ЖСДП Арнайы әлеуметтік карталар беруді ұсынды

Бүгін Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ЖСДП фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Өзінің депутаттық сауалында Нұрлан Сатыбалдыұлы елімізде дәрі-дәрмектерді жеңілдетілген бағамен алу үшін арнайы әлеуметтік карталар беруді ұсынады.

Депутаттық сауалдың толық нұсқасын төменнен көре аласыздар.

Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке жолданады. Құрметті Олжас Абайұлы!

2021 жылдың 16 шілдесінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің №61 бұйрығына сәйкес елімізде дәрі-дәрмекке байланысты сооплата яғни (қосып төлеу) жүйесі енгізілген болатын. Аталмыш шешім осы жылдың 20 қазанынан бастап күшіне енгені белгілі. Бұл шешім елді дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жүйесін түбегейлі өзгертері анық. Өзгертумен қатар салада түрлі қиындықтар туғызып отыр. Бұл жағдайда ең алдымен сала нарығы монополизацияланады. Демек, мемлекет тарапынан жеңілдікпен босатылатын дәрілер тек ірі дәріханалар желісіне ғана келіп түседі деген сөз. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті тұншықтырып, бірнеше ірі ойыншының бюджет қаржысын игеруіне жол ашары анық. Сонымен қатар, олар азаматтардың төлемдері есебінен түсетін орасан зор табысқа кенеліп, салада таза олигополияның орнығуы ықтимал.

Мәселені Президенттің өзі сынға ала отырып, өз сұхбатында: «Олигополия – бұл экономика саласындағы саны шектеулі адамдардың үстемдігі деген сөз. Осы мәселені шешпесек, экономикамыз дамымайды, ішкі саяси ахуал мүлдем нашарлап кетеді», – деген болатын.

Біздің пікірімізше, сооплата – әлеуметтік жағынан әділетсіз қадам. Денсаулық сақтау министрлігінің жоғарыдағы бұйрығының салдарынан азаматтар өздеріне тиесілі дәрілер үшін қосымша құн төлеуге мәжбүр. Нәтижесінде созылмалы ауруы бар адамдар, зейнеткерлер, табысы төмен отбасылар, ауыл тұрғындары мен көпбалалы отбасылар үлкен зиян шегіп отыр. Азаматтарымыз мемлекет тарапынан бұған дейін тегін әрі жеңілдетілген бағамен алып келген дәрі-дәрмектерін алу үшін қалтасынан қосымша қаражат шығаруға мәжбүр.

Тағы бір атап өтетін жағдай – аталмыш сооплата жүйесі толыққанды ашық әрі айқын емес. Бұл жүйе де сол баяғы «Әлеуметтік әмиян» бағдарламасы тәрізді қарапайым тұрғындар үшін түсініксіз әрі бұлыңғыр болып отыр. Жағдайды ескере келе, ЖСДП әлеуметтік статусы бар кез келген ел азаматына ешқандай делдалсыз дәрі-дәрмектерді жеңілдетілген бағамен алу үшін арнайы әлеуметтік карталар беруді ұсынады.

Ол үшін министрліктің диспансерлік тізіміндегі азаматтардың жеке әлеуметтік карталарына мақсатты қаражат аударылуы қажет. Осы карта арқылы тұрғындар кез келген дәріханадан өзіне тиесілі және қажетті дәрілерін алуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Сол кезде жүйеде толық ашықтық орнап, коррупция мен артық әкімшілік кедергілер жойылады. Сондай-ақ барлық дәріханалар үшін тең мүмкіндік жасалып, халықтың Үкіметке деген сенімі артары анық.

Айтылған жағдайға байланысты ЖСДП төмендегіні ұсынады:

  1. Сооплата енгізу туралы бұйрықты қайта қарауды;
  2. Механизмге антикоррупциялық және олигополиялық сараптама жүргізуді;
  3. Дәрі-дәрмек таратуды тек санаулы ірі дәріханалар желісі арқылы емес, барлық нарық субъектілері үшін тең жағдай жасауды;
  4. Ашық, әділ және тиімді нұсқа ретінде әлеуметтік карта жүйесін енгізуді ұсынады.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының депутаттары Әуесбаев Н.С. Рахымжанов А.Н. Сағандықова А.Б. Сайлаубай Н.С.