Ақтауда тұрғындардың ұсыныстары дереу шешімін тапты

ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырған көшпелі жиында қаладағы жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланып, олардың шешімі табыла бастады.

Ақтау қаласындағы жол қозғалысын ұйымдастыру мәселесі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі. Жол сызықтарының өзгеруі, қозғалыс бағыттарының қайта белгіленуі, бағдаршамдардың орналасуы мен жолдардың өткізу қабілеті — жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін ортақ мәселе.

Осы бағыттағы мәселелердің бірін қоғам белсендісі Ерболат Тұржан үнемі көтеріп жүр. Ол өзі ұсыныстарымен ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалына жүгінді. Айтуынша Ақтау қаласындағы кейбір жол учаскелерінде жаңадан сызылған жол сызықтарының қозғалысқа қолайлылығына қатысты мәселе өте көп.

Атап айтқанда, 30 – шағын аудадағы «Олжа» сауда орталығы және 29-шағынаудан арасындағы жол учаскесіндегі жаңа жол сызбасы назарға алынды. Тұрғынның пікірінше, аталған учаскедегі жол қозғалысын ұйымдастыру схемасын қайта қарап, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау қажет болып тұрған көрінеді.

ЖСДП МОФ тұрғынның ұсынысын қарап, мәселені шешу мақсатында Ақтау қаласының әкіміне ресми хат жолдады. Хатта аталған жол учаскесіндегі қозғалыс схемасын қайта қарау қажеттігі көрсетілді. Көтерілген мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 30-шағын аудан «Олжа» сауда орталығы мен 29-шағын аудан арасындағы жол учаскесінің 3 жолақтыдан 4 жолақты жолға ауыстырылуы басталды. Осылайша, тұрғындар көтерген нақты мәселе бойынша шешім қабылдау процесі басталды. Бұл жағдайдан кейін Ақтау қаласының басқа да жол учаскелеріне қатысты тұрғындардан ұсыныстар түсе бастады. Ұсыныстарда жол сызықтарының орналасуы, көлік қозғалысының бағыттары, бағдаршамдар және жекелеген жол учаскелерінің өткізу мүмкіндігіне байланысты мәселелер көтерілді. Осы ұсыныстарды жинақтап, мәселелерді нақты жерде қарау үшін ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы көшпелі жиын ұйымдастырды.

Жиынға ЖСДП МОФ төрағасы Мынбаев Сәкен Саламатұлы, «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бөлім басшысы Көңілімқосов Жұлдызбай Жолдыбайұлы, Ерболат Тұржан және қала тұрғындары қатысты. Шара барысында қатысушылар Ақтау қаласындағы бірқатар проблемалы жол учаскелерін аралап, мәселелерді тікелей сол жерде талқылады. Атап айтқанда, 33, 39, 40 және 19А шағынаудандары аумағындағы жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Тұрғындардың бірі «Біз үшін қиылыстардын өту өте қорқынышты. Сондықтан кейбір қиылыстарға бағдаршамдар орнату қажет. Әйтпегенде көлік саны күн санап көбейіп келеді. Жағдай күрделене беретіні анық»,-деді. Тұрғынның көтерген мәселесіне қаланың тиісті бөлім басшысы мәселе бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және бағдаршамды қазан айының соңына дейін орнату жоспарланғанын жеткізді.

Көшпелі жиынның басты ерекшелігі — көтерілген мәселелердің кабинетте ғана талқыланбай, жауапты мамандармен бірге нақты жол учаскелеріне барып қаралуы. Бұл жол қозғалысының нақты жағдайын бағалап, тұрғындардың ұсыныстарын сол жерде жеткізуге мүмкіндік берді. ЖСДП МОФ ұйымдастырған бұл кездесу — тұрғындардан түскен ұсыныстарды жинақтап, оларды жауапты мемлекеттік органдардың назарына жеткізудің нәтижесі болғаны шындық.

«Ақтау қаласындағы жол мәселелері бір күнде шешілмейтіні белгілі. Дегенмен әрбір нақты ұсыныстың қаралуы және оның орындалу барысының бақылауға алынуы аса маңызды. Көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатын болады»,- деді бөлім басшысы Көңілімқосов Жұлдызбай Жолдыбайұлы.

«Олжа» мен 29-шағынаудан арасындағы жолға қатысты ұсыныс — соның нақты мысалы. Тұрғындар көтерген мәселе жауапты органдардың алдына қойылып, нәтижесінде жолдың өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша жұмыс бастар қазірдің өзінде қарқынды жүргізіле бастады. Ендігі міндет — көшпелі жиында айтылған ұсыныстардың орындалуын бақылау және жауапты органдар белгілеген мерзімдерде аяқтауы маңызды. Бұл жағдай да партия тарапынан қадағаланатын болады.

ЖСДП МОФ баспасөз қызметі