Мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше мән берілу керек...

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Ж. Жақыповаға

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А.Ш. Әлназароваға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Светлана Қабыкенқызы! Құрметті Ақмарал Шәріпбайқызы!

Сауалымды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды», – деген сөзімен бастағанды жөн көрдім. Соңғы жылдары елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басында әр қилы жағдайлар туындап, оның кейбірі әлеуметтік желілер мен қоғам арасында үлкен талқылауға ұласып жатқанын барлығымыз көріп-біліп отырмыз. Қазіргі күні елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 725 мың адамға жеткен. Бірақ біздің пайымдауымызша, мұндай азаматтардың саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп. Әрине, бұл – қуантатын жағдай емес. Талдау нәтижелері бойынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар саны жыл сайын орта есеппен тұрақты түрде 2,39%-ға өсіп келе жатқанын көрсетті. Бұған халықтың тұрмыстық жағдайы мен экологиялық ахуалдың да әсері зор екені айтпаса да түсінікті. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматының өмірі мен болашағы мемлекеттің басты назарында болуы керек. Алайда қоғамда мүгедектерге қатысты мәселе көп болғанымен, ол ашық айтыла бермейді. Кейде жеңіл сырқаты бар адамдардың жалған мүгедектік рәсімдеп жүргені туралы шағым-арыздар түссе, кейде керісінше шын мәніндегі мүгедектер әділеттілікке жете алмай жүр. Сонымен қатар, жергілікті медициналық мекемелер мен мамандардың салғырттығы, немесе қолдан ұйымдастырылған әрекеттер кесірінен елімізде мүгедектердің құқы толыққанды қорғалмай отыр. Қолданыстағы заңнамада мүгедектікті анықтауға қатысты бірқатар әділетсіздік бар. Мысалы, қолы немесе аяғы жоқ адаммен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адамға бірдей – үшінші топтық дәреже беріледі. Ал ең сорақысы, қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туа бітті ақыл есі кем жандар өз мүгедектігін растау үшін таусылып болмас тексерістерге тап болуда. Мұндай кембағал жандар аяқ астынан мүгедектік статусынан айырылып, қиын жағдайда да қалып жатады. Олар не жұмысқа жарап, нәпақа таба алмайды, не мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ала алмай қиналады. Бұл – жиі кездесетін жағдай. Ең өкініштісі – өзінің мүгедектігін ресми мекемелерге тіркете алмай, шарасыз күйде жүргендердің біразы біздің фракцияға арнайы келіп, мәселелерін айтып, көмек сұрауда. Мұндай өңір тұрғындарының қатарында Семей полигонынан зардап шеккен, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Сарыпбеков Сапа есімді азамат. Оның мұрын қуысына полигон салдарынан зақым келгені ресми түрде дәлелденгенімен, түрлі себептермен үшінші топ мүгедектері тізімінен шығарылған. Енді мүгедектігін қайта рәсімдей алмай, талай табалдырықты тоздырып, ақыр соңында сонау Түркістаннан бізге көмек сұрай келген. Ал Маңғыстау облысының тұрғыны Жеткізген Жақсылықұлы туа бітті мүгедектігі ресми түрде дәлелденген, ақыл-есі кем туысын үшінші топтан бірінші топқа ауыстыру мақсатында талай есікті қаққанымен, әрекеті нәтижесіз қалған. Ол ауылдан қалаға келіп, Медициналық-әлеуметтік сараптама талап еткен анықтамаларды жинаудың өзі өте қиын екенін айтты. Себебі ақыл-есінде кемшілік бар қарындасы тіпті қарапайым фото суретке де дұрыс түсе алмайды. Мұндай туа бітті кемістігі бар ауыр жандарға мүгедектік дәрежесі бірден берілуі керек деп санаймыз. Мен – бізге келген азаматтардың басындағы екі ғана мысалды айттым. Ал Астанаға жетіп, мәселесін айта алмай жүрген жандардың қатары тым көп екені айтпаса да түсінікті. Бүгінгі таңда үшінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы – 55 474 теңге. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтарымыз осы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны алып, өлместің күнін көріп келеді. Өз кезегінде, қазір инфляция 12,9 % деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, дәрі-дәрмектерге бағаның күрт өсуі байқалуда. Сондықтан Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде Ең төменгі жалақы 85 000 теңге көлеміне дейін көтеру қажет деп есептейді.

Осы тұрғыда, тиісті құзырлы органдардан төмендегіні талап етеміз:

  1. Медициналық-әлеуметтік сараптама және Дәрігерлік-консультациялық комиссияның жұмыстырын тексеріп, жалған мүгедектік беру мәселесін қолға алуды;
  2. Мүгедектікті анықтау кезінде Медициналық-әлеуметтік сараптама және Дәрігерлік-консультациялық комиссияның талаптарын ашық ету және мүгедектер үшін түрлі анықтамалар жинау тәртібін жеңілдетуді;
  3. Мүгедектердің өмір сүру құқығын басқалармен тең дәрежеде тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік жәрдемақыларды есептеудің жаңа әдіснамасын әзірлеуді талап етеді.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал- демократиялық партиясы фракциясының депутаттары

Н. Әуесбаев, А. Рақымжанов, А. Сағандықова, Н. Сайлаубай