Алматыдағы шомылу орындарында тазалық сақталмай тұр

Жаздың аптап ыстығында көптеген азаматтар балаларымен бірге шомылатын жерлерге баруда. Осы орайда, біз ЖСДП-ның Алматы қалалық филиалының белсенділері қала іргесінде орналасқан көлдерді арнайы көріп шықтық.

Көлдердің көбі кәсіпкерлікке өткеннен кейін жағалаулар мен жағажайлар жағдайы біршама жақсарды деп айтуға болады, бірақ санитарлық тазалық бәрінде мәз емес. Қоқыс жәшіктері жоқ, дәретханалар мен киім ауыстыратын бөлмелер лас, керек-жарақтармен жабдықталмаған. Қауіпсіздік шаралары деңгейі төмен болып шықты. Адамдар көлге қоқыс тастамауы, балалар қараусыз жүрмеуі үшін мұның барлығы қатаң бақылауға алынуы қажет. Су объектілерінің жанында мінез-құлық ережелерін сақтау керек.

Бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильиннің айтуынша, биыл шомылу маусымында еліміз бойынша 45 адам суға батып кеткен, оның 14-і кәмелетке толмаған. Осы жылы суға батқандар саны 43 пайызға азайған, бірақ жағдай әлі де көңіл көншітерлік емес.

«Соңғы үш жылда еліміздің су айдындарында мыңнан астам адам суға батып кетті, оның ішінде 321 бала. Ақтөбе облысында 5 бала суға батқан, Қостанай облысында 5 адам және Абай облысында 5 адам, оның ішінде екеуі бала», - деп хабарлады Ильин.

Еліміздегі су айдындарындағы адам өліміне жабдықталмаған жерлерде және мас күйінде шомылу, балалардың қараусыз қалуы себеп болып отыр.

Жалпы, бекітілген Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, «шомылуға тыйым салынады» деген белгі тұрған жерлерде шомылуға; мас күйінде шомылуға; тексерілмеген және жабдықталмаған орындарда сүңгуге; жүзуге арналмаған заттармен жүзуге; жағада және киім ауыстыратын бөлмелерде демалушыларға жарақат әкелуі мүмкін қоқыстарды қалдыруға; су айдындарын ластауға және бітеуге, кір жууға, жанармай құюға; балаларға ересектердің сүйемелдеуінсіз суға түсуіне болмайды. Ата-аналар балаларымен профилактикалық әңгіме жүргізуі тиіс.

Шомылу маусымы кезінде жергілікті әкімдік өкілдері, төтенше жағдай қызметі аталған мәселелерді қатаң қадағалауға алуы керек.

Біз партия белсендісі ретінде осы мәселені назардан тыс қалдырмаймыз.

ЖСДП Алматы қалалық филиалы

Смотрите также: