ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың баспаналарын сату кезінде олардың құқықтарын қорғау және артық бюрократия

Депутаттық сауал, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ж.Д. Сүлейменоваға жолданады.

Құрметті Жұлдыз Досбергенқызы!

Біздің депутаттық сауалымыз «Жетім көрсең, жебей жүр», - демекші тағдыр тәлкегімен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселесіне қатысты болып отыр. Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңның 14-1-бабында көрсетілгендей, балалардың меншігінде тұрғын үй мен өзге мүлік бар болса, оны сату немесе басқа да мәміле жасау тек қамқоршылар мен қорғаншылық жасайтын органдарының алдын ала рұқсатымен ғана жүзеге асырылатыны белгілі. Ең бастасы баланың құқықтарын толық қорғау міндеті бар. Осыған сай, сатудан түскен қаражат немесе сатып алынатын жаңа баспана мен мүлік толықтай баланың атына рәсімделуі тиіс. Алайда бізде бұл талап толықтай сақталмайтыны тәжірибеде жиі кездеседі. Мәселе, артық бюрократиялық кедергілер мен істің формалды түрде жүргізілуінде болып отыр. Қазіргі қолданыстағы заңнамада мұндай мәмілелерді рәсімдеу тәртібі нақты көрсетілмеген, сондай-ақ рәсімделуі тиіс құжаттардың нақты тізбесі де белгіленбеген екен. Осының салдарынан жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығына негізделген «Отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтер көрсету» қағидаларына сүйеніп, іс жүргізуге мәжбүр. Бұл баланың болашағы үшін үлкен тәуекел болып отыр.

Келесі мәселе, Egov порталында кәмелетке толмағандардың мүлкіне қатысты мәмілелерге анықтама беру үш жұмыс күні ішінде онлайн түрде рәсімделетіні көрсетілген. Қажетті құжаттар тізімінде, соның ішінде, 10 жасқа толған баланың келісімі мен пікірін электронды көшірме негізінде ұсыну талап етіледі. Алайда бұл пікірдің қалай рәсімделуі керектігі ашық дереккөздерде нақты айтылмаған.

Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, құжаттар тексерілгеннен кейін 4 жұмыс күні ішінде қызмет көрсетуші орган баламен әңгімелесу өткізіп, оның пікірін рәсімдейді. Әңгімелесу ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Егер бала шетелде не тұрғылықты жерінде болмаса, әңгімелесу ғаламтор жүйесіндегі мессенджерлер арқылы өткізіледі. Қазіргі цифрлық технологиялар дамыған заманда бұл тәсіл өрескел қателік, тіпті қауіпті екені айтпаса да түсінікті болар.

Тіпті мүлікке байланысты мәміле заң талаптары негізінде жасалды деген күннің өзінде, сатып алудан кейін мүліктік әрекет пен сатудан түскен қаражаттың мақсатты пайдаланылуы мүлде бақылауға алынбай, сол күйі қадағалаусыз кететіні бізді қатты қынжылтып отыр. Соның салдарынан кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалмай, жетім жебеусіз қалып жатқан жағдайларды азаматтардың шағымдары мен әлеуметтік желілерден жиі көріп жүрміз. Бұл енді біздің Заңымыздағы олқылықтар екенін мойындау керек. Дегенмен арнаулы министрлік мәселеге мән беріп, арнайы жұмыс жүргізгені абзал болмақ.

Осы тұста тағы бір күрделі жағдай төңірегінде айта кеткенді жөн санап отырмын. Қамқоршылық органдары екінші ата-ананың немесе қамқоршының наркологиялық не психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын, жұмысының немесе жеке баспанасының бар-жоғын толық түрде заң талаптары негізінде тексермейді. Сондай-ақ, көршілерден, мектептен немесе өзге де құзырлы органдардан отбасының әлеуметтік және психологиялық ахуалы туралы мәліметтер жинамайды. Жинаса да бұл іске үстіртін қарауды әдетке айналған. Тіпті қамқорлыққа алушы тұлғаның басындағы жылжымайтын мүліктің иеліктен шығарылу-шығарылмауына байланысты да толыққанды ереже не бақылау жоқ. Осы айтылғандарға байланысты біз төмендегіні ұсынамыз:

1- Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге бақылауды күшейтуді;

2- Анықтамалар алу процесіндегі артық бюрократиялық кедергілерді азайтуды және оларды рәсімдеудің нақты қадамдық нұсқаулығын ашық қолжетімді етуді;

3- Жылжымайтын мүлікті сатып алу мен сатудан түскен қаражаттың бақылауда болуы мен баланың тұрғын үймен міндетті түрде қамтамасыз етілуіне бағытталуын бақылау тетіктерін әзірлеуді талап етеміз.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары:

А.Н. Рақымжанов

Н.С. Әуесбаев

А.Б. Сағандықова

Н.С. Сайлаубай