Кең-байтақ еліміздің экономикасы күшті, қуатты мемлекетке айналуы үшін өндірістерді көптеп дамыту керек. Сол өндірістерді әсіресе тоқырауға ұшыраған ауылдарда ашқан жөн, өйткені ауыл халқы қалаға көшіп жатыр. Егер ауылдар жойыла бастаса, онда жағдайымыз қиын болмақ. Сондықтан үлкен зауыттар мен фабрикаларды ауылдардан құрсақ, демографиялық өсім де болады.
Ауылдарды дамыту үшін алдымен алыс ауылдар арасына кіші ауылдар салынғаны дұрыс. Сонда мал мен егінге ыңғайлы болып әрі жол бойы көлік қатынауы ұлғайып, ауылдарға деген ынта арта бастайды. Жолдар бойына салынған кіші ауылдар, әсіресе аязды қыста жолаушыларды әртүрлі апаттан сақтауға да қажет. Ауылдар мен қалалардың ішкі тығыз байланысы түрлі дағдарыстан қорғайды.
Қалалармен іргелес жатқан ауылдарды бөліп дамытудың қажеті жоқ. Бәрі кешенді түрде қамтылуы керек. Мәселен, қалада ашылған сүт зауытына қажетті шикізат іргедегі ауылдардан жиналуы керек. Сол секілді ауылда өсірілген көкөніс, бақша өнімдері қалада өңделуі қажет. Осындай тізбек керек. Сонда ауыл мен қала арасындағы байланыс жанданады. Ауылды дамыта алмайтын болсақ, қаланы да қарық қыла алмайтынымыз ақиқат. Осыдан біраз жыл бұрын ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бастамасы қолға алынды.
Алайда оны көтерген министр қызметінен кетті де, орнына келгендер бастаманы жалғастырмады. Соңы сұйылып кетті. Дәл осы кооперативтер дала мен қаланы байланыстыратын алтын көпір қызметін атқаратын еді. Ауыл – қазақтың күретамыры. Қазақты ауылсыз елестету мүмкін емес. Мемлекетте ауыл мәселесін естен ешқашан шығармағаны жөн.
Қазір экономиканы әртараптандыру туралы жиі айтамыз. Бұл дегеніміз шикізатқа иек артпай, «Қазақстанда жасалған» өнімдерді шығару. Яғни, ауылдарда кішігірім өндірістер мен шағын зауыттарды көбейту арқылы оларды бір-біріне қызмет етуге мәжбүрлеу керек. Олар бір-бірін толықтырып, дамудың жолына түсетін болады.
Бүгінде ауылдық жердегi өмiр сүру деңгейiн арттыру мақсатында ауылды аумақтарды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар тоқтаусыз жүруі тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің мәлiметiнше, қазiргі таңда ауыл халқының саны 7,7 млн адамды, яғни халық санының 41 процентін құрайды. Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлестi алады. Бұл – 28, 2 процент.
Елімізде 6316 ауыл болатын болса, оның iшiнен даму әлеуетi бар 3,5 мың ауыл iрiктелген. Онда ауыл тұрғындарының 88 проценті тұрады.
Иә, ауыл дегенде тынымсыз тіршілікпен айналысқан бейнеткеш жан көз алдыңа елестейді емес пе? Ауыл тұрғындарында құр алақан жату деген түсінік жоқ. Есебі мен ебін тауып кәсіп көкжиегін кеңейтуді қалайды. Оның ішінде, әрине ауыл шаруашылығын дамыту басты орында.
Қазақтың діні де, тілі де, ділі де – ауылда. Қоғамның жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, уақыт талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Сондықтан, алдымен ауылды дамыту кезек күттірмейтін қадам болмақ.
Нұрбек Дәуренбеков, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы