Осылай деп дабыл қақты Қазақстандағы Тәуелсіз дәріханалар иелері қауымдастығының төрағасы.
ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында депутаттар Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты түрлі ведмостымалардың негізінде жүзеге асырылатын дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметтердің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдады. Осы тыңдалымда мәжілісімендер палата Төрағасы Әлихан Смайыловқа төтесінен сауалдар қойып, нақты шешімдердің болуын Үкіметтен талап еткен болатын. Шын мәнінде депутаттардың ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне өкпелері қара қазандай. Себебі дәрі-дәрмектің бағасы күн санап қымбаттап барады. Кейбір препараттардың құнының шарықтап кеткені сонша халықтың қалтасы мүлде көтермей қалған. Біз Парламентте көтерілген бұл мәселенің мәніне үңіліп, жағдайды тереңінен зерделеу мақсатында сала сарапшысы, ЖСДП Астаналық филиал төрағасы Омаров Талғат Табысбайұлымен сұхбаттасып, отандық фармакеалогия саласының бүгінгі ахуалын білген едік.
Талғат Табысбайұлы өзіңіз еліміздегі Тәуелсіз дәріханалар иелері қауымдастығының төрағасысыз. Елімізде дәрі-дәрмектер саласындағы көп мәселе жөнінде не айтасыз. Дәріханаларда баға тым тұрақсыз. Бұл жағдай біздің елде ғанама, әлде өзге елдерде де осындай келеңсіздіктер болып жатырма?
Алдымен оқырманға түсінікті болуы үшін мәселені бірнеше жікке бөліп алғанымыз дұрыс. Турасын айтқанда біздің елде дәрі-дәрмек саласында мүлде бәсекелестік жоқ. Шындап келгенде бізде ірі деген оншақты ғана компания бар, солардың өз арасында аздап бәсекелестік болып жатқан сыңайлы болып көрінгенімен түпкі жағында бәрі бірнеше адамның мүддесі үшін жұмыс жасап отыр. Ия өзімізде өндірілетін дәрмектер толықтай сұраныста жауып кете алмайтындықтан сырт елдерден министрлік бекіткен тізім негізінде дәрілерді тасымалдаймыз. Бұл тек біздің елге ғана қатысты емес барлығында солай, ол заңдылық. Енді осыдан бірнеше апта бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі отандық фармацевтикалық компанияларға үлкен жеңілдік жасап отырмыз,-деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, осыдан былай саудалаушы компанияларға тізімдегі қажетті дәрі-дәрмектерге рұқсатнама мен сертификат беру жұмыстарын 100 күн ішінде жүзеге асырылатын боламыз,-деді. Бірақ 100 күндік мерзім қашан басталатыны да белгісіз. Ал шетелдік инвесторлар біздің елдің нарығына кіріп жұмыс жүргізуі үшін кем дегенде 2 не 5 жыл аралығында тіркеуден өту жұмыстары жүргізіледі екен. Міне бұл жағдайдан кейін елімізге шетелдік инвесторлар мүлде жоламайды. Олар біздің елде бәсекелестік төмен екенін көріп отыр. Сол олқылықтың орынын толтырайын деп қомақты қаражатпен, мол дәрі-дәрмектің қорымен келейін десе біздегі шектеудің түрі анау. Біз оларды 5 жыл бойы күткізіп қояды екенбіз. Осылайша бізден көбі теріс айналды.
Неге біз бес жыл күткізіп қоюымыз керек. Бұл жүйе кімге қажет? Әлде шынымен де солардан келер қауіп басым болып тұрма?
Қарапайым тілмен айтсақ бұл таза бюрократия. Осы бюрократияның салдарынан біздің елде үлкен манаполия пайда болып отыр. Жоғарыда айтқан бірнеше компания үшін бұл жүйе өте тиімді. Олар қазір біздегі тізімде бар дәрі-дәрмекпен ғана жұмыс істеп, басқа ештеңеге бас қатырғысы келмейді. Бір қызығы Президенттің өзі олигополиядан қол үзуіміз керек,-деп қанша жерден талап қойғанымен әлгілер президенттің сөзіне құлақ аспай отыр. Кеше Парламент қабырғасында депутаттар ұлардай шуылап өз наразылықтарын білдірді. Оның ішінде біздің партияның өкілдері де бар. Мәжілісімендер дұрыс айтып отыр. Себебі кейбір аса ауыр науқастарға қажетті дәрілерді жақындары шет елдерден тапсырыспен алдыруға мәжбүр. Неге сол дәрілер біздің дәріханаларымызда жоқ? Өйткені аталмыш дәрілер арнайы тізімге енбей қалған. Ал оны тізімге қосу үшін кем дегенде 5 жыл уақыт керек. Сонда ауыр науқас өзіне қажетті дәріні отандық дәріханадан алу үшін 5 жыл уақыт күтуі керек болып тұрғой. Міне кеше депутаттар осыны айтып шуладығой.
