ЖСДП депутаттарының арқасында Қ.Сәтбаев каналын жөндеуге қол жеткізілді

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары еліміз үшін аса маңызды су артериясы болып саналатын Қаныш Сәтбаев атындағы каналда жөндеу жұмыстарының басталуына түрткі болды.

«Біздің партия депутаттары мәжіліске келген бірінші күннен бастап Сәтбаев каналын жөндеу мәселесін көтере бастадық. Менің бірінші сапарым осы учаскеге барудан басталды. Осылайша каналдың қазіргі жағдайымен танысқан соң жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап еттік. Қазіргі таңда су арнасының жол картасы әзірленді. Біз ары қарай да талап қоя береміз. Себебі бұл стратегиялық маңызға ие нысан. Қазір бюджетте аздап олқылықтардың болып жатқаны рас. Бірақ жөндеу жұмыстарына қосымша қаражат талап етіп жатырмыз», – дейді ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова.

Жол картасына сәйкес, реконструкция жасауға қазынадан 83,4 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Алайда бюджет тапшылығында проблемалар туындауына байланысты бүгін Ажат Сағандықова Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғи ресурстарды басқару комитетінің отырысында қосымша қаржыландыру мәселесін тағы да көтерді. Отырыста республикалық бюджеттің жобасы қаралып, қажетті қаржы мәселесі сөз болды. Сонымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттер туралы заң жобасы талқыланды.

«Қаржыландыру мәселесін осы бастан шешіп алмасақ келер жылы арна бойындағы сорғы стансалары тоқтап қалады. Сәтбаев каналы арқылы су жіберу тоқтатылса еліміздің үштен бірінен астамы судан айырылып қалуы мүмкін. Ал жөндей жұмыстары түбегейлі жүргізілмесе ГРЭС-1 мен ГРЭС-2 судан тапшылық көріп қалу қаупі бар. Мұндай жағдайда елімізде электр қуатының жетіспеушілігі үлкен мәселеге айналады. Бұл ГРЭС-тер Қазақстандағы электр энергиясының негізгі көзі болып отырғанын баршамыз білеміз», - деп түйіндеді сөзін ЖСДП депутаты.

Қаныш Сәтбаев атындағы каналы (Ертіс-Қарағанды каналы), Павлодар және Қарағанды облыстары жерімен өтеді. Канал құрылысы 1962 жылы басталып, 1974 жылы іске қосылған болатын. Арнаның жалпы ұзындығы 458 шақырым. Оның 272 шақырымы Павлодар облысы, 186 км-і Қарағанды облысы жеріне енгізілген. Бүгінде осы бір ірі құрылыстың тозығы жетіп, жағдайы сын көтермей тұрғанын ЖСДП фракциясының депудаттары үнемі көтеруінің нәтижесінде маңызды құрылысқа жөндеу жұмыстары жүргізіле бастады.

ЖСДП баспасөз қызметі