Жоламан кенті жолайрықта қалмасын

Семей қаласы жаңаша бетбұрысқа өзгеріп, инфрақұрылым жаңғырып жатқан тұста Жоламан кенті қатарынан қалыс қалып отыр. Өкінішке қарай, бұл аймаққа назар көп аударыла бермейтіні тұрғындардың арқасына аяздай батып отыр. Жоғарыда айтылған мәселе Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалының бастамасымен іске асырылып жатқан «Әлеуметтік патруль» жобасы аясында мәлім болды. Соған орай Абай облыстық филиал төрағасы Рүстем Сарманов Жоламан кентіндегі тұрғындардың шағымы мен мәселесіне құлақ асып, кездесіп қайтты.

Атап айтсақ, апатты жағдайдағы тұрғын үйлер, су мәселесі, электр жарығының тұрақсыздығы, көше жолдары мен жарықтандыру, балалар алаңы, инфрақұрылым объектілерінің алыс орналасуы сынды мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, Жоламан тұрғыны Әділбаева Бұлбұл Сақанқызының айтуынша тұрғындар үшін кентте тұру қолайсыз. «Әлі де болса тұрғындар базалық тұрмыстық жағдайға зәру. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген баспаналар – адам өміріне қауіпті. Елді мекенде орталықтандырылған су жүйесінің жоқтығы қарт адамдар мен көпбалалы аналар үшін бұл – күнделікті қиын жағдайға айналған. Жарықтың жиі өшуі техника мен тұрмыстық өмірге үлкен зиян келтіреді. Кейбір үйлерде жарық тіпті кешкі уақытта ғана беріледі. Біз көп нәрсе сұрамаймыз. Бізге 9 қабатты үй керек емес. Бастысы – апатты үйлердің орнына 4-5 қабатты заманауи тұрғынүйлер салынып, біз адам сияқты өмір сүрсек дейміз» - деді. Мұндай жағдай 21 ғасырда, Семей қаласында орын алып жатқаны өкінішті. Бұл жай ғана бір кенттің мәселесі емес. Бұл елдегі әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі.

ЖСДП Абай облыстық филиалы бұл үнсіздікке бейжай қарамайды. Біз халықтың даусын жеткізуді азаматтық парыз деп білеміз. «Әлеуметтік патруль» — қоғам мен билік арасындағы көпір болуға бағытталған нақты жоба. Біз барлық тіркелген мәселені фото және видео айғақтармен қоса Жаңасемей ауданы мен қала әкімдігіне, тиісті басқармаларға жолдаймыз.

Бұл рейд соңғысы емес. Біз алдағы уақытта басқа да ауылдар мен қаланың шет аймақтарына барып, шынайы жағдайды анықтаймыз. Біздің мақсат – жүйелі өзгеріске ықпал ету.

Баяғы жартас – сол жартас болып қала бермеуі үшін қоғам да, билік те бірге әрекет етуі қажет деп ойлаймыз.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Абай облыстық филиалы