Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақадыр кенті маңына 1100 түп тал көшеті егілді.
Қазақта «Атадан мал қалмасын, тал қалсын» деген ұлағатты сөз бар. Осы бір ұлық сөзді ту еткен ЖСДП белсенділері, партия басшылығы және депутаттары өткен сенбіде Қарағанды облысы Шет ауданының Ақадыр кентінде үлкен бастамашыл іске мұрындық болды.
Астанадан 450 шақырым қашықтықта жатқан Ақадырға барып, тал көшеттерін егу — жай науқаншыл шаруа емес. Себебі партияластар мен үзеңгілестер мұндай игілікті істің барша қазақ даласында қолға алынуын мақсат етіп отыр.
«Бұл жай ғана науқан емес, бұл — елді сүюдің, жерді қастерлеудің үлгісі. Келешекте қазақ даласын орман мен жасыл желекті өлкеге айналдыруды баршамыз бүгіннен бастап қолға алуымыз қажет. Сондықтан біз болашақ ұрпаққа игі істің бастамасын көрсетіп, оларға үлгі-өнеге ретінде бүгінгідей жақсы жолды насихаттауымыз керек. Әрине, саясат пен мемлекеттік істің жөні бір басқа, ал мұндай игілікті шаруаның жөні бір басқа. Себебі келешекте біз еккен осы мың түп жас шыбық үлкен жасыл желекке айналуы тиіс. Мұны жергілікті халық та, әкімдер де, белсенділер де жай қалдырмай, жалғастыруы қажет. Біз де мұнымен шектелмей, алдағы күндері бұл істі жалғастырамыз деген ойдамын. Әрине, біздің бастамаға үн қосқан Ақадыр халқына және аудан әкімшілігіне зор алғыс білдіремін. Жалпы менің түсінігімде әр адам жылына кем дегенде 10–15 көшет егуі керек», — деді ЖСДП фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев жиналғандар алдында.
Республика күні қарсаңында қолға алынып отырған игі бастаманың мәні мен маңызы ерекше екенін айтқан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Мақсұт Насибулов Ақадыр кентін таңдаудың өзіндік символикалық ерекшелігі бар екенін тілге тиек етті.
«Шет ауданын таңдауымыздың ерекшелігі сол — бұл өлке елдің орталығында болғанымен, атауы Шет. Ал Ақадырды қазақ киелі жер деп қастерлейді. Біз, әрине, осы мыңнан астам тал көшетін Астананың маңайына отырғыза салуымызға болар еді, бірақ олай етпедік. Арнайы шет өлкелерге, шалғай өңірлерге барып, көшет егу бастамасын қолға алып отырмыз. Ең өкініштісі — бүгінде мұндай шаруалар көбіне орталықтарда немесе қала саябақтарында ұйымдастырылып, ағаш отырғызу дәстүрлі науқанға айналып кетті. Қалалар онсыз да ағашсыз қалмайды, оған арнайы шаруашылықтар жауап беретіні белгілі. Ал бәрін қалаға жасай берсең, шалғайдағы ауылдарымыз бен даламыз не болмақ? Оны кім ойлайды — міне, бұл үлкен сұрақ. Сондықтан біз жүздеген шақырымды артқа тастап, өз үзеңгілестерімізбен бірге Ақадырға келдік», — деді Мақсұт Насибулов.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт — биыл Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының құрылғанына 19 жыл. Келер жылы 20 жыл болмақ. Аталмыш шара осы 19 жылдыққа және Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясына үн қосу мақсатында жүзеге асып жатыр, — дейді Орталық аппарат басшысы.
Республика күнімен тұспа-тұс келіп отырған шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Шет ауданы мен Ақадыр кентінің әкімшілігіне және жергілікті белсенді азаматтарға партия атынан алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, көшет егуге келген қалың көпшіліктің көңілін сергітті.
«Арнайы әкелінген көшеттерді қос жолақты етіп отырғызу жергілікті әкімшіліктің шешімі мен өңір экологтарының ұсынысы негізінде жүзеге асты», — деді Ақадыр кентінің әкімі Мерей Қойшыбаев.
«Біз сіздердің бастамаларыңызды қуана қабыл алдық. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Табысбайұлы бізге хабарласқанда, шыны керек, қуанып қалдық. Себебі халық қалаулылары — депутаттардың өздері келіп бастамашылық жасауы біз үшін де, жастар мен балалар үшін де үлкен үлгі. Бұл шынымен де ірі бастама. Осы іс әрі қарай жалғасын таба бермек. Барлық бастамашыл топқа алғысымызды айтамыз», — деді өңір тұрғындары мен жергілікті белсенділер атынан сөз алған әкім Мерей Қойшыбаев.
«Экологиялық акция болғандықтан, мен де бұл істің басы-қасында болуды дұрыс деп таптым. Себебі мен — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесімін. Еліміздің экологиясын жақсарту — бұл біздің және келешек ұрпақтың алдында тұрған үлкен міндет. Сондықтан Қарағандының шалғайындағы ауданға келіп, Президенттің бастамасымен қолға алынып отырған акцияға құлшына қолдау көрсетуді, оған қатысуды өзімнің парызым деп санаймын», — деді депутат Ажар Сағандықова.
Шынымен де, Ақадыр кентінің күншығыс тұсына егілген көшеттердің экологияға оң әсерін тигізуі үшін мұндағы ағаштар саны 1100 көшетпен ғана шектеліп қалмауы керек. Өйткені таңдалған алқаптың жер бедері эрозияға ұшырағаны анық байқалады. Аяқ басқан жерден шаң көтеріліп, бұрқыраған топырақ сәл шыққан желмен ұшып кетуге бейім. Сонымен қатар, мұнда шөптің бітік шығуы да екіталай.
«Бүгін барша ұжыммен, қолдаушыларымызбен бірге тал көшеттерін егіп жатырмыз. Білуімше, біз егіп жатқан қара тал — кез келген қатал жағдайға төзімді өсімдік. Алдымен осы қара талды дұрыс өсіріп, баптап күтсек, кейін басқа да мәдени өсімдіктер мен тал-теректерді өсіруге болады деп ойлаймын. Мұндай шаруалар міндетті түрде жалғасын таба беруі керек»,— деді ЖСДП фракциясының мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наурыз Сайлаубай.
Шынымен де даланы орманға айналдыру тәжірибесі біздің елде бар. Осыдан жиырма дай жыл бұрын Астананың жан-жағы да дәл осындай қиын жағдайда, бұрқылдақ топырақ болған. Бүгінде сол шаңды дала жасыл алқапқа, орман-тоғайға айналып отыр. Сондықтан істің нәтижелі болуы үшін бап пен күтім қажет. Ал «Таза Қазақстан» акциясын тек маңайды таза ұстау деп түсінбеу керек. Бұл акция осындай бастамаларға да серпін беруі тиіс.
Ал қала мен арнайы дайындалған жайлы орынға ғана барып көшет отырғызу айтарлықтай жеміс бермейтіні анық. Сондықтан Мақсұт Насибулов айтқандай, шалғай өңірлерге барып, аз да болса іске бастамашы болу — үлкен шаруаға серпін берумен тең. Осыны көздеген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері мұндай игілікті бастаманы өзге де партиялар мен ұжымдар қолға алса екен деген тілек білдірді.
ЖСДП Бердібек Қабай