ЖСДП депутаттары қате статистикалық деректер келтіргендерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынды

Шындыққа сәйкес келмейтін деректердің кесірінен Қазақстандағы шекті күнкөріс мөлшері дұрыс есептелмейді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) орталық аппаратында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының мониторингі таныстырылған қоғамдық тыңдау өтті. «Партия, өз алдына, халықтың өмір сүру деңгейі туралы ресми көрсеткіштердің шынайы көрініспен қаншалықты сәйкес келетінін тексеруді мақсат қылды. Үкімет жыл сайын ең аз жалақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдер мен айыппұлдарды есептеуге бағытталған басқа да көрсеткіштер бойынша деректер жариялайды. Нәтижесінде, біз Қазақстандағы ең аз жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді деген қорытындыға келдік», – деп атап өтті модератор, партияның орталық аппаратының басшысы Тазабек Самбетбай.

Халық әкімдердің әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағалары туралы қалай есеп беретінін көруі керек

ЖСДП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың айтуынша, бұл мәселені статистика органдары атынан мемлекеттің бізге беретін деректері неге «біздің шынайы өмірдегі сандардан алшақ» деген сұрақ аясында зерделеу қажет.
«Сыбайлас жемқорлық өз алдына, қате берген статистикалық деректер үшін де жауапкершілік енгізу керек деп ойлаймын. Қазір әрбір өңір белгілі бір индикаторларды көрсетуге ұмтылады, олардың бірі – осы өңір халқының өмір сүру деңгейінің индикаторы. Бұл деңгейді көтермелеу үшін әкімдіктер шынайы инфляцияны көрсетпейді», - дейді халық қалаулысы.

Ол 7 қазанда Астанадағы жәрмеңкеге қатысқанын айтты. Сонда байқауынша, сөреде бір баға көрсетілген, бірақ тексерушілер келген бойда сатушылар баға белгісін арзан бағаға ауыстыра қойған, ал тексеруші кетісімен қайтадан қымбат бағаны алып шыққан. «Алдымен осы көрсеткіштер мен индикаторлар үшін әкімдердің, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін енгізу қажет шығар. Өйткені біз қанша айтсақ та, олар өздеріне ыңғайлы көрсеткішті жазады. Сәйкесінше Үкімет өңірлерден жинайтын статистиканы есепке алады. Сондықтан өңірлердегі халық әкімдер есеп беретін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көріп отыруы үшін Egov арқылы ақпарат ашықтығын енгізуді ұсынамын. Бұл қоғамдық бақылау үшін керек», – деп нақтылады сөзін Ажар Сағандықова.

Сонымен қатар, әйелдер құқығын қорғау мәселесіне де бей-жай қарамаған жөн. «Тұтынушы себетін алып қарасақ, әйелдерге қажет заттар ескерілмеген, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің өзі есепке алынбаған. Өкінішке қарай, әйелдер жиі ауырады, өйткені біз босанамыз және күтімді қажет ететін балаларымыздың ауырып қалу жағдайы да жиі кездеседі, ал ешкім әйелдердің дәрі-дәрмекке, өзіне күтім жасауына және жеке гигиенаға кететін шығындарын ешқашан ескермейді, шын мәнінде, бұлар да күннен-күнге қымбаттап жатыр», – деп түсіндірді депутат.

Бәрі өмір сапасының стандарттарынан басталады

Партия төрағасы, депутат Асхат Рахымжанов партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған өмір сапасының қазақстандық стандарттарын әзірлеу қажеттігін атап өтті. «Адам қанша тамақ тұтынуы керек, ол үшін қанша қаражат кетеді, ол қандай пәтерде тұруы керек, балаларды қалай тәрбиелеуі тиіс, олар қандай мектепке барады, оның құқықтары қалай қорғалуы керек, қандай медициналық көмекке құқығы бар. Осыған байланысты әлемдік деңгейде мойындалған дамудың белгілі бір моделін негізге алып, өз моделімізді жасап шыққан жөн. Барлық басқа заңдар соған сәйкес келуі керек, өйткені Конституцияның басты құндылығы – адам және оның өмірі. Сонау Ежелгі Грецияда қабылданған мына тезиске сүйенгеніміз жөн: «Адам – барлық нәрсенің өлшемі», – деп сөзін қорытындылады Асхат Рахымжанов.

Заңгер, адвокат Әлия Елкенова өмір сапасының стандартында және тұтыну себетін есептеу кезінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін ескеру керектігіне назар аударды, өйткені бұл – адамның негізгі қажеттілігі.

«Бізде ең аз жалақы бюджетін есептеу кезінде де, ең төменгі күнкөріс деңгейін қарастыру кезінде де тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген адамдар көп деген мәселе ешқашан көтерілмейді», – деді заңгер. Сонымен қатар, көптеген қазақстандықтың жеке баспанасы жоқ және пәтер жалдау үшін қыруар қаражат жұмсайды. «Жаңалықтардан балалары бар адамдардың адам тұрғысыз жеркепеде, уақытша үйлерде қалай өмір сүретіні туралы сюжеттер тұрақты түрде көрсетіледі», – деп нақтылады Әлия Елкенова.

Қазақстандағы ең аз жалақы 210 мың теңге болуы тиіс

ЖСДП Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Виктор Калгин партияның барлық өңірлік филиалы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізіп жатқан жүйесін таныстырды. Ол 2023 жылы ең аз жалақы мөлшері 70 мың теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі (базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуге арналған) 40 567 теңге екенін еске салды. 2024 жылға арналған бюджет жобасында бұл көрсеткіштер 85 мың теңге және 43 407 теңге деп жазылған.

Қазақстанда азық-түлік тізімі 64 позициямен шектелген. Оған ұн, нан өнімдері, жарма, макарон өнімдері, көкөністер мен жемістердің кейбір түрлері, ет, сүт өнімдері, шай, кондитерлік өнімдер, жұмыртқа және т. б. кіреді. Салыстырмалы түрде қарасақ, АҚШ-тағы тұтыну себеті 300 өнім мен қызмет түрлерінен тұрады, Францияда – 250, Ұлыбританияда – 699, Германияда – 475.

«Әр елге сай, ең аз тұтыну себетіне үйге пиццаға тапсырыс беру, солярийге, фитнес-орталыққа бару, қоғамдық көлікпен жүру немесе шаштаразға бару, интернет қызметтеріне ақы төлеу кіруі мүмкін. Францияда күнкөріс деңгейі, тіпті, үнемі шарап тұтыну, мейрамханаларға бару және гүлдердің әртүрін сатып алу қажеттіліктерін ескереді», – деді Виктор Калгин.

ЖСДП партиясы азық-түлік сатып алуға кететін ай сайынғы шығындардың жылдық нормасына мониторинг жүргізе отырып, көңіл көншітпейтін көрініске тап болды. «Әрбір өңірге байланысты бағалар әртүрлі болатыны түсінікті, бірақ 2023 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Орал қаласында тек азық-түлікке 75 мың теңге кетеді, ал Астанада одан көбірек – 88 805 теңге ғана жұмсалады. Яғни, 2024 жылғы ең аз жалақы мөлшері тіпті тамақ сатып алу үшін де жетпейді. Орташа алғанда, еліміз бойынша жасалған соңғы үш айдағы мониторинг нәтижесіне сүйенсек, тамаққа кететін айлық шығыны 58 810 теңгені құрады. Көріп отырғанымыздай, орташа көрсеткіштің өзі ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне сай емес, ал Астанада тіпті келесі жылдың ең аз жалақысына да сәйкес келмейді», – деп атап өтті партияның ШҚО-дағы филиалының басшысы.

Орташа өмір сүретін бір адам бүкіл табысының 55 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Салыстырып қарасақ, АҚШ-та азық-түлік шығындарының үлесі небәрі 6,7%. Ал Еуропа елдерінің көпшілігінде бұл көрсеткіш 9-дан 19%-ға дейін. Тіпті Африканың кейбір елдерінде тұрғындардың азық-түлік шығыны қазақстандықтарға қарағанда аз. Мысалы, Угандада 44,2%, Камерунда 45,2%, Эфиопияда 41,3%. «Егер орташа қазақстандық табысының 55%-ын тамаққа жұмсайды деп есептесек, одан қалған 45%-ы біздің өмірлік басқа шығындарымызға жұмсалады. Қарапайым математикалық есептеуге жүгінсек, азық-түлік пен басқа да шығындарға 106 927 теңге жұмсалады. Қазақстанда ең төмен күнкөріс деңгейі шамамен сонша болуы тиіс. Тиісінше, Қазақстандағы ең аз жалақы шамамен 200-210 мың теңге болуы тиіс», – деп Виктор Калгин талдаудың қорытындысымен бөлісті.

Бағаны сауатты белгілеу арқылы нарықтағы бағаны ретке келтіру керек Заңгер Әлия Елкенова мәселені бұлай шешумен келіспеді. Оның айтуынша, ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе ең аз жалақыны ұлғайту арқылы ғана мәселені шешу мүмкін емес.

«Мұнда «баға» сөзіне мәән беру керек. Ең алдымен, бағаны реттеу бойынша жұмыс істейтін тетіктерді айқындау қажет, бағаны едәуір қымбаттатқаны үшін жауапкершілік болсын десек, ықпал ету тетіктерін енгізу мағызды», – деді ол.

Әлия Елкенова бүгінде елімізде негізгі себетке кіретін негізгі өнімдердің бағасы ғана реттелетінін атап өтті. Бірақ мәселені тереңірек қарау керек. «Бізде мемлекет ауыл шаруашылығына субсидия береді, ауыл шаруашылығы бұл субсидияны пайдаланады, алайда бұл бағаға ешбір әсер етпейді. Баға бұған дейін де қалай өсті, әлі солай өсіп жатыр. Себебі оны реттейтін тетік пысықталмаған», – дейді заңгер. Партияның елордалық филиалының талдаушысы Қанат Есжанов Еуропа елдерінде отбасылардың қажеттіліктері қалай зерттелетінін айтып берді.

«20 мың адамға журнал таратылады, адамдар онда тек азық-түлік өнімдерін ғана емес, киноға бару, балабақша шығындары сияқты күнделікті шығындарын да қосады. Бұл журнал жыл бойы жүргізіледі, олардың бұл жұмысы үшін белгілі бір сома төленеді. Жылдың соңында бұл журналдарды жинап алады, сосын адамның физиологиялық қажеттіліктерін емес, нақты қажеттіліктерін талдайды. Менің ойымша, біздің мемлекет сияқты сандарды «төбеден» ала салмай, біз де солай нақты шығындарды анықтауымыз керек», - деді ол. ЖСДП қазақстандықтардың нақты қажеттіліктерін зерделеуге арналған жобаны іске қосуды қолдайды.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы