250 миллион теңгеге дейін өскен.

«Байқасақ, құрылыс компанияларына өте ыңғайлы, өйткені қалдықтарды шығармайды. Себебі жергілікті атқарушы органдағылар қоқысты жою үшін бюджеттен ақша алуға әдеттеніп алған. Ал, шын мәнінде, құрылыс компаниялары төлеуі керек. Біздің ойымызша, қоқыс шығаратын компаниялармен немесе газельдермен емес, құрылыс компанияларымен күресу керек», - дейді сарапшы.

Аслан Құлмағамбетов полигонмен тікелей шарт жасасу қажет деп пайымдайды. Ал полигонды, өз кезегінде, GPS навигаторы арқылы қоқыс таситын көліктердің қозғалысын бақылау және олардың қоқысты қайда апарып тастайтынын көру үшін онлайн бағдарлама әзірлеуді міндеттеу керек.

«Сонда ғана біз бұл мәселені бақылауда ұстай аламыз. Заңсыз қоқыс үйінділері болмайды, ол үшін ешқандай қаражат керек емес. Бар болғаны, қала әкімінің елорданың ерекше мәртебесін пайдалана отырып, құрылыс компанияларын қалдықтарды полигонға апаруға міндеттей алатын қаулы қабылдай алатын еркіндігі қажет. Екінші қаулы – құрылыс қалдықтарын елді-мекендерден тыс жерлерге шығаруға тыйым салу», - деп нақтылады қалдықтарды басқару саласындағы сарапшы.

Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков құрылыс компанияларына араша түсті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс ұйымдары қолайсыз жағдайда тұр, өйткені оларға тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарына қоқыс тастауға тыйым салынған, Экологиялық кодекстің 351-бабына сәйкес ешбір жерге тастай алмайды.

«Осыған байланысты құрылыс компаниялары құрылыс қалдықтарын құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде шикізат ретінде барынша қайта пайдаланады. Бізде де қайта қолдануға және қайта өңдеуге болатындығын көрсететін норматив әзірленген. Бірақ бүгінгі жиынға қатысушылар құрылыс алаңына көмуге болмайтын ірі бетондар, ірі қалдықтар көмілетін жағдайларды айтып жатыр. Бұл дегеніміз, әлбетте, заң бұзушылық», - деп түсіндірді ол. KazWaste қауымдастығының төрағасы Шынболат Байқұловтың айтуынша, қоқысты қайта өңдеуге кедергі болып тұрған маңызды мәселе – құрылыс нысандарында қоқыстың сұрыпталмайтындығы. Құрылысшылардың тамағынан қалған тамақ қалдықтары мен пластикалық ыдыстар кірпіш, гипсокартон, газоблок сияқты құнды фракциялары бар бір контейнерге тасталады, олар кейіннен қайта өңделіп, айналымға қайтарылуы мүмкін.

Қауымдастық басшысы 2022 жылдың қараша айынан бастап экология министрінің бұйрығымен қалдықтарды араластыруға тыйым салатын ережелер енгізілгенін атап өтті. Оған Экологиялық кодексте де тыйым бар, бірақ бұл нормалар іс жүзінде орындалмай отыр.

Дегенмен, Бақытжан Жүнісбеков құрылыс ұйымдарына құрылыс жұмысынан қалған қоқыстарды араластырмауы үшін ынталандыру шараларын әзірлеуді ұсынды.

«Тіпті құрылыс қалдықтары қоқыстың басқа түрлерімен араласпауы үшін қандай да бір төлем төлеу керек болар, бәлкім. Мемлекетке әртүрлі жердегі қоқыстарды жойып жүргеннен гөрі қоқыс таситын көлікке қайта өңдеу үшін тиісті жерге сапалы құрылыс қоқысын апарғаны үшін ақы төлеу оңайырақ болады», - деген ұсыныс айтты ҚР ИИДМ өкілі.

Алайда бұл пайым жиналғандардың күлкісін тудырды.

«Яғни, сіз мемлекет олигархтарға, құрылысшыларға құрылыс қоқыстарын әкеліп беруі үшін тағы да ақша төлесін дегіңіз келе ме?»,- деп сұрады «Тәжірибеші экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікова.

