ЦИФРЛЫҚ ҚҰРАЛДАР АРҚЫЛЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІН ПАЙДАЛАНУ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутатты Наурыз Сайлаубай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа депутаттық сауал жолданады.

Депутаттық сауалдың мәтіні

Ағымдағы жыл мемлекет басшысының тапсырмасымен «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы»,- деп жарияланғаны белгілі. Алайда, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясы депутаттарының өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында біраз олқылықтардың бар екені байқалды. Президент тапсырған цифрландыру мемлекеттік органдардың мониторларындағы әдемі көрініс болып қалмауы тиіс. Ол әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ететін және тиімді бақылау жүргізетін нақты құралға айналуы қажет. Әсіресе ауылдар мен жер мәселесінде сандық жүйенің сапалы жүргізілуі қажет-ақ. Атап айтқанда соңғы төрт жылда пайдаланылмай жатқан 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Қазіргі таңда оның тек 10,8 млн гектары ғана қайта айналымға енгізілген екен. Қалған миллиондаған гектар жердің тағдыры беймәлім немесе нақты шешім шығарылмаған күйде қалып отыр. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жерлерін Цифрландыру жұмысының қарқынды жүргізілмеуінің салдары деп білген абзал. Нәтижесінде ауылдардың дамуы тежеліп, ауыл халқы қолдағы азғана малын бағуға жайылым таппай әуре-сарсанға түсіп жүр.

Осыған байланысты цифрландыру саласын агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың нақты тетігіне айналдыру мақсатында ЖСДП фракциясы келесідей ұсыныстар береді:

1 - Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйелерін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің деректер базасымен интеграциялау қажет. Бұл Қазақстан аумағында алты айдан астам уақыт болмаған ауыл шаруашылығы жерлерінің иелері мен шаруашылықтарға берілетін субсидияларды автоматты түрде тоқтату алгоритмін енгізуге мүмкіндік береді. Осылайша бюджет қаражаты Қазақстанда шынайы тұрып, жер игеріп отырған азаматтардың еңбегіне қызмет ету мүмкіндігі молайары анық.
2 - Ауылдық жерлердегі мүлікті немесе жер телімдерін иесіз деп тану мерзімін бір жылдан 40 не 90 күнге дейін қысқарту мәселесін қарастыру қажет. Цифрлық кадастр, коммуналдық қызметтер мен тұтыну есептегіштерінің деректерін пайдалана отырып, нысанда белгілі уақыт бойы су мен электр энергиясы тұтынылмаса және салықтар төленбесе, оны мәжбүрлеп мемлекет меншігіне қайтару рәсіміне енгізетін арнайы тетік қалыптастыру ұсынылады. 3 - Егіс алқаптарындағы ауыспалы егіс талаптарының сақталуын және жердің тозуын бақылау үшін жасанды интеллект пен ғарыштық мониторинг технологияларын кеңінен қолдану қажет. 4 - Блокчейн технологиялары негізінде жалпыға қолжетімді «Халықтық аудит» жүйесін енгізу қажет. Әкімдіктер жанынан жер қатынастарына қоғамдық бақылау жүргізетін комиссиялар құру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. 5 - Ауылдардағы цифрлық теңсіздікті жою қажет. Ұялы байланыс пен интернет желісінің әлсіздігі және тұрақсыздығы ауылдық аумақтарда цифрлық сервистерді енгізудегі негізгі кедергілердің бірі болып отыр. Шалғай елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етпейінше, Smart-10 немесе Agronesie.kz сында тиімді жүйелерді қарапайым фермерлердің толыққанды пайдалануына жағдай жасау өте маңызды. Бұл өз кезегінде шаруалардың жеңілдетілген несие мен сақтандыру қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігін арттырады.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары

Н.С. Сайлаубай А.Н. Рахымжанов Н.С. Әуесбаев А.Б. Сағандықова