Ақтөбеде Эпидемиялық ауру ошағы тіркелмеген

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Эпидемиялық аурулар белең алуы мүмкін бе?» атты сұрақ-жауап форматындағы кездесу шарасы өтті.

Кездесуде Ақтөбе облысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен Бала денсаулығын қорғау, вакцинамен қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Ақзер Сүлейменова қатысып, сауалдарға жауап берді. Шараның мақсаты облысымыздағы эпидемиялық жағдай мен халық арасындағы эпидемиялық аурулардың таралуы туралы қауесеттің алдын алу мен халықты шынайы түрде ақпараттандыру болды.

«Қазіргі таңда инфекциялық ауруханада ем қабылдап жатқан тұрғындар жоқ. Сондықтан біз тұрғындарға жалған ақпараттарға сенбеулерін сұраймыз. Әрбір медициналық мекеменің, инфекциялық аурухананың вирусқа қарсы антибактериялды терапия, дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәрігерлердің де осы ауруды ерте анықтау жолдары жөнінде семинарлар өткізілген. Қазіргі таңда барлығы қадағалануда. Ақтөбе облысы бойынша жедел респературлық вирустық инфекцияларға, тұмау ауруына 162 төсек орны бөлініп тұр. Жағдай белең алса қосымша 50 орындық мүмкіндік қарастырылып отыр», - дейді Ақтөбе облысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Ақзер Бекқұлқызы.

Сондай-ақ бас маман тұрғындарды жеке бастың тазалығын сақтауды ескертеді. Көшеден келгеннен кейін қол жуу, жеке гигиеналық шараларды қолдану, таңғы уақытта серуендеу, спортпен шұғылдану, бөлмені тазарту, желдету, шаңдарды сүртіп отыру, дұрыс тамақтану, дәрумені көп тағамдарды пайдалану сияқты қарапайым сақтық шараларды ұстану арқылы көптеген жұқпалы аурулардың алдын алуға болатынын ескертті.

ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы Жетібай Ж.

Смотрите также:
Депутатские запросы