Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы қоғамды тұрақсыздандырып, халықты мазалайтын мәселелерді әрқашан басты назарда ұстайды. Сондай мәселелердің бірі–өңіріміздегі медициналық қызметтің сапасы. Облыс тұрғындары арасында медициналық қызмет сапасының төмен екеніне сын айтатындар саны азаймай тұр. Қай заманда да медицина саласының мамандары сұранысқа ие және құрметке лайықты мамандық иелері екені рас. Әлемді жайлаған пандемия кезінде де медицина саласының қызметкерлері өздерінің денсаулықтарына төнген қауіпке қарамастан халыққа қызмет көрсетті. Десе де соңғы кездері аталмыш саланы ұйымдастыруда сын көбейген. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жыл сайын артып жатқанымен облыстың медицина саласында мәселелердің бары құпия емес. ЖСДП Атырау облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына келетін облыс тұрғындары емханалардағы қызмет көрсету сапасына қанағаттанбайтындықтарын айтыуда.
Мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі–азаматтарды қолжетімді денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ету,-екенін еске салсақ, азаматтардың денсаулығын жақсартуға жұмсайтын шығынын азайтып, халықтың уақтылы және сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуі қажет. Осы мақсатында 2020 жылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Бірақ Атырау өңірінде азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтерді ұйымдастырудың сапасына көпшіліктің көңілі толмайды.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының қызметкерлері «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аясында халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмектің көрсетілуі мен емхана қызметтерінің ұйымдастырылуына қатысты өңірдегі азаматтардың пікірлерін біліп, зерделеу үшін Атырау облысындағы медициналық қызмет көрсететін ұйымдарға барды. Осы жылдың шілде айында мамандар мониторинг жүргізді. Мамандар Атырау қаласындағы емханаларға барып, келушілермен пікірлесті. Мәселеге қатысты шағымдарды, пікірлерді, ұсыныстарды тыңдады. Сонымен қатар, партияның аудандардағы волонтерлары арқылы ауылдардағы медициналық қызметтің жәй-күйі туралы да ақпараттар жинады.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облысымызда 107 дәрігер-маман жетіспейді. Маманның тапшылығы бар өңірде, білікті маман мен сапалы медицина туралы айтудың өзі артық болар. Оның үстіне медицина саласындағы реформалар да халықты мезі қылғандай. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жұртшылық, бейім-дәрігерге қаралу үшін, алдымен учаскелік терапевтке көрінуі тиіс. Ал учаскелік терапевттің қабылдауына жазылуды апталап күтуге тура келеді, одан кейін бейім-дәрігерге алдын-ала жазылу үшін де апталаған уақыт жоғалтады. Сондықтан, міндетті медициналық сақтандыру жарнасын тұрақты төлесе де, жұмыстардың мардымсыз ұйымдастырылғанына азаматтар өз наразылығын білдірді. Салдарынан уақытты үнемдеп, жүйкесін тоздырмас үшін тұрғындар ақылы клиникаларға жүгінетіндіктерін де жасырмады. Емханалардағы қызмет көрсетуді ұйымдастыру мониторингі барысында көргеніміздей, Атырау қаласындағы кейбір емханалардың тарататын ақпараттарындағы телефон номерлер мүлде жұмыс істемейтіндігіне көз жетті. Сол себепті тұрғындар алдын ала дәрігерге жазылу үшін тікелей емханаға келуге мәжбүр. Мысалы, интернеттегі іздеу жүйесінде Атырау қалалық №7 емханамен байланысу үшін +77018168654 нөмірі көрсетілген, бірақ бұл нөмір жұмыс жасамайтытын бір неше рет тексеріп көзіміз жетті.
Атырау облыстық балалар ауруханасының консультативті- диагностикалық бөлімінде дәрігерлердің қабылдау графигі жазылған ақпарат ілінбегеніне және интернетте көрсетілген байланыс телефондары жауап бермегеніне шағымданған азаматтың ақпаратын тексеру үшін, мониторинг барысында интернетте көрсетілген телефондарға қоңырау шалынып көздік. Жауап жоқ. Тек біздің ескертуімізден кейін ғана Атырау облыстық балалар ауруханасының инстаграм парақшасына алдын ала жазылу телефонының жұмыс жасамай тұрғаны туралы сторис салынды.
Сонымен қатар емханалардың дәрігерлері пациенттерді қабылдау уақытында, жиналысқа немесе басшысының шақыртуымен кетіп қалатындарына азаматтар реніш білдірді.
Тіпті Атырау қаласындағы емханада учаскелік дәрігер болып, жасы 70-ке таяған тұлғаның отыруы да пациенттер үшін ыңғайсыз екені айтылды.
Атырау облыстық офтальмология ауруханасының емхана бөліміндегі баспалдақтар мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған стандарттарға сәйкес келмейді және басқа азаматтар үшін қолайсыздық туындатады. Осы мәселеге орай, Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хат жолданып, басқарма тарапынан тексеру жүргізіліп, баспалдақтағы құрылымды бұзу туралы шешім қабылдады.
Мемлекетіміз азаматтардың денсаулығын сақтау саласына аса мән беріп, қол жетімді және сапалы медициналық қызметтер үшін барлық жағдайды жасауда. Әйтсе де, қоғамда медицина саласындағы олқылықтарға шағымдар азаяр емес. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың өтініш, шағым, пікір, ұсыныстары негізінде жүргізілген мониторинг жалғасын табатын болады.
ЖСДП Атырау облыстық филиалы