
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына келген азаматтар, үнемі көпқабатты үйлерде жасалынған күрделі жөндеудің сапасыздығына шағымдады.
Осыған байланысты облыстық филиалда «Терможаңғыру: жетістіктер мен қателіктер» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйлердің тұрғындарымен филиал 2023 жылдан бері тұрақты байланысып келеді. Тұрғындармен бірлікте мәселені үнемі зерделеудің нәтижесінде біршама олқылық анықталған болатын.
Орын алған қателіктер мен атқарылған жұмыстар назарға алынып, жоспарлы шаруаны талқылау мақсатында жиынға Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің (ЖКХ) бас маманы Э. Қариполлаев, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің (КОЖДГ ЖШС) құқық бөлімінің басшысы А. Абдрахман, мердігерлер, авторлық және техникалық бақылау мекемелерінің өкілдері, көппәтерлі үй тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысқан «Терможаңғыру: жетістіктер мен қателіктер» тақырыбына сараптамалық кездесуде көп дүниенің басы қайырылды.
Кездесуді жүргізген филиал төрағасы Нұрайнаш Балтабайқызы аталған мәселеге қатысты зерделеу жұмыстарының қорытындысына тоқталып, күрделі жөндеу жасалған көппәтерлі үйдің тұрғындарының ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың мемлекеттік бағдарламаларға сенімсіздік танытып, өз реніштерін білдіруі, мемлекеттің тұрғынүй саясатына деген теріс пікірдің қалыптастыратындығын атап өтті. Бағдарламалардың сапалы орындалуының маңыздылығы ел үшін де, қала үшін де, мемлекет үшін де маңызды екенін баса айтты. Партия филиалы екі жыл уақыттың ішінде жергілікті атқарушы органдарға, мемлекеттік мекемелерге «термомодернизацияға» қатысты 60 хат жолдап, тұрғындардың шағымы негізінде Атырау қалалық ЖКХ, КОЖДГ ЖШС, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ҚР Мәжілісінің депутаттарымен бірге тұрғындардың аулаларына да барды. Мұндай 12 реткі кездесу барысында да талай олқылық анықталған. Тіпті, ЖСДП Атырау облыстық филиалының өкілдері тұрғындардың өтінішімен Астанаға арнайы барып, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жауапты өкілдерімен кездескен болатын. Нәтижесінде күрделі жөндеудің көлемі ұлғайтылған.
Үнемі қадағалаудың нәтижесінде өткен 2024 жылы жасалынған күрделі жөндеу кезінде олқылықтар саны азайып, сапалы жұмыс жүргізілген. Бұл ЖСДП Атырау облыстық филиалының жемісті жұмысының нәтижесі,- деді жиынға келген тұрғындар.
Атырау қаласының көппәтерлі үй тұрғыны С.Әділбаеваның айтуынша, ақау туралы ведомості, пәтер иелері кооперативі өкілдері тұрғындардың келісімінсіз жасаған екен. Өздері тұрып жатқан көпқабатты үйдегі көзге көрінетін ақауларды емес жөндеушілер мүлде басқа жұмыстар жүргізген. Енді пәтер иелері, анықтаған олқылықтардың қашан ретке келетінін білмей отыр. Ал мұндай келеңсіздіктің біріне байланысты Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің өкілі Э. Қариполлаев, былай деді. «Біз көпқабатты пәтерлердің кіреберісінде жүйесіз жүргізілген кабель желілеріне байланысты тиесілі мекемеге алдын-ала хат жазып, желілереді жинақтап, ретке келтіру туралы тапсырма бердік. Алдағы жағын күндері олқылық ретке келетін болады»,-деді.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрайнаш Камалова өз сөзінде мемлекеттік бағдарламамен көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жасауға жауапты лауазым иелері жөндеу жұмыстарына қатысты ақау ведомостін, шығындар сметасы, жалпы жиналыс хаттамасы, үш жақты келісім-шарт, келісім (намерения) хаттамасы басқа да құжаттардың барлығымен тұрғындардың танысуын қамтамасыз ету керектігін ескертті. Әлеуметтік желілер мен кіре берістегі арнайы хабарландыру қабырғасына да ілу қажеттігі айтты. Тіпті әрбір жұмыстың нәтижесін де үнемі хабарлап отыру артық етпейді. Бұл нақты шешімдердің толықтай орындалуына өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Сараптамалық кездесуге қатысқан тұрғын А.Әлжанова, «Жөндеуден кейінгі қабылдау актісіне жұмыстарды қадағалап, басы-қасында жүрген белсенді тұрғындар емес, басқа тұрғындардың қол қойылып, кейбір жұмыстардың аяқсыз қалатынына қынжыламын»,- деді.
ЖСДП Атырау филиалының төрағасы Камалова Н. заң бойынша барлық меншік иесінің құқығы бірдей екенін айтып, бұл мәселені тұрғындардың жалпы жиналысында шешіп, жауапты адамдарға сеніп тапсыру керектігін жеткізді.
«Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің құқық бөлімінің басшысы А. Абдрахман жөндеу жұмыстары кезінде үй тұрғындарының белсенділік танытып, құрылыс материалдарын кеңесіп таңдап, жұмыстардың сапасын тексеріп, үнемі бақылау жасау жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуына әсері болатынын айтты.
Сараптамалық кездесуге қатысушылардың пікірлері мен ұсыныстары және тұрғындардың өтініштері Атырау қаласының әкіміне жолданып, орындалуы бақылауға алынатын болды.
ЖСДП Атырау филиалы