Таңғы қалада тазалықшылардың күнделікті еңбегі сырт көзге үйреншікті көрінгенімен, оның ар жағында үлкен бейнет, қажыр-қайрат пен төзім жатыр. Қызылорданың көркін сақтап, көшелерін таза ұстау үшін олар таң қылаң бере жұмыстарына кіріседі. Көпшілік үшін тазалықшылардың бейнесі күн сайынғы қаланың бір бөлігі болып кеткенімен, олардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмыс жағдайына терең үңілген жан кемде-кем.
Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы тазалық саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылармен ашық аспан астында кездесу ұйымдастырды. Кездесу кезінде тазалықшылардың әңгімесі бір-бірімен үндесіп жатты. Ең алдымен айтылған мәселе, құрал-жабдық пен арнайы киімнің жетіспеушілігі. Жұмысшылардың кейбірі қолғапсыз, тозығы жеткен сыпырғышпен жұмысқа шығатындықтарын жасырмады. Қоймадан берілетін жабдықтың бәріне бірдей жетпейтінін, кейде мүлде сапасыз заттар ұсынылатынын айтты. Соның салдарынан көпшілігі өз қалтасынан ақша шығарып, жұмысқа қажетті бұйымдар сатып алуға мәжбүр екендерін сөз етті. Жұмысшылар сонымен бірге, зейнетақы аударымдары әрдайым кеш түсетініне наразы.
– Бізден ай сайын зейнетақыға салынатын сомма жалақыдан ұстап қалады. Бірақ ол уақытылы зейнет шотынпа түспейді. Міндетті түсімді өзіміз күнделікті бақылап отырамыз. Ертеңгі күнімізге сенім арту үшін немесе несие алу үшін ол қаржының уақытында түсуі аса маңызды ғой. Біз үшін әр теңге қымбат, себебі еңбегіміздің өтеуімен отбасымызды асырап отырмыз. Қарапайым жұмысшы болған соң, жалақымыз онсыз да көп емес. Осындай мәселелер шешілсе, біз де алаңсыз болар едік, – дейді тазалықшы А.Байшаева.
Тазалықшылардың мәселелерін тыңдаған ЖСДП ҚОФ төрағасы алдағы уақытта оны шешуге бағытталған ұсыныстарды құзырлы мекемелерге жіберетінін айтты.
– Бүгін сіздер көтеріп отырған мәселелерді үлкен жауапкершілікпен деп білеміз. Қарапайым еңбек адамының мұңы – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Сіздер күн сайын таңғы бестен бастап жұмысқа шығып, қаламыздың таза әрі көрікті болуына үлес қосып жүрсіздер. Бірақ осы бейнетті еңбектің ар жағында қолайсыздықтар мен шешімін таппаған жағдайлардың бар екені жасырын емес. Құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі, күнделікті қажетті қолғаптардың уақытылы берілмеуі, оны өздеріңіз сатып алуға мәжбүр болу назар аударуды қажет ететін жайт. Сондай-ақ зейнетақы жарналарының толық әрі уақытылы түспеуі, әлеуметтік төлемдердегі олқылықтар сіздердің болашағыңызға, ертеңгі күнге деген сеніміңізге әсер етеді. Қызметтік көліктің болмауы да ауыртпалық тудырады, күнделікті қоғамдық көлікке жүгінуге мәжбүр болып отырғандарыңызды білемін. Бұған қоса қоймадан жабдықтың әділ бөлінбеуі де мәселе. Мен сіздердің әр сөзіңізді маңызды санаймын. Өйткені қала тазалығы – жай ғана жұмыс емес, қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін сала. Бүгін айтылған ұсыныстар мен өтініштердің бәрін жинақтап, тиісті уәкілетті органдарға жеткіземіз. Бұл тек мекеменің ішкі мәселесі ретінде емес, бүкіл қала тұрғындарының ортақ игілігі үшін шешілуі тиіс мәселе деп қарауымыз қажет. Сіздердің адал еңбектеріңізді елеу, тиісті жағдай жасау мекеменің ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті. Оған бәріміз жауаптымыз, – деді Н.Сағатұлы.
Мұндай мәселе тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де кездеседі. Қоғам өмірінің ажырамас бөлігі саналатын бұл қызмет саласында жұмыс істейтіндер көбіне көзге көрінбегенімен, еңбегі бүкіл қала тіршілігінің тынысын қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, халықаралық тәжірибелер көрсетіп отырғандай, олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы мен еңбек құқығы жиі елеусіз қалатынын да тілге тиек еткеніміз жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) мен Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) бірлескен баяндамаларына сәйкес, дамушы елдерде санитарлық қызметкерлер аса қауіпті ортада еңбек етіп келеді. Көп жағдайда олар канализация құбырлары мен септикалық құдықтарды арнайы қорғаныс құралдарынсыз тазалайды, жұқпалы аурулармен бетпе-бет келеді. Мұндай жұмыстар олардың денсаулығына ғана емес, абыройына да зиян тигізіп, қоғам тарапынан кемсітушілікке ұшырататыны да жасырын емес. Эмори университеті жүргізген зерттеу санитарлық жұмысшылардың арасында асқазан-ішек жолы аурулары, тыныс алу жүйесінің сырқаттары, бұлшық ет пен буын аурулары жиі кездесетін жанда дәл осы қала тазалығына жауапты жандар арасында көп болатындығын дәлелдеп отыр. Себебі олар күнделікті тұрмыстағы қауіпті заттармен, өткір иістермен, қолайсыз ауа райымен тікелей байланыста болады. Ал еңбек шарттарына келсек, ұзақ ауысыммен жұмыс істеп, жеткілікті демалыс пен санитарлық-тұрмыстық жағдай жасалмайды екен.
Бірқатар мемлекеттегі мысалдарға көз жүгіртсек, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады. Тіпті Еуропаның өзінде де қауіпсіздік талаптары толық сақтала бермейді. Испаниядағы Барселона қаласында 51 жастағы көше тазалаушы аптап ыстықта жұмыс істеп жүріп көз жұмған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Бұл жағдай климат өзгерісінің еңбек адамдарына әкелетін қиындығын тағы бір дәлелдеді. Жұмысшылар үшін ыстықта демалатын арнайы орын, су ішу мүмкіндігі, жеңілдетілген жұмыс уақыты сияқты қарапайым талаптар әлі де толық орындалмай келеді. Арменияда да жағдай көңіл көншітпейді. Еревандағы Sanitek компаниясында еңбек ететін қызметкерлер ресми жалақысы 500 доллар деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ай сайын 100 доллар шамасында ғана қолына алатынын айтып шағымданған. Жұмыс уақыты – 12 сағат, ал еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер мүлде сақталмаған. Шетелдік БАҚ-та жазылған ақпарат осы.
Осы мысалдардан байқалатыны, қай елде болсын, тазалық саласында еңбек ететіндер түрлі қиындықтарға тап болып отыр. Бір жерде жабдық жеткіліксіз болса, бір жерде еңбекақы әділетсіз белгіленген, енді бір елде климаттың әсері еңбек жағдайын тіпті қауіпті. Халықаралық ұйымдар бұл мәселені БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының аясында қарастырып, санитарлық жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен қадір-қасиетін қорғауды мемлекеттердің басты міндеттерінің бірі ретінде атап өтуде. Бұл тәжірибелерді ескере отырып, біздегі жағдайдың да ұқсастығын аңғару қиын емес. Демек, тазалық саласында еңбек етіп жүрген қазақстандық жұмысшылардың мәселелері – жергілікті ғана емес, жаһандық деңгейде өзекті ортақ түйткілдің бір бөлігі деуге болады.
ЖСДП ҚОФ баспасөз қызметі