17 тамыз күні ҚР Парламенті Мәжілісінің ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев Қостанай облыстық филиалымен бірлесе отырып, Амангелді ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жиын барысында 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй жағдайы жан-жақты қаралды. Қоғамдық қолдау көрсету, үйлерді қалпына келтіру, ауыл инфрақұрылымын дамыту және халықтың өмір сапасын арттыру мәселелері көтерілді.
«Менің үйім көктемгі су тасқынынан зардап шекті. Мемлекеттен жаңа үй берілді, бірақ оның жайы көңіл көншітпейді. Орнатылған пеш тым шағын, бүкіл үйді жылытуға шамасы жетпейді. Қыстың қақаған аязында бұл - үлкен мәселе. Өзім жалғыз басты анамын, бала-шағаммен бірге өыс кезінде тонамыз. Қыстың қиындығын көрмеген адам бұл жағдайды түсіне бермейді. Сондықтан жауапты мекемелер осы жағдайға бей-жай қарамай, нақты көмек көрсетсе екен деймін»,-деп пікір білдірді тұрғын.
Жиын соңында депутат Нұрлан Әуесбаев көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын, тиісті органдарға депутаттық сауал жолданып, нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
«Әрбір отбасының баспаналы болып, ауылдағы тұрмыс сапасының жақсаруы біздің басты мақсатымыз. Бұл бағытта құжаттар тиісті органдарға жолданып, нақты іс-шаралар қабылданады», - деді депутат Нұрлан Әуесбаев.
Кездесу аясында депутат Нұрлан Әуесбаев пен партия өкілдері жол жөнекей халқымыздың даңқты перзенті Кейкі батыр кесенесіне де арнайы соқты. Батырдың рухына тағзым етіп, оның ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігі мен өнегелі өмірі туралы әңгіме өрбіді. Депутат бұл орынның жас ұрпаққа отансүйгіштік пен тарихи сананы қалыптастыруда маңызды екенін атап өтті. Сапар барысында Нұрлан Әуесбаев Амангелді ауылындағы туристік кешеннің еңбек ұжымымен де жүздесті. Әңгіме туризм саласын дамытуға, қызмет сапасын арттыруға және саладағы өзекті түйткілдерді шешуге арналды. Қатысушылар өңірге инвестиция тарту, мәдени-тарихи және табиғи нысандарды дамыту, жергілікті халықты жұмыспен қамту, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру жөнінде өз ойларын ортаға салды.
«Амангелді жерінің тарихы мен табиғаты - еліміздің бай рухани қазынасы. Туризмді дамыта отырып, біз халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды да дәріптейміз», - деп түйіндеді өз сөзін депутат.
Қостанай облыстық ЖСДП филиалы өңір халқының ұсыныстары мен сын-ескертпелерін жұмыс жоспарында ескереді.
Дильназ Изделюева, ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы