Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Абай облыстық филиалы қарттар мәселесін әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі деп танып, егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдарға кірісті. Партия өкілдері облыстағы қарттар үйі мен әлеуметтік қолдау орталықтарын аралап, ондағы жағдаймен жақын танысып, тұрғындар мен қызметкерлер көтерген мәселелерді тыңдады.
Шара барысында партия өкілдері қарттардың күнделікті қажеттіліктерінің қамтамасыз етілу деңгейін, медициналық көмекке қолжетімділігін, тұрмыстық жағдайын және бос уақытты ұйымдастыру мүмкіндіктерін бағалады. Әңгіме барысында егде жастағы азаматтар зейнетақының жеткіліксіздігі, денсаулық сақтау қызметінің сапасы, оңалту шараларының аздығы және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларының жетіспеушілігі сияқты түйткілді мәселелердің бар екеніне көз жеткізді. ЖСДП белсенділері, тек танысу мақсатында емес, нақты шешім қабылдау мақсатында қадам жасамақ. Партия өкілдерінің қарттармен жүзбе-жүз кездесу арқылы қариялардың көкейінде жүрген мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік алып отырғанын баса айтуға болады. Тұрғындардың өз аузынан естіген ұсыныстар мен талаптар алдағы уақытта партияның әлеуметтік бастамаларына негіз ретінде енгізілмек. Партия өкілдері қарттарды қолдау бағытындағы жұмыстың жүйелі және ұзақ мерзімді болу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл ретте ЖСДП әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, медицина мен оңалту қызметтерінің сапасын арттыру, зейнеткерлік жастағы азаматтарды қоғам өміріне белсенді қатыстыруға арналған жаңа бағдарламаларды әзірлеу қажеттілігін айқындады. ЖСДП-ның бастамалары қарттарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту ғана емес, олардың қоғамдағы орнын күшейтуге де бағытталған. Партия өкілдері «қарттар – мемлекеттің тарихы мен тірегі» екенін жастарға ұғындыра отырып, оларға құрмет пен қамқорлықты жасауды ешқашан тоқтатпау керектігін жеткізді. Партия белсенділері орталықтарды аралау жұмысын тұрақты түрде жалғастырып, қарттар мәселесін шешуді әлеуметтік саясаттың басты басымдығы ретінде ұстануда.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы Хозаев К.Н.