Дулати атындағы Тараз университетінде «Орта арнаулы оқу орындарында жұмысшы мамандықтарын даярлаудың маңыздылығы» тақырыбында дебат турнирі өтті. Іс-шара Жамбыл облыстық ЖСДП филиалының бастамасымен ұйымдастырылып, шараға колледж студенттері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Бұл пікірсайыс турнирі — қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылатын жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған маңызды бастама болды. Бүгінгі таңда ел экономикасының тұрақты дамуы мен өндіріс саласының өркендеуі ең алдымен кәсіби және техникалық тұрғыда даярланған кадрлардың сапасына байланысты екені белгілі. Осы орайда, мұндай шаралар жастар арасында еңбек адамының мәртебесін көтеруге және техникалық білімнің құндылығын түсіндіруге зор ықпал етеді.
Пікірсайыс барысында қатысушылар «Қазіргі қоғамда жұмысшы мамандықтарының рөлі қандай?», «Еңбек адамының беделін көтеру үшін не істеу керек?» және «Кәсіби білім беру жүйесін жетілдірудің тиімді жолдары» сынды сұрақтар төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Әр команда өз ұстанымын нақты дәлелдермен қорғап, пікірталас мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті.
«Еркін Ойлар Алаңы» дебат клубының жетекшісі, турнирдің бас төрешісі Айдана Бекмырза пікірсайыс барысында өз ойын былай жеткізді: «Қазір жастардың көпшілігі жоғары оқу орнын ғана мақсат тұтады. Алайда елге шын мәнінде қажет мамандар — өз ісін жетік білетін, еңбектен қорықпайтын жұмысшы жастар. Құрылысшы, дәнекерлеуші, технолог, аспаз, электрик сияқты кәсіп иелері қоғамның тірегі екенін түсінуіміз қажет. Осындай мамандарсыз ел дамуы да, өндіріс өрлеуі де мүмкін емес», – деді ол.
Ал М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің 1 курс студенті Данияр Сейтқұл еңбек адамының мәртебесіне ерекше тоқталды:
«Бүгінгі пікірсайыс бізге еңбек пен адалдықтың құнын ұғындырды. Елімізді алға сүйрейтін – идея емес, нақты іс. Ал нақты істі алға бастырған – білікті маман. Сол себепті біз өз ісімізді сүйіп, кәсібіміз арқылы қоғамға пайда тигізуге ұмтылуымыз керек», – деді ол.
Пікірсайыс барысында студенттер өз көзқарастарын батыл білдіріп қана қоймай, қарсы тараптың дәлелін сын тұрғысынан бағалауға, пікірталас этикасын сақтауға және дәлелді ой айтуға машықтанды. Бұл өз кезегінде жастардың сыни тұрғыдан ойлау, шешендік және көшбасшылық қабілеттерін арттыруға жол ашты. Шара соңында ұйымдастырушылар жұмысшы мамандықтарын насихаттау бағытындағы іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастыру қажет екенін атап өтті. Себебі қазіргі заманның еңбек нарығы – білікті маманның алаңы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, дамыған елдер экономикасының тірегі – кәсіби-техникалық білім жүйесінің сапасы мен жұмысшы кадрлардың жоғары деңгейі. Қорытындылай келе, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде өткен бұл дебат турнирі жастардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға үлкен мүмкіндік берді. Іс-шара еңбек адамының мәртебесін көтеріп, жұмысшы мамандықтарының қоғам дамуындағы ерекше рөлін айқындаған маңызды алаң болды. Еліміздің жарқын болашағы — өз кәсібін сүйетін, білікті де білімді, іскер де еңбекқор жастардың қолында.
ЖСДП Жамбыл обылысы