ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ ІС

2022-жылдың 17-мамырында сот үкімімен «аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу» бабы бойынша Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев 10 жылға, құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Олар 2020-жылдың қыркүйегінде 185 миллион теңге пара алды деген айыппен ұсталған болатын.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 4,5 миллион теңге пара алған деген айыппен 2021-жылдың желтоқсанында ұсталып, 2022-жылдың 15-қарашасында сот үкімімен 7 жылға сотталды.

«Ет бұзылса тұз себесің, тұз бұзылса не себесің» дегендей, 2022 жылы Атырау облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері 21 млн теңге пара алғаны үшін істі болып, 7 жылға сотталды.

Соңғы жылдары Облыстық спорт басқармасы басшысы, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы, Атырау облысы жер ресурстарын басқару басқармасы басшысының орынбасары, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Махамбет аудандық сотының судьясы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аймақтық бөлімшесінің басшысы, Атырау қаласының бұрынғы әкімі, Атырау қалалық емхана директоры, Жылыой аудандық білім басқармасының басшысы, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары жемқорлықпен ұсталып, кейбір шенеуніктердің ісіне қатысты тергеу жұмыстары бүгінгі күні әлі де жалғасуда.

Әлемдегі барлық дерлік елдер мемлекетті күйреуге, халықты тентіреуге алып келетін залалы шексіз жемқорлықпен, оның сыбайласы саналатын парақорлықпен әртүрлі деңгейде күресіп келеді.

Өкінішке қарай, біздің Қазақстанда жемқорлықтың «желі» шарпымаған сала кемде-кем.
Парақорлықтың кесірінен балабақшалар, мектептер, ауруханалар басқа да әлеуметтік нысандар салынбай жатыр, салынғандары талапқа сай емес, сапасы сын көтермейді.

Мектептердің жетіспеушілігі болашақтың тамырына балта шабылғанмен тең. 2-3 ауысымда 30 минуттан оқитын оқушыдан қандай білім талап етеміз?! Білім саласындағы жемқорлықтан білімнің сапасы төмендеп, жоғары оқу орындарындағы парақорлықтан қай салада да білікті мамандар дайындау үлкен мәселеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердегі сатып алулар, тендерлер тіпті мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында да жемқорлыққа жол беріліп жатады. Қысқасы, қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің басым көпшілігі осы қолы таза емес жемқорлардың кесірінен туындайды.

Ел экономикасының өсуіне, өркениетті қоғамның дамуына тежеу болып, бәсекелестікке қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге кесірін тигізетін бұл өзекті мәселемен күресу үшін елiмiзде арнайы қабылданған Заңдар, Жарлықтар, бағдарламалар бар, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқарылуда. «Жемқорлыққа жол жоқ» деп ұрандатып, ауызымызды толтырып айқанымызбен, жемқорлық, парақорлық бабымен істі болған шенеуніктер саны азаяр емес. Бұл тұрғыда сыбайлас жемқорлықпен жауапталған шенеуніктердің жазасын ауырлату, сыбайлас жемқорлықты мемлекетке жасаған опасыздықпен, ал жемқорды халықтың жауымен теңестіргенде ғана оң нәтиже беретіні сөзсіз. Өзіне сеніп тапсырылған мемлекет қазынасын қызметін пайдаланып қасақана тонаған мемлекетке опасыздық емей немене?! Халықтың игілігіне жұмсауға арналған қаражатқа қол салған қызмет иесі халықтың жауы емей немене?! Жемқорлықпен күрестің тағы бір жолы–толықтай электронды, цифрлық жүйеге көшу. Бұл тұрғыда осыған дейінгі жасалған жұмыстар өз нәтижесін көрсетіп те үлгерді.

Жемқорлықтың түп-тамырына балта шабудың маңызды жолы – қоғамда жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыру бағытында бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу. Жемқорлықтың одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы бұл мәселеге тиімді түрде қарсы тұруға қоғамның барлық күш-жігерін біріктірген дұрыс. Ол үшін кез-келген адам санасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Байлықты басты құндылық санайтындардың түсінігіне төңкеріс жасап, азаматтарымыздың жүрегіне рухани құндылықтарды сіңіру қажет. Рухани бай адам, адал, намысы мен өресі биік болады, жемқорлықтай лас істерден жанын таза ұстайды, құлқын қара басының қамынан гөрі мемлекеттің мүддесін, ұрпақтың болашағы мен азаматтық абыройын алға қояды.

Осы тұста, ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмай, өскелең ұрпақ жемқорлықтан жиренуі үшін халық арасында ағарту, насихат жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Балабақшада тәрбиеленетін, мектепте білім алатын баланың бойына имандылық пен адамгершілікті, еліне, жеріне, ұлтына деген жанашырлық, патриоттық сезімді сіңіруіміз шарт. Жаны таза, ары ақ, елі мен жерін көркейтер нағыз азамат қалыптасуы үшін ұлттық рухты жас ұрпақ бойына дұрыс дарыту маңызды.

Жемқорлықпен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, бүкіл халық болып жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде күресуіміз парыз. Сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Жемқорлық әрекеттері азаматтық қоғамның қатаң бақылауын талап етеді, ал азаматтық қоғам әлсіз болса, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу оңай емес. Параны ешкiмге бермеу арқылы пара алмауды да жолға қоя аламыз. Бiз барша қоғам болып күрескенде ғана сыбайлас жемқорлық жойылады.

Сонымен қатар әр азамат тек өз жеке басының пайдасын ғана ойламай, туған елінің өркендеуін мақсат тұтып, өмір сүріп жатырған қоғамды жемқорлардан азат етуі үшін, сыбайлас жемқорлықпен күресуді азаматтық борышым деп білуі керек.

Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды марапаттау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде 2022-жылы Атырау облысының тұрғыны облыс әкімінің бұрынғы орынбасарының парасын әшкере еткені үшін 12 миллион теңге сыйақы алды. Бұл ақша–параның жалпы сомасының 10 пайызын құрайды.

Қоғамның көзқарасы мен түсінігін жемқорлыққа қарсы қалыптастырып қана нақты қадамдармен жемқорлықтың ұлғаюына тосқауыл бола аламыз. Әділетті Қазақстан құру үшін ертеңгі болашағы үшін алаңдайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны абзал.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы