Атырауда зиянкес құрттар ағаштарды қалдырмай жатыр

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы облыс көлемінде бірінші болып дабыл қағып, «Құртқа жем болған ағаш пен көк-желектің суарылуы» тақырыбымен қоғамдық тыңдау өткізді.

Жыл сайын жасыл-желек егу мен баптау әлемдегі барлық мемлекетте ғасырлар бойына қалыптасқан. Атырау қаласының бабы табылса, бір ғасырға дейін өмір сүретін басты желегі – қарағаш. Жайық өзені жағалауындағы 100 жасқа жетіп, әбден «қартайған» қарағаштарды көз қимаса да, 2020 жылдан бері қауіпсіздікті сақтау мақсатында кесуге тура келуде.

Кешегі қоғамдық тыңдауға келген Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Т.Әубәкіров те, 2019 жылы «Атырау қаласын көгалдандыру» тендерін 4 миллиард 690 миллион теңгеге 5 жыл (2020-2024) мерзімге ұтып алған, яғни осы жұмысты орындаушы «Каспийдормостстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары экологияның бұзылу салдарынан қарағаш тұқымының жапырақ құртына дәрменсізденгенін айтып, бұл жәндікпен әлі ұзақ уақыт күресуге тура келетінін айтты.

Жол салу мен көпір құрылысына негізделген «Каспийдормостстрой» кәсіпорнының өкілі К.Нұркиевтің хабарлауынша, КДМС жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр. Алайда қала мен оған көрші ауылдар тұрғындары, округтік әкімшіліктер бұл компания туралы 3-4 жыл ішінде ешқандай ақпараттандырылмаған, оның құртпен күресі туралы тіптен бейхабар.

Атырау қалалық әкімдігінің және КДМС инстаграм парақшаларынан соңғы 12 айда қарағаштарға түскен қоңыздар және олармен күрес жайында бірде-бір ақпарат таппадық. Салық органдары есебінен де, қала бюджетінен бөлінген 4 млрд 690 млн теңгеге қатысты, яғни жұмыс жүргізген 3 жарым жыл ішінде мемлекетке қанша салықтық кіріс түсіргенін де көре алмадық.

Қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен қала іргесіндегі оған бағынышты ауылдық округтар әкімдіктері арасында жасыл-желекке, жапырақтарды жеп жатқан заңкес құрттарға қатысты еш байланыстың жоқтығы – қоғамдық тыңдау кезінде ауыл тұрғындарының қала және округ әкімдеріне деген заңды реніштерінен көрініп қалды. Бұл серіктестіктің міндетіне қаланың басты саналатын 7-8 көшесін жасыл-желектендіру (жартысы бұрыннан егілген), гүл отырғызу, бағып-күту, әсемдеу, жапырақ құртымен, масамен күресу шаруалары кіреді. Бұл жұмыстар жылдың жылы саналатын 7 айында ғана жүргізіледі.

Жапырақ жегіш құрттар мен масаны улау жұмысын жүргізетін дезинфекциялық AG Disifection services ЖШС басшысының орынбасары Гүлсара Ходжибекова «Каспийдормостстрой» ЖШС-мен бірлесіп жұмыс істеп келе жатқандарын, алайда қала тұрғындары мен пәтер иелері кооперативтерінің пәрменді көмегінсіз бұл екі зиянкесті әлі де бірнеше жыл жеңу мүмкін еместігін ашық мойындады.

2020 жылдан бері жапырақ жегіш құрт тіптен көбейіп, жекелеген тұрғындар мен ПИК-тердің қарсы әрекеттеріне күш бермей, еңбектерін зая кетіріп жатыр. Олар улап жатқан бір жерден екінші орынға ауыса қояды. Қала әкімінің 5 тәуліктік күреске арналған шешімімен, оған кәсіпорындар мен тұрғындарды барынша мол жұмылдырумен желсіз күндері улау мен түтіндету жұмыстары бір мезгілде 3 шақырым радиустағы шеңберлі ауданда, ал келесі 4 тәулікте тез қимылмен оның сыртынан және 4 шақырым радиустағы 4-ке бөлінген шеңберлі аудандарда осы жұмысты аяқтаған жөн, сондай-ақ, бұл құрттармен бірге масаларға да үлкен «соққы» беріледі.

