ЖСДП депутаты, радиациялық қалдықтардың әлі де сақталып тұрғанына алаңдаулы

Маңғыстау облысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің «Маңғыстау облысының экологиялық, энергетикалық проблемалары мен сумен жабдықтау мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыбында алғаш рет көшпелі отырысы өтті.

Жиынға депутаттардан бөлек облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, қала және аудан әкімдері, барлық деңгейдегі жергілікті мәслихат төрағалары мен өңірдегі ірі өндіріс мекемелерінің басшылары қатысты.

Отырыс барысында ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталып, бірнеше сауалды тиісті уәкілетті орындардың басшыларына қарата қойды. Халық қалаулысы өз сөзінде, Маңғыстауға келген бірнеше күнде маңызы ерекше бірнеше нысандарды аралай жүріп біршама мәселенің барына көз жеткіздік дей келе алғашқы сауалын Маңғыстау облысының әкіміне жолдады.

«Біз МАЭК-ке барған кезде БН-350 нысанын аралай жүріп МАЭК аумағында радиациялық қалдықтардың әлі де сақталып тұрғанын көрдік. Бұл контейнерлердің қызмет ету мерзімі аяқталып жатқанын білеміз. Кез келген уақытта баллондар құлап, не тесіліп сыртқа төгілуі мүмкін. Сосын қоршаған ортаға радиоактивті қалдықтар тарайды. Осы қалдықтарды жою үшін не оны кәдеге жарату үшін, қандай жұмыстар істеп жатырсыз? Неге олар әлі күнге дейін MAЭK-те сақталып тұр?»,-деп нақты сауалды ортаға тастады.

Өз кезегінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары- Құлжанов Қанат Жаңбырұлы мәселенің өзекті екенін айта келе қалдықтарды экология саласының мамандары мен және ғалымдарымен бірге сараптап қайта тексерілетіндігін айтты. Содан соң жергілікті әкімшіліктің араласуымен және Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп жоюдың не қайта өңдеудің жолдары қарастырылмақ екен.

Ал Ажар Бақытқызы келесіде Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игеруде жер бетінде мұнайдың төгілуін және қатып қалған мазут бөліктерінн тазартуға байланысты нақты жауапты талап еткен болатын. Бұл сұраққа жауап берген Маңғыстау облысының Қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Сұлтанбаев Саялы, қалдықтар осы жылдың соңына дейін түгел тазартылатындығына сендірді. «Қазіргі таңда жер бетіне төгілген мұнай қалдықтарын тазалау өңдеу бойынша үш бірдей мердігер жұмылдырылған. Жобамен 400 мың тонна қалдықтың көзі жойылады. Осы жылдың соңына дейін жұмыс түгел аяқталатын болады»,-деді департамент директоры.

Көшпелі отырыс барысында өзге де депутаттар тарапынан жасалған ұсыныстар қатарына ЖСДП фракциясының депутаты Ажар Сағандықова да өз ұсынысын қосып, жергілікті атқарушы орындарға жолдады. Өз сөзінде Сағандықова «Менің тарапымнан болатын ұсыныстарыма қосымша облыстың табиғатты қорғау қызметін күшейту, осыған байланысты зертханадарды жаңартуға қаражат бөлу, штатты ұлғайту, сондай-ақ арнайы кеме сатып алу мәселесін дереу қарауды сұраймын. Бұл Каспий теңiзiнiң белгiленген учаскелерiне экологиялық мониторинг жүргізуге және әр түрлi төтенше жағдайлар кезінде жедел қозғалуға мүмкіндік береді»,- деді.