Наурыз Сайлаубай газ баллондарының пайдаланылуына байланысты депутаттық сауал жасады

Депутаттық сауал, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Әрінов Шыңғыс Сайранұлына бағытталады.

Мәселе: Еліміздегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық газ құюға арналған баллондарды жедел түрде ауыстыруға байланысты болып отыр.

Құрметті Олжас Абайұлы! «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» қазіргі күні халықтың қолданысында жүріп әбден ескірген тұрмыстық газ баллондарының пайдаланылуына қатысты күрделі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл баллондар – бүгінде жарылуға дайын тұрған аса қауіпті дүние екенін ескерген абзал. Айдың күннің аманында өрт салдарынан көпдеген адамымыздан айырылып қалып жатырмыз. Бейбіт заманда өрттен көз жұмған азаматтарымыз туралы қайғылы хабарды қашанғы жариялай бермекпіз? Қазір қолданыста жүрген осы пропан газ баллондарының 95%-дан астамы әбден ескірген. Олар бізге сонау кеңестік кезеңнен мұра болып келе жатыр. Бұл баллондардың кейбірі тіпті 40–50 жыл бойы қолданыста жүр екен. Оны біз ауылдар мен елді мекендерге барғанда тұрғындардың өз ауыздарынан естідік. Стандарт бойынша 20–30 жыл бұрын утилизацияға жіберілуі керек еді. Бірақ атадан мирас болып қалған қызыл баллондарды біздің утилге жіберетін түріміз жоқ. Есептеулерге сенсек, Қазақстанда 350 мыңға жуық баллонды жедел түрде ауыстыру қажет екен. Біз бұл санды одан да көп деп есептейміз. Себебі ауылды жерлердің басым көпшілігі баллон жағып отырғаны анық. Ал оны жаңасына ауыстыру үшін 1 баллонның құны кем дегенде 80-100 мың тг-ні құрайды екен. Бұл халықтың қалтасына тағы да қосымша шығын әкелері анық. Сондықтан баллондарды жаңалау үшін мемлекет тарапынан субсидиялау тетігін ұйымдастырған абзал болмақ. Жұмысты жеделдетпесек қауіп-қатер күн санап көбейе түсетіні айтпасақта түсінікті. Мысалы; 2023 жылы елімізде осы газ баллондардың 128 жарылу жағдай тіркеліп, 21 адам қаза тапса, 167 адам жарақат алған. Ашық деректерге сүйенсек, 2024 жылы осындай 17 оқиға орын алып, 6 адам көз жұмып, 36 азамат ауруханаға түскен. Шынайы статистика бұдан да жоғары болуы әбден мүмкін. Биылдың өзінде «газ-ауа қоспасының өршуінің» 97 жағдайы тіркелген. «Елімізде газ баллон жарылыстары жиілеп барады». Себеп, тұрмыстық газ баллондарын пайдалану және сақтау ережелерінің өрескел бұзылуы мен олардың техникалық ақауының болуы»,- деп мәлімдеуде төтенше жағдайлар. Тағы бір ерекше айтатын мәселе, халық әлі күнге дейін тұрмыстық газ баллондарын автомобильге газ құю станцияларында толтыруда. Бұл жағдайға заңмен тыйым салынғанын бәріміз білеміз. Осы станциялардың кейбірінде баллонның жарамдылығын немесе толтыру көлемін бақылауға арналған қажетті құралдар жоқ. Мұндай тәуекелдің 80%-ы қауіпті екенін сарапшылар айтып отыр. Бұған дейін де Премьер-Министр, нормативтік қызмет мерзімі аяқталған газ баллондарын жою не утилизациялау тәртібін реттеу туралы тапсырма берген болатын. Бірақ премьердің пәрмені толық орындалмай отыр. Осы күрделі жағдайды шұғыл түзету мен адам өліміне жол бермеу мақсатында ЖСДП төмендегі шараларды қарастыруды және енгізуді талап етеді:

• Әлеуметтік тұрғыдан осал топқа жататын азаматтарға баллондарды тегін ауыстыру. • Бақылауды күшейту және мамандандырылған инспекцияларды қалпына келтіру. • Заңсыз толтыруды жою және арнайы пункттер желісін кеңейту. • Отандық өндірісті және утилизацияны ынталандыру.

Осы айтылғандарды ескере отырып, жауапты мемлекеттік органдардың төмендегі сауалдарға жауап беруін сұраймыз:

  1. Нормативтік қызмет мерзімін өтеген тұрмыстық газ баллондарын алып қою және утилизациялау тетігі қашан бекітіліп, іске қосылады?
  2. Ескі баллондарды ауыстыруға (тегін және жеңілдікпен) 2026 жылы республикалық бюджеттен қанша қаражат көзделіп отыр?
  3. Әкімдіктер жанындағы газтехникалық инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша қандай шаралар қабылданды және баллондардың айналымын, толтырылуын және техникалық жай-күйін бақылау үшін сатып алушының ЖСН-ін тіркеуді талап ететін QR-код арқылы белгілеу жүйесін енгізу мүмкін болама?

Құрметпен, ЖСДП фракциясының депутаттары: Сайлаубай Н.С. Рахимжанов А.Н. Ауесбаев Н.С. Сағындықова А.Б.