Мемлекеттің тарихын саясаткерлер, реформаторлар және көшбасшылар жазады деп айтады. Бірақ мұқият қарайтын болсақ, әр өзгерістің арғы жағында әйелдер мен аналар, ұстаздар, дәрігерлер, қоғамның жетекшілері, бір сөзбен айтқанда, болашақ ұрпақтың бойына ерекше мінез қалыптастыратын ерекше жандардың тұрғанын байқаймыз.
Егер кез келген елдің болашағы қандай болатынын білгіңіз келсе, сол елдің әйелге деген құрметі мен олардың орнына зер салыңыз,- деген де ұғым бар.
Халықаралық әйелдер күні – жай ғана көктем мерекесі емес. Бұл – әйелдің жігерін, даналығын, төзімділігін нақты бағалайтын күн. Қоғам дамуына қосқан үлесін мойындайтын күн дер едім.
Бұл мерекенің тарихы үлкен күрестердің салдарынан пайда болғаны белгілі. Мысалы: әйелдердің дауыс беру құқығын алу, білім алу құқығына ие болу, түрлі жағдайда тең дәрежеде шешім қабылдауға қатысу құқығы үшін болған күрестен басталған. Нәтижесінде бүгін біз әйел жандардың ғылымда, экономикада, бизнесте, мемлекеттік басқаруда және саясатта өз орнын тауып жүргенін көріп отырмыз. Бұл – заңдылық әрі әділеттілік!
Қазіргі қоғамның толық даму жолын әйелдерсіз елестете алмаймыз. Сондықтан әйел азаматтардың қоғамдағы үлес салмағы орасан зор.
Ал Отанымыз – Қазақстан әйелдері бүгінгі таңда үлкен күшке ие! Себебі олар әртүрлі салаларда еңбек етіп жүр. Ұрпақ тәрбиелейді, түрлі бастамаларға жетекші болады, өз кәсібін ашып, түрлі қауымдастықтарға көмектесуде. Бір сөзбен айтқанда, қоғамды алға жетелеп келеді.
Ең маңыздысы, біздің елде әйелдер қоғамдық қызметке және саясатқа көптеп келуде. Саясат ұзақ уақытты талап ететін қатаң шешімдер мен бәсекелестік алаңы деп есептелінеді. Саясаттағы әйелдердің саны артқан шақта жауапкершілік пен болашаққа көзқарас та батыл әрі ерекше бола бастайды екен. Егер әйелдер ел өмірінің болашағы жолындағы үлкен іске қатысатын болса, онда сол қоғам шынымен жетілген әрі дамыған қоғамды құрады, – дейді ойшылдар. Осы себепті біздің партия үшін әйелдердің саясатқа араласуы жай ғана символикалық үрдіс емес, нағыз шынайылық әрі принцип дер едім. Әйелдердің көшбасшы болуға, шешім қабылдауға, елді дамытуға әсері болмаса, біз үшін әділдік те болмайды. Сондықтан әйел – шешім қабылдай алатын ғана емес, сол шешімдердің адамдарға әсерін шынайы сезіне білетін жан. Сол себепті саясаттағы әйелдік көзқарас ерекше маңызды.
Құрметті асыл жандар!
Сіздер күллі әлемді әсем ырғақпен тербете алатын ерекше қасиетке иесіздер. Ал саясаттағы жігерлеріңіз бен күш-қайраттарыңыз мүлде бөлек екенін үнемі көріп жүрміз. Сіздер қоғамдағы аса көрнекті саясаткерлердің өзінің кейде қолынан келмейтін істерге бел шеше араласып кете аласыздар. Осылайша үлкен сенім мен ынтымақтың ортасын жасай білесіздер. Сондықтан да қоғамның болашағы көп жағдайда сіздерге байланысты болып жатады. Сол үшін сіздерге шын жүректен алғыс айтып зор денсаулық, бақыт пен жаңа жетістіктер тілеймін. Қашан да қолға алған тың идеяларыңыз қолдау таба берсін. Еңбектеріңіз нәтижелі болғай.
Және Қазақстанның болашағын қалыптастыра алатын ерекше жауапкершілікті, сенімді, әйелдердің, арулардың, батыр қыздарымыздың саны арта берсін. Болаттай берік, іргелі елдің болашағы – құрметтен басталады. Ал сол құрмет ең алдымен әйелге деген сыйластықтан басталады. Олай болса, бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Қашан да көктемнің күніндей жарқырап, жан-жақтарыңызға жылу шашып жүре беріңіздер!
Құрметпен, ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов