Сәтбаев каналында жұмыс сылбыр, – деді депутат

Бүгін Үкімет сағаты барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ЖСДП фракция мүшесі Ажар Сағандықова өткен жылы республикалық маңызды нысан ретінде қолға алынған Қаныш Сәтбаев атындағы каналға байланысты аса өзекті мәселені көтерді.

«Қ.Сәтбаев атындағы канал – Қарағанды, Павлодар облыстары мен еліміздің астанасын сумен қамтамасыз ететін негізгі көз болып табылады. Аталған нысанға күрделі жөндеу жүргізумен қатар қалпына келтіру бойынша инвистиция тарта отырып, еліміздің төрт облысы бойынша суармалы жерлердің коллекторлық желісін қайта жаңғыртумен қоса каналдың негізгі арнасын реттеу көзделген. Алайда аталмыш шаруа бойынша осы күнге дейін нақты нәтижелер болмай отыр. Жұмыс неге мардымсыз? Өткен жылы Ислам даму банкінен 2,7 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаражат тартылатыны жарияланды. Биыл Еуропа қайта құру және даму банкінен 6,5 миллиард теңге, Ислам даму банкінен 24,4 миллиард теңге көлемінде қаражат тартылатыны айтылды. Дегенмен, осы қаржының бірде-бір теңгесі Сәтпаев каналының өзіне бағытталмағаны белгілі болып отыр. Осы орайда бірқатар маңызды сұрақтар туындағаны рас: Каналды қайта жаңғырту жұмыстары қай кезеңде тұр? Төлем қарыздарды өтеу мәселесінде қандай да бір қауіп жоқ па? Келісімшарт талаптарының бұзылу қаупі туындаған жағдайда, ел негізгі су көзінен айырылып қалмай ма?,-деп сұрады депутат Ажар Сағандықова министр Нұржан Нұржігітовтан.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы ашықтықты және нақты іске негізделген шешімдерді талап ететіндіктен партия депутаты бос уәделер емес, нақты әрекеттерді талап етіп отырғаны шындық. Себебі Қ.Сәтбаев каналы жұмысының жандануына өткен жылы ЖСДП депутаттары да үлкен күш салғаны белгілі.

ЖСДП депутатының сауалына жауап берген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, канал жұмысын жүргізу ісінде қателік болмайтынын және қарызға да батпайтынын айтып ағынан жарылды. Қаныш Сәтбаев каналына 2011-2013 жылдары алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Өткен жылы министрлік канал бойынша Жол картасын әзірлеп, 19 сорғы құрылыларын жөндеумен бірге барлық электр желісін жаңалауды қолға алған екен.

«Біз Индустриялық даму қоры (ИДҚ) арқылы бүкіл электр желісін жаңартып жатырмыз, лизинг арқылы Сәтбаев арнасына 17 станциялық трансформатор сатып алу көзделуде. Оған инвестициялық бағдарламалар арқылы шамамен 12 миллиард теңге қаражат жұмсалмақ. Ал трансформаторлық станцияны сатып алуға және құруға 53 млрд теңгеге республикалық бюджеттен бөлінуде. Жұмыстарға «Уралгидромаш» кәсіпорнынан құрал-жабдық алуға бағытталуда. Биыл республикалық бюджеттен 1,5 миллиард бөлінді, қосымша 9 миллиард қажет болып отыр. Осы жылы 800 миллион теңгеге жуық қосалқы бөлшектер жеткізіледі. 2028 жылы біз 19 сорғы қондырғысын толығымен электр қуатымен жұмыс істейтін етіп қайта жөндейміз. Канал қалыпты жұмысын жалғастыратын болады»,-деді министр. Үкімет сағатында көтерілген Қ.Сәтбаев каналындағы жүргізіліп жатқан жұмыстар ЖСДП назарында бола бермек. Себебі елдің экологиялық және әлеуметтік тұрмысы мәселесі Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасында да нақты белгіленген.

ЖСДП баспасөз қызметі