Жоғарыда айтып қалдыңыз, біздің елде дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын оншақты ғана компания бар деп. Ал олардан басқа азаматтарға өздерінің дәріханаларын ашып біздегі манаполияға қарсы бәсекелестік негізде әрекет жасауға болмайма?
Әрине болар еді. Бірақ әлгі ірі монополистер жаңа дәріханалар желісінің дамуына мүмкіндік бермей барады. Сырт көзге нарықтың заңдылығы болып көрінуі мімкін. Әйтсе де олар жаңадан жұмысын жолға қойған дәріхананың шаруасын жүргізбеудің барлық амалын жасайды. Тіпті жаңадан ашылған дәріхананың жанынан әлгі монополистер арнайы нүкте ашып бағаны әдейі төмендетіп түрлі құйтырқылыққа дейін барады. Оны көзімізбен көріп, әбден зерделеп болдық. Осы жерде нақты айтып кетер мәселе, әлгі монополия құрып алып отырған дәріханалар желісі еліміздегі дәріханалардың 49%-ын иеленіп отыр. Біздің деректер бойынша олардың ұзын саны 4163 нүкте. Ал жеке дәріханалардың үлесі 51%. Жалпы саны 4334 нүкте. Енді қараңыз, республикада жалпы сатылымдағы дәрмектердің 73%-ы бағанағы дәріханалар желісінің үлесінде екен де 27%-ы жекеменшік дәріханаларға тиесілі болып отыр.
Осы жерде нақтылап кетсеңіз. Жекеменшік дәріханалардың саны жағынан желілік дәріханалардан кем түспей тұр. Сөйте тұра тауарайналым жағынан айырмашылық өте жоғары екен, неге? Сосын, жалпы елімізде қанша дәріхана бар? Есебін жасадыңыздарма?
Әрине, біздің зерттеуімізше Қазақстанда барлығы 8 497 дәріхана нүктесі бар екен. Оның үлес салмағын жоғарыда айттық. Ал тауарайналым неге төмен,- дейтін сұрақ төңірегіне байланысты мәлімет өте таңқаларлық десем болады. Жоғарыда жекеменшік дәріханалардың санын 4334 яғни 51% деп атап өттікқой. Осы дәріханалардың дені ауылдақ жерлер мен елді мекендерге тиесілі болып отыр. Жекеменшік дәріханалар ірі қалаларға келіп өзінің бизнесін гүлдендіре алмайды. Себебі әлгінде айтқанымыздай монополиялық желі оны тұншықтырып тастайды. Былайша айтқанда демпинг тәсілін қолданады. Сондықтан жеке кәсіпкерлер шетке кетуге мәжбүр. Шетке кеткеннен кейін тауар құны қымбаттап, дәрі-дәрмектің түрлері де сәйкесінше аз бола беретіні анық. Ал Үкімет осыны біліп отырса да әрекет жасауға құлықсыз. Кеше мәжіліс депутаттардының барлығы бірдей жарыса сөйлегені де бекер емес. Олар да мәселені көріп-біліп отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан фармакология саласындағы жеке кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, түрлі жеңілдіктер жасағаны дұрыс. Одан бөлек рұқсатнама мен сертификат алудың уақытын 5 жыл емес 1 ай мерзімге дейін қысқартқан абзал болмақ деп ойлаймын.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі деген үлкен құрылым бар. Олар аталмыш мәселеген не дейді? Шындап келгенде бұл дегеніміз адам денсаулығына қатысты басты саланың біріғой.
