Адам өмірінен қымбат құндылық жоқ; Депутаттық сауал

Құрметті әріптестер! Депутаттық сауал Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярға жолданады.

«Адам өмірінен қымбат құндылық жоқ». Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, елімізде жол-көлік оқиғаларының жылдан-жылға артуы қоғамды алаңдатып отырған аса өзекті мәселелердің бірі екенін айтқым келеді.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде жол-көлік оқиғаларының жиілеп кеткені барша жұртты алаңдатып отыр. Соның салдарынан бүтіндей бір отбасының қара жамылып қалған жағдайларынада куә болып жүрміз. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылы елімізде 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған оқиғалардың кесірінен 2,3 мың нан астам азамат қаза тапса, 49,2 мыңы жарақат алған. Салдарынан жүзден астам адам мүгедектер арбасына таңылып қалды. Олардың көпшілігі бүгінгі күні өздігінен өмір сүру қабілетінен айырылып, өзгенің көмегіне мұқтаж күйде қалып отыр. Бұл қатарда ел болашағы саналатын балалар мен жастардың да бар екені бізді ерекше алаңдатады. Әсіресе қайғылы жағдайға әкеліп соғатын жол апаттарының басым бөлігі қалааралық автомобиль жолдарында орын алатынын атап өткен жөн деп ойлаймын. Статистикалық деректерді саралау кезінді соңғы он жылда еліміздегі жол-көлік оқиғаларының саны тұрақты түрде өсіп отырғанын көріп көңіліміз шайлықты. Бұл қашанға дейін жалғаспақ? Бейбіт күнде азаматтарымыздан айырылып, қашанғы қайғы жұтып отыра береміз? Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еліміздегі жол-көлік оқиғаларын нөлдік деңгейге дейін төмендетіп, адам өмірін сақтауға бағытталған нақты әрі жүйелі шараларды қабылдайтын уақыт жетті деп есептейді. Бұл мәселеге мемлекет, қоғам және әрбір азамат бел шеше отырып ат салыспаса, жағдайдың оңалуы екіталай. Қазіргі уақытта қоғам талқысына ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасының 1-бабының 1-тармағында «Адам ең жоғары құндылық»,- деп нақты көрсетілген. Ендеше ең басты құндылық саналатын азаматтардың өмірін қорғау, әсіресе жол үстінде төнетін қауіптің алдын алу мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болуы тиіс. Осы тұрғыда ең алдымен балаларға жол қозғалысы ережелерін міндетті түрде меңгертіп, оларға «аман қалуды» емес, саналы әрі қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруымыз қажет. Жолдағы қауіп пен өлім-жітім — тұрмыстық деңгейдегі мәселе емес. Бұл — халықаралық тәжірибеге, ғылыми тәсілдерге және азаматтардың өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыратын жүйелі мемлекеттік саясатты талап ететін күрделі проблема. Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төмендегі ұсынады:

  1. Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептерінде оқушылар үшін «Авто ісі және жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты факультативтік курсты жаппай енгізу;

  2. Түрлі цифрлық қосымшалар арқылы қалааралық такси қызметін көрсететін тұлғаларды анықтап, оларға тасымалдаушы лицензиясын беру, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге, еңбек және демалыс режимін сақтауды бақылау, қажет болса жолаушыларды да тиісті деңгейде сақтандыруды цифрлық агрегаторлар арқылы жүзеге асыру;

  3. Жүргізуші куәлігін беру мақсатында қызмет көрсететін білім беру орталықтарының жұмысын күшейтілген тәртіпте қадағалап, олардың жол қозғалысы ережелерін оқыту барысында қоғамдық өмір үшін аса маңызды жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруына басымдық беру. Біздің мақсатымыз қағаз жүзіндегі есептер емес, адам өмірін нақты сақтау. Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаттары

Сайлаубай Н.С. Рахымжанов А.Н. Ауесбаев Н.С. Сағандықова А.Б.