Қызылорданың өз «Силикон алқабы» бар

Технологияның қарқынды дамуы қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр. Заманауи технологиялар барлық саланы қамтып, күнделікті өмірдің өзінде маңызды орынға шықты әрі адамзатқа орасан зор мүмкіндіктер беріп отыр.

Соңғы жылдары технологиялық прогрестер таңқаларлық нәтижеге жетіп, бір ғана жасанды интеллектінің өзі бірнеше мамандықтарды құрдымға тастады. Ақпараттық технологиялардың көзілеспес жылдамдығына қарапайым адамдарда амалсыз көшке ілесуге мәжбүр.

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының өкілдері өңірлік ІТ хабтың жағдайын білмек болып «Qyzlorda ІТ Park-пен» танысып, жаңалықтарына куә болды. Өйткені ЖСДП ұстанымы заманауи салалардың елімізде дамуына мүдделі әрі қолдау білдіруге дайын.

Астана Хаб халықаралық технологиялық паркінің Сыр еліндегі өкілдігі болып саналатын Qyzlorda ІТ Park-і облыс орталығындағы 2 ЖОО, 6 колледж студенттерінің және 500-ге жуық мектеп оқушысының сүйікті орнына айналған. Мұнда келушілер инновациялық ІТ жобалар әзірлеу, стартап жобаларын дамытудан бастап, VR/AR технологиялары бойынша зертханалық тренажерлар мен контроллерлерде және бейне панельдерде 2D және 3D графикаларды дайындап, оны тестілеуден өткізе алады, сондай-ақ, IT саласындағы түрлі бағдарламаларды қамтыған курстарды оқи алады.

Қызылорда хабында стартаптарды дамытудың екі - акселерация және инкубация бағдарламасы бар. Ашылғалы бері 8 стартап, биылдыққа 2 стартап инкубация кезеңінен өтіп жатыр екен.

Бұдан бөлек Qyzylorda Hub технопаркі өңірдегі инновациялық жобаларды дамыту мен кадрлар даярлауда көптеген мамандарды оқытып әлемдік брендтік компанияларға жұмысқа тұруларына көмек беріп келеді. Биылдың өзінде 60-тан астам жас маманның жолын ашып, қанат қақтырған, ендігі меже 380 маманның білім-біліктіліктерін арттыруды көздеп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оқуынан бөлек жұмысына дейін қамтамасыз етуді мойындарына алған. Орталық инвесторлар мен менторларды біріктіріп, кәсіпкерлік саладағы білім арттыру, жобалардың прототипін жасау, инвестиция тарту, қаржылық есеп жүргізу және PR бағыты бойынша да жастарға таптырмас қолдау көрсетіпті.

Бүгінге дейін мектеп және колледж бітіруші түлектер арасында «Startup Talapker», «Idea Battle» байқауы және «Startup Joly» инкубациялық кезеңі ұйымдастырылса, стартап жобасын бастап, білім алғысы келетін азаматтарға онлайн білім беретін «Startup School», кодты пайдаланбай IT өнімді әзірлеудің жаңа дағдысын көрсететін «No Code» курстарымен қатар технологиялық кәсіпкерлік бойынша «Startup Academy» бағдарламасы іске қосылған. Әлемдік технологиялық, бизнес орталықтардың SEO мамандары да қызылордалық талапкерлерге тегін онлайн сабақтар өткізіп тұруы орталықтың үлкен жетістігі. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта қызылордалық жерлестеріміздің «Digital Nomads» - әлемдік ІТ мамандарының қатарын толықтырады деген сөз.

Алдағы уақытта «Smart city Hackathon», «Pecha Kucha Night», «Innofest Kyzylorda-2024» инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы іс-шаралар да ұйымдастырылмақ. Алдынғы жылдары өткізілген осындай іс-шараларға 139 резидент пен 7 600 жас өрен қамтылған.

Бір мысал, «Innofest» конкурсының жеңімпазы София Темірболат елімізде тұңғыш рет комикс форматында кітап шығарған. Айтуынша, конкурстан ұтып алған 500 мың теңге қаржысына виртуалды ортамен қауіпсіз байланыс дағдыларын дамытатын кітап жазып, 500 данамен шығарылған кітапты қала мектептеріне тегін таратқан.

  • «Cyber City» хикаялары атауындағы жаңа кітап, оқушыларға цифрлық қауіпсіздікті қызықты әрі қысқа комикс əңгімелер арқылы меңгертіп, олардың технологиялық жəне дүниетанымдық салалар бойынша білімін қалыптастырады. Комикс кітабы балаларды интернеттегі қауіпсіздік ережелерімен, жаңа терминдерден хабардар болуына, ақпараттық мəдениетті жетілдіруге көмектеседі. Басқа да бөлімдерін жазамын. Келешекте кітапты әрі қарай дамытатын боламын, - дейді София Темірболат.

Жас автордың кітабын гаджеттерге әуес альфа ұрпақ балаларға интернеттегі киберқауіпсіздік пен ақпараттық гигиенаны сақтауға мүмкіндік бермек. IT саласынан Қазақ елі де қалыс қалмауы қажет деген пікірді ұстанатын жастарымыз гаджет біткенді меңгеруге терең ден қойғаны көңілімізге қуаныш ұялатып отыр.

  • Президент жолдауында IT технологиясын дамытуды тапсырды. Біздің парк Қызылорданың хабы деп айтуға болады. Бұл бағытта біраз жұмыстар жасап жатырмыз. Сонын бірі - «Жас маман» жобасы. Жобаға 80-ге жуық баланы жұмысқа тарттық. Оларды алдымен осы жерде оқытып, үйретіп, мемлекеттік мекемелерге, мектептерге, университеттерге жұмысқа орналастырдық. Қызылорда облысын цифрландыру бағытында үлкен үміт ІТ паркке артылып отыр. Осы жерден көптеген технологиялық жобаларды шығару мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Біздің студенттер Tech Orda бағдарламасы бойынша Python әзірлеуші және әзірлеуші курстарынан сәтті өтті. Оқу барысында студенттер бағдарламалау саласындағы ең өзекті және сұранысқа ие технологияларды: бағдарламалау тілдерін, мәліметтер базасын, алгоритмдер мен деректер құрылымын, сондай-ақ веб-әзірлеуді игерді. Біз студенттеріміздің технология индустриясында табысқа жететініне сенеміз. Біз сондай-ақ, технология мамандарын іздейтін ірі компанияларға стартаптарға ұсынуға дайынбыз. Өйткені біздің түлектер кез келген компанияны құнды активке айналдырады, - дейді IT парк орталығының директоры Алмат Қуанышбаев.

Технократ болуға талаптанған жас көп. Тіпті сұраныс ұсыныстан асып түскен. Өйткені келушілердің ғимаратқа сыймай отырған жайы бар. Идеясы бар жастардың көп болғаны қуантады. Ендігі мәселе, Қызылорданың «Силикон алқабын» кеңейту. Осыған орай, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы жергілікті билікке ІТ орталықтың ауқымын кеңейтіп, ауыл-аймақтан осы салаға қызығушылығы зор, талапты жастарды жинап, білім-біліктілігін орталық арқылы арттырып, оқытуды және парк жанындағы Болашақ университетінен жатын орнын шешіп берсе, деген ұсыныс білдіреміз. Бұлай деуіміздің себебі, әлеуметтік, ақпараттық зерттеулерде, облыс оқушыларының 63 пайызы компьютерлік сабақтарға ден қоймайтыны, ал бағдарламашы мамандығына оқыған студенттердің 78 пайызы бағдарламалық код жасамағаны белгілі болған еді. Сондықтан мүмкіндікке орай, ІТ паркті өз алдына дербес ғимаратқа шығарса, ынталы жастар көбейіп, Илондар мен Стивтердің қарасын көбейтер еді. Сонда ІТ саласының ауқымы тек қала ғана емес, ауыл-аймақтағы талай таланттың да тұсауын шешілуіне сеп болары белгілі.

Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда облыстық филиал төрағасы