«Ауыл халқын қолдау және жеке қосалқы шаруашылықтардың жайылым мәселесін шешу туралы»

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!

Жеке қосалқы шаруашылықтар – ауыл тұрғындарының әлде қандай да бір өнім өндіретін шағын шаруашылығы не кәсібі де емес. Бірақ бұл сала – еліміздің азық-түлік экономикасының ең маңызды бөлігінің бірі екені айтпаса да түсінікті.

ЖСДП үшін бұл – өте маңызды мәселе. Біз кабинеттерде отырып алып шешім шығарып, болжамды ой айтатын партия емеспіз. Біз үнемі ауылдар мен елді мекендерге тұрақты түрде барып, тұрғындармен кездесіп, жеке қосалқы шаруашылық иелерінің нақты қандай проблемаларға тап болып отырғанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан ауыл тұрғынын қолдау және жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту – біздің партиялық жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі екенін айта кеткенді жөн санаймын.

Алдымен төмендегі цифрларға жіті назар аударсақ.
Еуразиялық экономикалық комиссияның деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы Жеке қосалқы шаруашылықтарда 909 мың тонна мал мен құс еті өндірілді. Бұл елдегі жалпы өндіріс көлемінің шамамен 44 пайызын құрап отыр. Ал сүт өндірісіндегі үлес бұдан да жоғары. Аталмыш жылда шамамен 2,2 млн тонна сүт өндірген. Бұл дегеніміз Қазақстандағы өндірілген барлық сүт көлемінің 60 пайыздан астамы. Енді бұған 684 млн дана жұмыртқаны қосыңыз. Ал 2026 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жеке шаруашылықтарда еліміздегі жалпы мал басының орта есеппен алғанда 50 пайызы шоғырланған. Мұнда ірі қара малдың 45, қойдың 40 және ешкінің 64 пайызы бар деп саналған. Мұны өзіңіз де жақсы білесіз деп ойлаймын.

Енді осы жерде заңды сұрақ туындап тұр. Еегер жеке қосалқы шаруашылықтар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне осыншама елеулі үлес қосып отырса, неге біз әлі күнге дейін оларды екінші деңгейдегі шаруашылық ретінде қарастырамыз? Президентіміз 2020 жылы, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру қажеттігін айтқан болатын. Сонымен қатар жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударған болатын.

Алайда, арада алты жыл өтсе де мәселе еш өзгеріссіз қалып отыр. Қазіргі күні ауыл халқы мал азығын дайындау үшін қосымша шыған шығарып қарызға батуда. Салдарымен күресудің бір-ақ амалы – мал басын қысқарту ғана болып отыр. Ал бұлай кете беретін болса, отбасылардың табысы төмендеп, ақыр соңында мал бағудың еш қисыны болмай қалатыны анық. Бұл ауыл халқының жаппай қол қусырып, үкіметке алақан жаюына алып келетіні анық. Немесе қалаға көшуге мәжбүр болады.

Сондықтан ең алдымен жайылым жерлерді реттеу маңызды болып отыр. Біз осы айтылған мәселелерді жан-жақты саралай келе, келесі нақты әрі жүйелі тәсілдерді ұсынамыз.
Бірінші, бүкіл ел бойынша ауылшаруашылығы жерлеріне толық ревизия жүргізу қажет.
Онда әрбір ауылдың нақты қанша жайылымы мен шабындығы бар? Жалпы қанша жер қажет? Және жерлерге кімдер иелік етіп отыр? Осы сұрақтардың нақты жауабы болуы тиіс.
Екінші, елді мекендерге іргелес орналасқан жайылымдар ең алдымен, сол ауыл тұрғындарының қажеттілігіне берілуі тиіс.
Үшінші, мемлекет басқарылуына қайтарылған жерлерді тиімді айналымға енгізу қажет.

Бірақ бұл тұста тағы бір маңызды мәселе бар.
Егер жайылым деградацияға ұшыраған болса, оны жай ғана мемлекетке қайтарып алу жеткіліксіз. Оны қалпына келтіру керек.
Одан басқа деградацияға ұшыраған жайылымдар мен шабындықтарды қалпына келтіруге мемлекет қаржы бөлуді қарастыру қажет. Төртінші бағыт – кооперация.
Біздің ұсынысымыз – ауылдағы отбасы өз еңбегімен көбірек табыс таба алатындай жағдай жасау.

Бірнеше шаруашылық бірігіп, техниканы бірлесіп пайдаланып, жем-шөп дайындап, өнімді өңдеп, ветеринариялық қызметтерді ұйымдастырып, өз өнімін делдалсыз нарыққа тікелей шығара алуына мүмкіндік беру. Сонда ғана ауыл тұрғындарының еңбегі нақты табысқа айналары анық. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінен аталған ұсыныстар бойынша нақты жүйелі шаралар қабылдауды сұраймыз.

Құрметпен ЖСДП фракциясының депутаттары