ҚҰМАР ОЙЫНҒА ТӘУЕЛДІ АЗАМАТТАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС

ЖСДП фракциясының депутаттары, Нұрлан Әуесбаев, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке құмар ойындарға тәуелді азаматтардың басындағы мәселелерге байланысты депутаттық сауал жолданады.

Депутаттық сауалдың мәтіні

2024 жылы қабылданған ойын бизнесі мәселелері жөніндегі заңнамалық нормалардың іске асырылуын талдау мемлекеттік аппараттың тәртібін күшейту бағытында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілгенін көріп отырмыз. Алайда азаматтық секторда ұлт денсаулығын қорғау мен сақтауда әлі де болсын қордаланған мәселенің бар екенін айтпасақ болмай отыр. Сараптама жұмыстары көрсеткендей бүгінгі күні елімізде құмар ойындарға тәуелді болып қалған ойыншылардың саны 700 мың адамға жеткен. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес. Бұл ұлттық мәселеге айналып бара жатқан күрделі жағдай деп бағалауға болады. Осы 700 мың ойынға тәуелді азаматтың артында күйреген отбасы, жоғалған уақыты, қыруар қаржысы мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де қордаланып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Біз ойынханаларды заңдастырып табыс табамыз деп жүргенде талай тағдырдың тамырына балта шабылып, сан мыңдаған бала әке не ананың қамқорлығына мұқтаж күйде қалып қойды. Енді мәселені ауқымды зерделеп, азаматарымызды азарт ойыннан құтқаратын уақыт жетті деп ойлаймын. Біздің елде құмар ойынға тәуелді азаматтарға көрсетілетін медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектің көлемі мен қолданылып отырған шектеу шараларының арасында үлкен теңгерімсіздік бар екені белгілі. Атап айтқанда, 2024 және 2026 жылдарға арналған лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарда, азаматтарды оңалту мен көмектесуге мемлекет тарапынан қамтылатын азаматтардың саны бар болғаны 300 адам деп белгіленген екен. Бұл мәселені одан сайын ушықтырмаса оңалтуға қауқарсыз сан екені айдан анық. Сондықтан азаматтарды оңалту мен ойынқұмарлықтың алдын алу шараларын шұғыл түрде қолға алмасақ, ұлтымыздың ұлдары мен қыздарын түпсіз құрдымнан сақтап қалу өте күрделі болып кетері анық. Бұл бірінші. Екінші мәселе, елімізге криптовалюталарды пайдаланатын заңсыз шетелдік онлайн-платформалардың қызметі де үлкен қатер төндіруде. Қазақстанда «дроп-карталар» мен жалған төлем шоттары арқылы жүзеге асырылатын қаржылық схемалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап келеді. Сарапшылардың бағамдауынша осындай заңсыз ойын бизнесіндегі қаржы айналымы 500 миллиард теңгеден асып кеткен екен. Қала берді бұл мемлекеттің қаржылық қауіпсіздігіне орасан зор қатер төндіріп, көлеңкелі экономиканың дамуына ықпал етуде.

Осы мәселелерді ескере отырып, елімізде азаматтарға медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігі мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеміз. Өзінің ойынға тәуелді екенін түсінген сан мыңдаған азамат әлеуметтік салдарлар мен түрлі шектеулерден қауіптеніп, мемлекеттік медициналық ұйымдарға жүгінуге батылы бармайды. Ал жекеменшік оңалту орталықтарының қызметтері қымбат екені анық. Өзі де қаражаттан таршылық көріп жүрген бұл азаматтардың арқасындағы ауыртпалықты жеңілдетіп, мемлекет тарапынан қолдап жіберу аса қажет екені анық. Сондықтан оңалту орталықтарын мемлекет тарапынан субсидиялап, ел азаматтарының қалыпты өмірге оралуына қолдау көрсету дәл қазіргі уақытта аса қажет деп ойлаймын.

Осыған байланысты ЖСДП фракциясы Үкіметтен төмендегіні талап етеді:

**1. Лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың нысаналы көрсеткіштерін түбегейлі қайта қарап, мәселенің нақты ауқымын ескере отырып, азаматтарды медициналық, психологиялық және әлеуметтік оңалту бағдарламаларымен қамту көлемін барынша кеңейтуді;

  1. Оңалту орталықтары ойынға тәуелділіктен емделу кезінде толық құпиялылықты қамтамасыз ететін құқықтық тетіктерді әзірлеуді және енгізуді талап етеді. Егер пациенттің жағдайы айналасындағыларға тікелей қауіп төндірмесе, оны автоматты түрде шектеу есебіне қою тәжірибесі қолданылмауы тиіс.

  2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесе отырып заңсыз ойын алаңдарына қаражат шығаруға пайдаланылатын төлем жүйелері мен «дроп-карталарды» анықтау және олардың жолын кесу шараларын күшейтуі қажет;

  3. Ойынға тәуелділіктен емделіп шыққан азаматтарды оңалтудан кейін қолдау тетіктерін әзірлеп, оның ішінде банк несиелері бойынша төлемді уақытша кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруды;

  4. Білім беру мен әлеуметтік нысандарда психологтардың лудоманияны анықтау және оның алдын алу мәселелері бойынша тәуекелдерді ерте кезеңде анықтай алатын жүйе құру және жастар мен отбасылар арасында тиімді профилактикалық жұмыс жүргізетін мамандар желісін құру маңызды болмақ.

Лудоманиямен күрес – ең алдымен Қазақстанның экономикалық және демографиялық қауіпсіздігі мәселесі болып табылады. Бізге бұғатталған сайттардың саны туралы есеп емес, ойынқұмарлықтан құтқарылған тағдырлар мен қоғамға қайта оралған отбасылардың саны аса қажет. Сондықтан азаматтарымызды қорғау мен қолдау үкіметтің басты міндеті екенін еске саламын.

Құрметпен ЖСДП фракциясының депутаттары Н. Әуесбаев А. Рахымжанов А. Сағандықова Н. Сайлаубай