Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновқа жолданады

Құрметті Олжас Абайұлы! Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында 2025 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен ауылдардың тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғанын баршамыз білеміз. Жыл соңына дейін төрт айдан аз уақыт қалды. Бірақ проблемалар әлі де бар екеніне көзіміз жетті. Бұны біз өңірлерге жасаған сапарларымыз барысында өз көзімізбен көріп, келген соң айтып отырмын. Бұған дейін де біздің ЖСДП фракциясының депутаттарына Қарағанды облысы мен Жетісу өңірінің шалғай ауылдарының тұрғындары жағдайларын айтып хабарласқан болатын. Мәселен, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылының тұрғындары ауыз су мәселесі әлі қалыпты деңгейде шешілмей отырғанын көрсетті. Ал осы Қарағандының Осакаров ауданына қарасты Қаракөл ауылында ұңғыма бұрғыланғанымен әлі күнге дейін су жүйесі қалыпқа келмеген. Тұрғындар өз үйлеріндегі краннан су алып ішуден тіпті күдерлерін де үзе бастаған. Жетісу облысындағы Текелі қаласында да тұнық судың тағдыры күрделі болып тұр. Тұрғындар қалада таза су тек қыстың күндері ғана болатынын айтып отыр. Ал жаз жайлауда, таза су құбырының неге бос қалатынын халық қанша рет жиналып түбіне жете алмаған. Шын мәнінде қаладағы кейбір ауданда ауыз су құбыры осы күнге дейін тартылмаған көрінеді. Осы Жетісу облысының Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылында да жағдай бәз баяғы қалпында. Осындай тұщы судан тарыққан ауылдарды жіпке тізе берсек ұшына шығудың өзі үш күншілік болғалы тұр.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда қалалар ауыз сумен 99,3 пайызға, ауылдар 97,5 пайызға қамтамасыз етілген. Бірақ кейбір дереккөздерде еліміздегі 18 қала мен 469 ауылда таза су мүлде жоқ көрінеді. Болса да талапқа сай емес. Ең бір қызығы, ресіми деректерде ауызсусыз ауылдар мен қалалар деген тізім еш жерде көрсетілмейді. Бұл шындықты жасыру ма, алде көз алдау ма? Осы жағын біз түсіне алмадық. ЖСДП фракциясы бұл маңызды мәселені бүгінде тек аудан әкімдіктері деңгейінде қалдыруға болмайды деп есептейді. Осыған сәйкес біз төменде ел Үкіметіне 4 бірдей ұсыныс беріп отырмыз.
Бірінші; біздің қолымызға түскен сусыз отырған 18 қала мен 469 ауылдық елді мекендерге су тарту мәселесі қашан қолға алынатындығын нақтылап алсақ. Осыған сай атқарылып жатқан жұмыстар бойынша олардың қай мерзімде және қандай жолмен су құбырына қосылатыны көрсетілген нақты жол картасын ұсынуыңызды сұраймыз. Оларды ашық дереккөздерге жариялап, әкімдіктердің сайттарына ілу керек. Екінші; тұрғындар үшін интерактивті кері байланыс жүйесін – жергілікті әкімдік бес жұмыс күні ішінде жауап беруді міндеттей отырып, су жоқ жерде шағымдар, фотосуреттер мен геотегтер үшін сенім телефоны, чат-ботты қолдау қажет деп санаймыз. Үшінші; тоқсан сайын жергілікті депутаттардың, ауыл тұрғындарының, мердігерлердің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өткізіп, әр аудандағы жұмыстың барысы мен проблемаларын талқылау қажет. Оны халықтың да қадағалауы арқылы екі жақты бақылау орнатып, есеп беріп отыруы керек. Төртінші; 2025 жылдың соңына дейін бірде-бір елді мекен сусыз қалмауы үшін құрылысы аяқталмаған ауылдарға су таситын көліктер, су қоймалары, су тарататын пункттер сынды уақытша шараларды ұйымдастыру аса маңызды деп есептейміз. Бұл ел Президентінің 2025 жылдың соңына дейін барлық қалалар мен ауылдардың тұрғындарын 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету керек,-деген тапсырғанын толық орындаудың бірден бір алғышарты болмақ.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаттары атынан