Депутаттық сауал

Депутаттық сауал, ҚР Денсаулық сақтау министрі Әлназарова Ақмарал Шәріпбайқызына бағытталады.

Құрметті Ақмарал Шәріпбайқызы!

Әңгіме Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында азаматтарға көрсетілетін консультациялық-диагностикалық қызметтерді жүйелі түрде қолдан шектеу туралы болып отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру мақсатында енгізілгені белгілі. Десе де, соңғы үш жылда денсаулық сақтау қызметінің құны 2,8 есеге өскен. Ал азаматтардың ай сайынғы тұрақты жарналарына қарамастан, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі 47%-ға дейін төмендеген. Қазақстандықтардың наразылығын туындататын негізгі мәселелердің бірі – МӘМС пакетіне кіретін қызметтердің, соның ішінде дәрігерлік кеңестер мен консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолдан, жасанды түрде қиындатылып, тіпті шектеліп отырғаны. Бұған азаматтар мен медициналық қауымдастықтардан келіп түскен хабарламалар дәлел бола алады. Атап айтқанда, ПЦР, ИФА, КТ және МРТ сынды тексерулерден өту үшін тұрғындар апталап, кейде бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр. Ал мұндай күрделі диагноздардың нәтижелері 10 күннен артыққа жарамсыз екені белгілі. Нәтижесі 10 күннен асып кетсе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қорытындыны берген медициналық ұйымға айыппұл салуы мүмкін. Бұл қаншалықты қисынды болмақ? Азаматтарымыздың денсаулығын оңалту кезінде де заң бұзушылықтар орын алып отыр десек, артық емес. Атап айтқанда, медициналық мекеменің мүмкіндігі бола тұра ұзақ күттіру, азаматтарды ақылы қызметтерге мәжбүрлеу, қарапайым жолдама алу үшін шамадан тыс бюрократиялық кедергі туғызу, кейде қажетсіз мамандарға міндетті түрде жолдама беру сияқты жайттар науқастарды әуре-сарсаңға салып отыр. Бұл сырқат жанға ғана емес, дәрігерлерге де қосымша ауыртпалық түсіріп, уақтылы көмек көрсетуге кедергі келтіреді. «Мамандарға жазылу мүмкін емес, бірақ олардың жұмыс кестесінде бос уақыт көп», – дейді шағымданушылар. Бұл олқылық неге жүйеленбей келеді? Консультациялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті жүйелі шектеу медициналық қызметтердің сапасының төмендеуіне ықпал ететіні анық. Аса күрделі және жұқпалы аурулардың кеш диагностикалануы адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің беделін түсіретіні сөзсіз. Осыған байланысты жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:

  1. «Бүгін және қазір» қағидатына сай қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін көрсетілген қызметтерге негізделген төлем жүйесіне көшу.
  2. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін толық әрі уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету.
  3. Саланы цифрландыруды және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды күшейту.
  4. Егер тағайындалған клиника тиісті қызметті 10 күн ішінде көрсетпесе, кешенді медициналық көмек көрсетуді басқа медициналық ұйымға еш кедергісіз ауыстыру.
  5. Егер пациент мемлекеттік клиникада қызмет ала алмаса, оны жеке клиникада емделуге жіберу мүмкіндігін қарастыру және осы пациенттің шығындарын Міндетті медициналық сақтандыру қоры есебінен өтеу тәртібін жүйелеу.

Аталған қағидаттарды іске асыру қазақстандықтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін арттыруға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының мүшелері Н. Ауесбаев А. Рақымжанов А. Сағандықова Н. Сайлаубай