Бұл тұрғыда, сарапшылардың көбі отырыста айтылғандарды ескеріп, мемлекеттік органдар құрылыс компанияларының мүддесін қорғап жатқандай әсер қалдырып отыр деген пайымын білдірді.

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаменті басшысының м.а. Динара Әжіғалиева өз кезегінде, аталмыш министрлік Сауда министрлігінде жол құрылысымен қоса, тікелей құрылыс нысандарында белгілі бір қалдықтарды, соның ішінде құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану бойынша ұлттық стандарттарды әзірлеуді сұрағанын айтты.

«Бүгінде әзірленіп жатқан Қала құрылысы кодексінің шеңберінде депутаттар қандай да бір нысанды салу кезінде қалдықтардың белгілі бір пайызы қайта өңделуі тиіс деген норманы енгізуі мүмкін», - деп атап өтті Динара Әжіғалиева.

Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық кодекске қалдықтарды рұқсатсыз тастағаны үшін жеке бап енгізуді көздеп отыр, өйткені рұқсат етілмеген полигондарды жасағаны үшін салынатын қазіргі айыппұлдар аз.

«Заңды қайта бұзғаны үшін біз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте неміс тәжірибесі бойынша жүру және құқық бұзушыларды жүргізуші куәлігінен айыру немесе көлікті тікелей айыппұл тұрағына орналастыру, белгілі бір уақытқа көліктен айыру туралы норманы белгілеуді ұсынамыз», - деп нақтылады Динара Әжіғалиева.

Қалдықтарды басқару жүйесін бақылау үшін ведомство мамандандырылған көлік қозғалысының мониторингі бойынша ақпараттық жүйені дамытуға ниетті.

«Қалдық шығарушылар полигондармен шарт жасасудан басқа, қалдықтарды өңдеушіге берген сәтке дейін бақылау жүргізуі тиіс. Ол үшін Кодексте әрбір қоқыс шығаратын көлік GPS-жүйесімен жабдықталуы тиіс деген норма белгіленген. Қазір бұл базаны әзірледік, ол пилоттық режимде жұмыс істейді. Біз қауымдастықтар арқылы біздің тізілімдегі қоқыс таситын көліктері бар құрылыс компаниялары осы пилоттық жобаға қосылуы үшін ақпарат жібердік», - деп атап өтті департамент басшысы.

Қазіргі уақытта Индустрия министрлігінің eQurylys жүйесі шеңберінде құрылыс қалдықтарын шығару бойынша құрылыс ұйымдарын қадағалау мүмкіндігі бар. Бірақ бұл тек мемлекет қатысатын құрылыс жобаларына қатысты.

Құрылыс комитеті төрағасының орынбасары бақылаушы органдарды кез келген тексеру кезінде мердігер ұйымдар қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қоқыс тастауға арналған талондары бойынша есеп беруі тиіс екенін түсіндірді.

«Егер құрылыс компаниялары тіреу конструкцияларын салу бойынша жұмыстарды орындаған болса, оларға авторлық және техникалық қадағалау қол қояды. Егер олар орындалған жұмыстардың актілеріне қоқыс шығаруды қосса, онда оны ТҚҚ полигондары талондармен бекітеді. Ал олар актіге қосылмаса, демек қоқысты шығармағаны. Оларда іс жүзінде тек 5 тонна қалдыққа қарастырылған талондар болса, ал сметасында 15 тонна көзделсе, онда олар орындалған жұмыс актілері бойынша бұл қалдықтар үшін ақша алмайды. Тиісінше, бұл қоқысты қайда тастады деген сұрақ туындауы мүмкін», - деп түсіндірді Бақытжан Жүнісбеков.

Оның айтуынша, бұл негізінен нысандарды мемлекеттің қатысуымен салатын құрылыс компаниялары жайында екенін атап өтті, өйткені олар бюджеттен төленетін қаражатқа тікелей байланысты.

Оның мәліметінше, 2023 жылдан бастап Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің құрылыс комитеті жеке құрылыс компанияларын қоқыс шығаруға арналған шығындарды көрсететін талаптар қойылған сметалық құжаттама жасауға міндеттеді. Жиынға қатысушылар осындай шаралардан кейін жағдай түзетілетініне үміттенетінін білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар үшін де, қоғамдық ұйымдар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары үшін де жағдайды жақсартатын қол қойылған қарар қабылданды.

ЖСДП баспасөз қызметі