Текеліге жолаушылар пойызы жүреме?

Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаевқа бағытталады. Құрметті Марат Карімжанұлы!

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына Жетісу облысының көпдеген тұрғындары жүгінуде. Олардың басым көпшілігінің айтатыны Талдықорған мен Текелі қаласы арасындағы темір жолды тұрғындар үшін тиімді етіп, обылыс орталығы арқылы қатынайтын жолаушылар пойызын жолға қою мәселесін көтеріп отыр. Шындығында Талдықорған мен Текелі арасындағы жол не бары 50 шақырымға да жетпейді. Екі аралықта шойын жол жоқ емес бар. Бұл жолмен тек жүк қана тасымалданады. Тұрғындардың ел Үкіметіне жолдап отырған өтініштерінің негізі осы шойын жолды жолаушылар үшін де тиімді етіп беру. Екі ара жақын болғанымен тұрғындар үшін өте қолайсыз әрі қорқынышты болып кеткелі қашан? Себебі өңір таулы аймақта орналасқандықтан, обылыс орталығы мен Алматыға қатынайтын автакөліктері жиі жол апатына ұшырайды. Адам шығыны да аз емес. Тіпті оқыс жағдай көктем мен күзде, әсіресе қыстың күндері жиі орын алатын болған.
ЖСДП жетісу обылыстық филиалы 2023-2024 жылдары аралығында Текелі және Талдықорған қалаларында жолаушылар пойызы мәселесіне байланысты бірнеше рет қоғамдық тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізген болатын. Іс-шараға қатысқандардың барлығы бірауыздан тікелей орталыққа дейін баратын теміржол қатынасының қажет екенін айтты. Қазіргі күні тұрғындар Астанаға бару үшін алдымен Алматыға жетуге мәжбүр. Бұл көп уақыт пен қаражатты және қолайсыздық туғызатыны анық. Ал ұшақпен қатынауды кез келген ауыл тұрғынының қалтасы көтере бермесі белгілі.

ЖСДП-на хат жазып хабарласатын тұрғындардың басым көпшілігі «Сарыарқа – Жетісу» бағыты бойынша ерекше маршрутты іске қосуды сұрайды. Егер мұндай айырықша маршрут пайда болса өңірдің әлеуеті артып, еліміз үшін де тиімді болары анық. Әсіресе елдің экономикалық және туристік бағытына үлкен қолдау болары да сөзсіз. Жетісу облысы ерекше табиғи әлеуетке ие аймақ екені белгілі. Алайда көлік қатынасының қиындығына байланысты бұл әлеуетті бағыттың тамыры буылып, қадамы қарыштамай тұрғаны да рас. Сөз болып отырған шойын жол іске қосылса біздің есептеуіміз бойынша игілікті істің шарапатын кем дегенде 500 мың тұрғын көреді екен. Оған қоса туризім де өркен жайып, ұсынылып отырған «Сарыарқа – Жетісу» бағытының игілігі еселенері сөзсіз. Жергілікті тұрғындар теміржол бағдары іске қосылса, Текелі – Қарабұлақ – Көксу – Үштөбе – Матай – Лепсі – Ақтоғай – Саяқ – Балқаш – Мойынты – Ақадыр – Қарағанды – Астана – Бурабай желісі арқылы еліміздің екі бірдей туристік өңірін бір-бірімен байланыстыратын нағыз ірі торап болса деп армандайды. Елдің тілегін ЖСДП да қолдап, отыр.

Осыған байланысты төмендегідей сұрақтар бар. 1 – Текелі мен Талдықорған арасын жалғап жатқан темір жол желісін жолаушылар үшін де пайдалануға мүмкіндік жасау қажет. Оған қандай кедергілер бар? 2 – Өткен жылы Президент, «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек», — деп атап өткендей, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, туризімге сұранып тұрған өңірге жолаушылар пойызын жүргізу және оны орталыққа қосу маңызды болмақ. Президант тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіншілік болама және тұрғындардың тілегі орындалама? Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттар

Сайлаубай Н.С. Рахымжанов А.Н. Әуесбаев Н.С. Сағандықова А.Б.