Осыдан 4-5 жыл бұрын біз жеке кәсіпке мүмкіндік беріңіздер деп шулағанбыз. Ол кезде дәріханалар желісінің үлес салмағы 30% тұғын. Қазір міне 49%-ға жетті. 5 жыл ішінде өздерінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып аумақтық шеңберін қалай ұлғайтуды бастаса, қазіргі таңда да дәл осы жолмен жүріп келе жатыр. Шынын айту керек қазір жекеменшік дәріханалар тек кредитпен күн көріп отыр. Барлығының мойынына миллиондаған қарыз ілініп тұр. Кейбірінің 10 жылдық қарызы бар. Енді шарасыздықтан несие алған кәсіпкерлер тек сол несиені жабудың ғана айла-шарғысын жасап жатыр. Оларда басқа амал қалмады. Өкінішке орай біздің елдегі «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі»-де Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де бұл шаруаға мүлде кірісіп отырған жоқ. Енді біздің болжам бойынша болашақта әлгі монополис дәріханалар желісі еліміздің нарығын түгел жаулап алып, сырттан ешкімді кіргізбей тұрғанымен қоймай мемлекетке өз әмірін жүргізе бастайды. Бұл кейбір елдердің тәжірибесінде болған жағдай. Қалай?,-дейсізғой. Нарықты түгел қолына алып, мүмкіндікті мүлт жібермейтін әккілер өз білгенін жасаумен қоймай қарапайым ең арзан дәрілердің бағасын шарықтата бастайды. Осылайша мемлекет дәрі бағасын тұрақтандыру үшін амалсыз әлгі компанияларға өтемақы төлей бастайды. Үкімет бұл тәсілге еріксіз көнуге мәжбүр болады. Себебі халықтың тұтынатын ең бірінші қажеттілік қатарында осы дәрі-дәрмек тұрғаны белгілі-ғой.
Енді бір фактыны айтайын. Еліміздегі танымал фармацептикалық компанияның бірі барлығы 3 млн қаптама дәрі-дәрмекті көрші Өзбекстаннан заңсыз жолмен алып келгені анықталды. Бұл аз дүние емес және бұдан басқа да біздің білмейтініміз қанша екені белгісіз. Мемлекеттің осы салаға жауап беретін тиесілі құзырлы орынының бірі бұл істі сотқа беріп өздері табандап тұра алмай кері шегінді. Ақыр соңында әлгі компания аяқ астынан ірі инвестор болып танылды да іс жылы жабылып қоя салды. Осы жерде жоғарыда айтқан сертификат мәселесі қайда қалды? Бұл сауал біздің асасацияның барлық мүшелерін мазалап отырғаны анық.
Өткен жылы дәрілік заттарды түгелдей қайта таңбалауға байланысты шу шыққаны белгілі. Екі жақ тартысты-айтысты ақыры таңбаланатын болып шешілді. Мәселе төңірегінде нақты жауап беріңізші. Таңбалаудың пайдасы қандай және оның зияны не?
2024 жылғы ақпар бойынша республикадағы фармацевтика нарығының көлемі 1,2 триллион теңге болса, оның 84 пайызы шетелде өндірілген өнімдердің үлесінде екен. Өазір отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Неге?, деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Себебі тауар 2024 жыдың шілде айынан бастап жеке таңбалауға көшті. Мемлекет қазақстанға еніп жатқан әр тауарды бақылауға аламыз деп күшпен таңбалау жүйесін енгізді. Содан кейін барып жалпы тауар бағасы күрт көтерілді. Әсіресе дәрі-дәрмектердің құны екі есеге дейін көтерілді. Әрине бақылаған дұрыс шығар, оған қарсы емеспін. Бірақ таңбалу мен бақылау тауар құнына әсер етпеген жағдайда тамаша болар едіғой. Енді осы тұста айтарым, қажет болса әр тауарда өндірістен шыққанда арнайы қойылатын штрих кодтар барын бәріміз білеміз. Міне осы штрихтар арқылы да тауарды бақылауға болады. Бірақ біздің билік өзімізге тән болады деп таңбалауды бастады. Ал жалпы тауар арасында дәрілік заттар ерекше күтімді талап ететіні белгіліғой. Кейбір препараттарды +25-тен артық қыздыруға тыйм салынған. Сол себепті таңбалауды жапсырма арқылы қою тәсілі ойлап шығарылды. Ал жапсырма қою артық шығынды талап ететіні белгілі. Ең алдымен адам күші қажет болады. Екінші қанша тауар болса сонша жапсырма әзірленуі қажет. Былайша айтқанда ең жылдам жұмыс жасайтын баспахананың өзі бір күнде мұнша көп көлемдегі таңбаны басып шығара алмайды. Сәйкесінше қосымша басып шығарушыларды тартуға тура келеді. Мысалы бір таңбаның құны 2 теңге, ал оны қаптамаға жапсыру қызметінің құны 120 теңге болып отыр. Енді қараңыз, әр дана дәріге бірден 122 теңге қосылды. Бұл қаптама емес данаға қойылатын таңба болған соң әр данаға қосылатын құн деп түсіну керек. Былай қарағанда түкке тұрғысыз болып көрінгенімен бұл өте үлкен шығын. Біздің болжам бойынша алдағы жылы дәрінің бағасы тағы да қымбаттайтын болады.