Ұзақ жылдар Атырау қаласы мен аудан орталықтарын жасыл-желектендіру және көгалдандырумен айналысқан «Гурьевоблремстрой» тресі «Зеленстрой» басқармасының 1990-1994 жылдардағы басшысы Көпбосынова Иза ханымның айтуынша, «мұнайлы астана» аталатын облыс орталығында жасыл-желекпен тұрақты айналысатын арнайы кәсіпорынның жоқтығына ширек ғасырдан асты. Он шақты жылдан бері қалада жаңадан егілген талдардың күтімі нашар, уақытылы бапталмайды, оның үстіне, жапырақтарын жыл сайын зиянкес құрттар жеп жатыр, жасыл түске оранған ағаштар маусым-шілде айларында-ақ бар көркі – жапырақсыз қалады. Қаламызға жұмысқа және іссапармен сырт елдерден келушілер өте көп, туристер мен қонақтар бар, солардан ұят. Қалада ағаш түрлерінің тұқымдарын жерімізге бейімдеумен өсіріп беретін бұрынғы питомник жоқ. Басқа аймақтардан әкелінгендер бірден өсіп шыға алмайды, – дейді ол.

Соңғы 7-8 жылда жапырақ құрттары Атырау қаласы мен іргесіндегі ауылдарды, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласын толық жаулап алды. Маусым-шілде айларында қарағаштардың жапырақтарын түгел жеп бітіреді, одан кейін біртіндеп өзгелерге ауыз салады.

Атырау қаласымен шектесіп жатқан Дамба, Томарлы ауылдарында үйлерге кіріп алған құрттар терезелерге, олардың жапқыштарына, төсектерге, адамдардың денесіне, тіпті ішкиімдеріне өтіп қана қоймай, ұйқыдағы балаларды шошындыруда. Жапырақ қоңыздары қала ішіндегі 6 аудан мен қала маңындағы 18 ауылдың қарағаш жапырақтарын түгелімен құртып тынды.

Қазір Атырау халқына басты мәселеге айналған экология жыры аз көрінгендей, жергілікті биліктің қоңыздармен күресте дәрменсіздіктері, тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істемеуі, бұрынғы 70 жылдық іс-тәжірибені пайдаланбай, бар нәрсені жауып тастап, дағдарысты қолдан жасаған жауапсыздықтары алдағы уақыттарға алаңдаушылық пен сенімсіздік туғызуда.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан қалалықтар мен ауылдар тұрғындарының жанайқайы, сын-ескертпелері негізінде ЖСДП-ның Атырау облыстық филиалының жетекшісі Нұрайнаш Балтабайқызы Камалова 4 мәселеден жасақталған өтініш-ұсыныстарды қала әкімі Шәкір Кейкинге табыстады. Онда мына мәселелер айтылды:

1.Қарағаш қоңызын улау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы бұқараны уақытылы ақпараттандыруды сұраймыз. Мердігер мекеменің де атқарған жұмыстары жайында халық алдында әлеуметтік желі арқылы есеп берілсін.

  1. Қарағаш қоңызымен күресті тиімді жүргізу мақсатымен Атырау қаласының барлық мекемесі мен коммерциялық, сауда-саттық орындарына, пәтер иелері кооперативтері (КСК) мен меншік иелері бірлестіктері (ОСИ) және жеке тұрғын үй иелерімен түсінік жұмыстары ұйымдастырылып, зарарсыздандыру жұмыстары қала аумағында жаппай жүргізілуі тиіс.

3.Ауылдық округ әкімдеріне осы мәселе бойынша нақты тапсырма беріп, жүйелі жұмыстарды талап етсеңіз. Осы мәселенің шешімін табатынына сенім білдіреміз.

Жұмабай ДОСПАНОВ, ЖСДП Атырау оболысы

Смотрите также: