Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай бірнеше рет Талдықорған – Астана бағыты бойынша тікелей жолаушылар пойызын жүргізу туралы бастама көтергені белгілі. Тіпті Үкімет басшысының атына депутаттық сауал да жолдаған болатын. Бүгінде бұл жұмыс оң нәтиже бере бастады. Тынымсыз еңбек пен жүйелі жұмыстың арқасында 2026 жылдың көктемінен бастап Жетісу жұртшылығы Талдықорған қаласынан тікелей Астанаға пойызбен жететін болады.
Ізгі бастаманың негізгі жобасы жасалып, халық игілігін көріп жатса, қуантарлық жағдай болары анық. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы АҚ болашақта іске қосылатын аталмыш желіге «Сарыарқа – Жетісу» деп атау беріп отырған көрінеді. Тіпті бұл жобаны еліміз бойынша ерекше бағыт деп отыр екен.
Бүгінде елдің орталығы – Астанамен тікелей теміржол арқылы байланыспайтын бір ғана облыс орталығы бар. Ол – Талдықорған қаласы. Енді, міне, ЖСДП депутаттарының табандылығының арқасында алдағы күндері бұл жоба да сәтті жүзеге аспақ.
Өңірмен тікелей қатынас жасауды біздің депутаттарға Жетісу халқының өзі айтып, мәселенің мәнін түсіндірген болатын. Бұған дейін де тұрғындар бірнеше рет талпынып, құзырлы орындарға хат жолдап, хабарласқанымен, жағдай өзгеріссіз қала берген. Осылайша жылдар бойы жергілікті тұрғындар тек тас жолдармен ары-бері қатынап келген.
Әрине, Талдықорған мен Алматы арасына көлікпен қатынау айтарлықтай қиындық туғызбайтыны рас. Десе де көліктің тұрақты болмай қалатын кездері жиі орын алып жатады. Мұндай жағдайлар ауа райының қолайсыз кезеңдерінде халықты әбігерге салып жібереді. Әсіресе қыс пен көктем мезгілдерінде жол апаттары жиілеп, жұртшылық қайғыға ұшырап жататын жайттар да кездеседі. Статистикалық деректерге сүйенсек, дәл осы Талдықорған мен Алматы бағытында жол-көлік оқиғалары жиі орын алады екен. Міне, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Саятұлы осы мәселеге бел шеше араласып, бірқатар істің алға жылжуына ықпал етті.
Мәселеге байланысты шешуші отырыс ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында жалғасты. Бірнеше рет жағдайды пысықтаған сала мамандары біршама нұсқаны да қарастырған. Осы жолғы отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Асхат Рахымжанов (ЖСДП фракциясы), Магеррам Магеррамов (Қазақстан Халық партиясы фракциясы), Болат Керімбек («Аманат» фракциясы), сондай-ақ Көлік министрлігінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және Жетісу облысы әкімдігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында атап өтілгендей, Астанадан шығатын пойыздар осыған дейін Талдықорғанға «Достық» станциясы арқылы қатынаған. Алайда бұл учаске қазір жолаушылар тасымалы үшін жабық. Бұған бірінші кезекте халық санының азаюы себеп болған. Сондай-ақ, жоғары кернеулі электр қуатының жоқтығы және теміржол рельстерінің тозуы да әсер еткен. Әсіресе «Достық» станциясынан Талдықорғанға дейінгі аралықта жоғарыда аталған себептерге байланысты жылдам жүру мүмкін емес. Кейбір учаскелерде пойыз жылдамдығы сағатына 25–60 шақырымнан аспайды. Бұл жалпы жүру уақытын айтарлықтай ұзартатыны айтылды.
Дөңгелек үстелде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері инфрақұрылымның қазіргі жағдайы туралы баяндап, мүмкін болатын шешімдерді ұсынды. Сонымен, Астана – Талдықорған бағытын ұйымдастырудың үш нұсқасы қарастырылды.
Бірінші нұсқа – оңтайландырылған Астана – Достық бағыты бойынша күн сайын екі купе вагонымен тікелей қатынауды ұйымдастыру. Одан әрі Үштөбе станциясына дейін жүруді қамтиды. Бағыттың ұзындығы 1354 шақырымды құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл бағыт Балқаш көлінің жағалауын қамтып, аймақтың туристік нысандарына қолжетімділікті арттырмақ. Бірақ тым алыс.
Екінші нұсқа– тікелей бағытталған вагондарды күнара жүргізіп, олардың Достық станциясына қатынауын қамтамасыз ету. Қатысушылар бұл қызмет көрсету жиілігі қала маңындағы пойыздар кестесіне тәуекелдік жағдай тудыруы мүмкін екенін атап өтті.
Үшінші нұсқа – қосымша субсидиялар бөлу арқылы жергілікті атқарушы органдар өткізетін тендерлік рәсім негізінде тікелей Талдықорғанға вагондар жөнелту. Бұл бағытқа қызмет көрсететін мекеме заң талаптарына сай таңдалмақ. ҚТЖ өкілдері барлық нұсқалар тек әлеуметтік маңызы бар деп танылып, тиісті мемлекеттік субсидиялар бөлінген жағдайда ғана жүзеге асырылатынын атап өтті. Әйтпесе жаңа бағытты іске қосу бір мәселе де, жолаушылар ағынын қалыптастыру екінші мәселе болмақ. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК, АҚ-ның «Жолаушылар тасымалы» АҚ өндіріс жөніндегі атқарушы директоры Ақынбеков Асхат Батыржанұлы жеткізді.
Аталмыш бағыттың оңтайлылығын өзге қатысушылар да қолдап отыр. Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев жолаушылар үшін жайлылық пен қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. «Алдымен жолаушылар тасымалын жолға қоюымыз керек. Содан кейін өзге де мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Қажет болған жағдайда мемлекеттік бюджеттен тиісті қаражат бөлу арқылы Жетісу халқының мүддесінен шығу маңызды. Біз бір өңірдің мәселесін шешу арқылы бүкіл елдегі жол мәселелеріне серпін береміз», – деді сенатор.
Көлік министрлігінің өкілдері бағытты іске қосудың қаржылық моделі мен параметрлері бойынша есептеулер осы жылдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Егер шешім оң болса, мәселе келесі жылы парламент депутаттары мен өңірлік билік органдарының ұсыныстарын ескере отырып қайта қаралуы мүмкін. Дөңгелек үстелге қатысушылар Астана мен Талдықорған арасында тікелей теміржол қатынасының іске қосылуы тек көлік мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жоба екендігін айтып отыр.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ұсынған үшінші нұсқаны ең қисынды әрі шынайы деп тапқандықтарын жеткізді. Бұл Астана – Талдықорған бағыты бойынша Ақтоғай станциясына дейін жүретін №122/121 Астана – Семей пойызы құрамына тікелей вагондарды қосып тіркеу арқылы орындалмақ. Кейін оларды жеке локомотивпен Талдықорғанға жөнелтуді көздейді.
Осы үшінші жобаның ел үшін де, мемлекет үшін де, ҚТЖ үшін де тиімді екенін ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжанов та атап өтті. Оның айтуынша, ең бастысы – халықтың мүддесінен шығып, теміржол бағытын іске қосуға бар күшті салу қажет, ал қалған мәселелер кезең-кезеңімен шешіле береді.
Бағыттың артықшылығы туралы жоба авторы, депутат Наурыз Саятұлы былай дейді: «Қазіргі таңда Семей – Астана бағыты бойынша жолаушылар тасымалы қолданыста бар. Бұл пойыз күн ара жолға шығады. Біздің жан-жақты жоспарлауымыз бойынша осы бағытқа Астанадан қосымша вагондар тіркеп, оларды Ақтоғай станциясына дейін жеткізу көзделіп отыр. Одан әрі бұл вагондар Талдықорғанға жөнелтіледі. Демек, пойыз Ақтоғай станциясында екіге бөлінеді: бір бөлігі Семейге, екінші бөлігі Талдықорғанға жол тартады», – деді ол.
Отырысқа арнайы келген Жетісу облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев мәселенің күн өткен сайын күрделеніп келе жатқанын айтты. «Біздің облыста халық саны жыл сайын артып келеді. Олардың барлығы бірдей автокөлікпен қатынауға міндетті емес. Сондықтан теміржол бағыты іске қосылса, халықтың қуанышында шек болмас еді. Егер бұл бағыт ашылса, облыс тарапынан да қажетті шаралар қабылданып, жолаушылар ағынын ұйымдастыру облс көлемінде қолға алынады», – деді.
Әрине, кез келген жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет. Мәселені алғашқы күннен-ақ бақылауда ұстаған ЖСДП депутаттары ҚТЖ тарапынан жұмыс созбалаңға салынбауы керектігін қатаң ескертті. Ал Ұлттық компания өкілдері қажетті қаражаттың да қарастырылып қойғанын мәлімдеді.
Бұл жөнінде депутат Наурыз Сайлаубай былай деді: «Астанадан Семей бағыты бойынша тіркеме вагондар Ақтоғай станциясына дейін келеді, бұл қосымша шығынды талап етпейді. Ал Ақтоғайдан Талдықорғанға дейінгі аралықтағы шығын шамамен 200 миллион теңгені құрайды. Бұл аса үлкен сома емес, сондықтан Үкіметке де, ҚТЖ-ға да айтарлықтай салмақ болмайтыны анық. Енді алдағы күндері шаруаны тағы бір пысықтап алып көктемге салым арнайы пойызбен жұрт қатынайтын болады»,-деді.
Талқылау барысында тараптар негізгі нұсқаны ведомствоаралық деңгейде пысықтауды жалғастыру қажеттігін атап өтіп, жобаның іске асырылуына парламенттік бақылау орнатылатынын жеткізді. Мәжілістегі ЖСДП фракциясы Жетісу өңірі тұрғындарының мүддесін және өңірлер арасындағы көлік теңдігін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, тиісті шаралар тұрақты түрде қабылдануы қажет деп мәлімдеді.
Бердібек Хабай ЖСДП баспасөз қызметі