ЖАСТАРДЫҢ ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМІН ОЯТА АЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

Сан ғасырлар бойы Қазақстан тарихында патриотизм ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Қазақ халқының бойына елін-жерін сүю, қорғау, қызмет ету, ынтымақтастықты ту етіп ұстау, дәстүрге құрмет көрсету мәдениеті қалыптасты. Өсіп келе жатқан ұрпақтың да бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғастығын үзбеу маңызды. Осы орайда, ЖСДП Жетісу облыстық филиалы 3 мамыр күні Zhetysu University-нің әскери кафедрасында «Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Студенттермен өткен кездесуге қызметтік істі ұйымдастыру және әскери қызмет бөлімінің бастығы Нұрсұлу Мұсабаева, ЖСДП Жетісу облыстық филиалының мамандары Болат Жазылбеков пен Әйгерім Артомонова қатысты.

Іс-шара барысында жастарға патриоттық тәрбие беру, әскерге бару, Отан алдындағы борышын өтеу туралы сөз қозғалды.

Мәселен, 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда, әскерден қашқандарды заң басынан сипамайды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады. Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес кейінге қалдырылу туралы себептері болмаса 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.

«Әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға ­1000 АЕК (3 450 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе бас­ бостандығынан айырылады», ‒ дейді қызметтік істі ұйымдастыру және әскери қызмет бөлімінің бастығы Нұрсұлу Тұрсынғазықызы.

Біздің егемен еліміз, кең-байтақ жеріміз, көк байрағымыз, бай тіліміз бар. Жер бетінде ұлтарақтай жерге зар болып жүрген талай ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Сондықтан барымызды бағалап, жеріміз бен тілімізді қастерлеу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

ЖСДП Жетісу облыстық филиалы