Қазір онлайын негізде тек тапсырыс арқылы жұмыс жасайтын дәріханалардың саны артқан. Мұндай дәріханалардың жұмысын кім бақылайды? Олардың қандай дәрі-дәрмектерді саудалап отырғанын кім назарына алып отыр?
Шынын айту керек, оларды ешкім бақылай алмайды. Прокаратураның өзі шарасыз екенін айтуда. Себебі олар өздерін әбден заңмен қорғап алған. Анығын айтқанда ол жақта саудаланып жатқан дәрілік заттар өте көп. Тіпті кейбірінің атын біз де білмейді екенбіз. Бізде тізім бойынша 7 мыңнан астам дәрі-дәрмек барғой. Ал ол жақта қанша екені белгісіз. Оларға «Әй дейтін әже - қой дейтін қожа жоқ» болып тұр. Мұндай дәріханалардың басым көпшілігі мемлекетке бір тиын салық төлеп отырған жоқ. Олар жұмысын ешқашан көрсетпейді. Мен өз басым осындай онлайын дәріхана тіркелген мекенжайға арнайы іздеп бардым. Бірақ ол жерде дәріхананың ізі де жоқ. Оны мен тұрғой арнайы бақылау орыны да тексере алмайды. Мысалы ол біреудің жекеменшік тұрғын үйі делік. Ол үйге менің де бақылаушының да арнайы рұқсатсыз кіруге құқығың жоқ. Сондықтан онлайын дәріханалар еш бақылаусыз. Ондағы баға да әр алуан. Міне біз әсіресе дәрілерді таңбалап бақылаймыз деп осындай құпия әрекеттерге жол беріп алдық. Онымен қоймай 25,5%-ға дәрілердің санын азайтып алдық. Себебі көп инвестор кетіп қалды. Олар таңбалауға өтіп, арнайы сертификат аламыз деп жүргенде келесі беттен онлайын жолмен заңсыз препараттар жаппай сатылымға шығып кетті. Мұны сезген сәтте инвесторлар Қазақстанда қалудың маңыздылығын көре алмады. Бұл бизнес, бизнесті біз күшпен ұстап тұра алмаймыз. Біз мына түрімізбен мүлде дәрісіз қаламыз. Олай дейтінім мемлекет тек жеке таңбалауды еңгізу арқылы әр дәріханаға қосымша жұмыс алып келді. Себебі кез келген дәріні бақылап отырғандықтан оны кеке дара бір бір данадан баға мен бақылау жүйесіне енгізуге тура келді. Ол дегенің үлкен жұмыс. Бір ғана адамның қолынан келмейтін шаруа. Себебі бір қаптамада 1000 дана дәрі болса соның әрқайсысын жеке-жеке базаға енгізуің керек. Оны жасайтын операторды жалдауға тура келіп отыр. Ал оған кеткен шығын қалайша өтелмек. Әрине дәрінің бағасынан шығарамыз. Шындығы осы. Енді дәрі қалайша қымбаттамайды. Мемлекет таңбалауды ойлаған кезде барлығын бүге-шігесіне дейін есептеуі керек еді. Ақыр соңында қанша инвестор бізден сырт айналды, жекеменшік дәріханалар миллиондап қарызға батты, дәрілердің түрі азайып бағасы қымбаттап кетіп отыр. Меніңше мұндай жағдайдың алдын алу үшін мемлекет тарапынан субсидия болуы керек. Сол кезде барып дәрі-дәрмек бағасы арзандап, сапа артады.
Бердібек Қабай