АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАҒАННАН АУЫЛ ХАЛҚЫ НЕ ҰТТЫ?

2021 жылдан бері ауылдық, кенттік округтер және ауданға бағынышты қалалар әкімдерін жергілікті тұрғындарының тікелей дауыс беруімен 4 жыл мерзімге сайлау жүріп жатыр. Елімізде барлығы 2 346 округ болса, 4 жылға 1-ші сайлаудың мәреге жетуіне 6 жыл қалды.

Округ әкімдерін сайлау халық көңілінен шығып жатыр ма?

2021 жылдың шілдесінде Атырау облысы бойынша алғаш рет 18 округ әкімі халықтың тікелей сайлауымен бұл лауазымды иеленген еді. Бірақ, ә дегеннен, билік пен оның бас партиясы тізгінді сол бұрынғы әдетпен өз уысынан шығармады. Оған мына көрсеткіштер дәлел: сайланған 18 әкімнің 16-сы мемлекеттік қызметшілер, сол 18-дің 15-і «Нұр Отан», біреуі «Адал» партияларынан.

Округ әкімдерінің сайлауында одан үміткер кем дегенде 1 жыл мемлекеттік қызметте болмаған жағдайда, дауысқа түсуге тіркеле алмайды. Ал, жоғары мемлекеттік қызмет – Парламент депутатына ешқандай мемлекеттік лауазымда болмаған адамның сайлануына жол ашық. Осы 1 жылдық мемлекет қызмет өтілі ауыл тұрғындары үшін кедергі.

2021-2023 жылдар аралығында республика бойынша сайланған округ әкімдерінің жартысы осы лауазымды бұрыннан атқарып келе жатқандықтан, біраз көлеңкелі жайларды аңғаруға болады.

Ауыл әкімі халық сөзін тыңдауға құлықсыз ба?

Облыс орталығы – Атырау қаласына бағынышты Дамбы ауылдық округінің әкімі, музыка пәнінің мұғалімі Ұзақбай Байзуллин 2013 жылдың тамызынан бері осы лауазымды атқарып келеді. 2017 жылдың тамызында қалалық мәслихат депутаттары оны 4 жыл мерзімге, ал 2021-жылдың шілдесінде округ тұрғындары баламалы негізде екінші мерзімге сайлаған. Ол биыл 8 ақпанда күні бойы трактормен ауыл ішіндегі қарды күреуімен интернетте жүздеген оқырманның ықыласын иеленумен республикаға танылып қалды.

Әкім болғанына 10 жыл толған Ұ.Байзуллин турасында округ тұрғындарының ой-пікірлері екіге жарылып отыр. Себебі ауылда шешілмей жатқан мәселе аз емес. Мысалы, қазіргі мектеп ғимаратына 43 жыл, кезінде 380 оқушыға арналып тұрғызылған. Ауыл тұрғындары жыл сайын көбейгесін, бүгінде білім алушы балалар саны 600-ге жетіп қалды, екі ауысыммен оқиды. 8 жыл бұрын үш қабатты жаңа мектептің құрылысы басталған еді, аяқталмай тоқтап қалғанына 3-4 жыл. Ауылдағы 120 орындық балабақшадан орын алу өте қиын, мәселе тек қалалық білім бөлімі арқылы шешіледі, сұраныс екі есе артық.

Округтің өз мәдениет үйі жоқ, бұрынғы колхоз – бүгіндегі балық аулау және өңдеумен айналысатын Аманкелді атындағы кооперативтен жалға алып отыр, мәдениет қызметкерлерінің жұмыс орны осында. Халық бұл ғимараттың өз ауылына тегін қайтарылуын қалайды.

Сонымен қатар, медициналық пункт ескі, 1956 жылы салынған. 4 мың тұрғыны бар округте бір дәрігер жоқ, анда-санда Атырау қаласынан келеді. Оларды күте алмаған науқас жандар сол қаланың емдеу орындарына өздері аяқтай баруға мәжбүр.

Сондай-ақ, Жайық жағасындағы Дамбы ауылында жасыл-желекті суаратын судың жоқтығына 4 жылдан асты. Ал көшелердегі жаяу жүргіншілер жолдары сын көтермейді, сапасыз, жұқа қылып салған. Кейбір жерлерде топырағы шығып жатыр, шөп басып кеткен.

Ауылдық қоғамдық кеңес құрамын округ әкімі өзі таңдайды. Тұрғындар жиналыстарында төрағалық пен хатшылықты халыққа сайлатпай, өзі мен әкімшілік қызметкері екеуі жүргізеді. Хаттамаларға ауыл тұрғындарының айтқандары, сын-ескертпелері мен ұсыныстары сол күйінде жазылмайды, тіпті сөйлеушілер енбей қалады. Округтің әкімшілігі халықтың жиналыстарына барынша көптеп қатысуына ынталы емес.

Сайланбалы округ әкімінің жұмысынан іс жүзінде оң өзгерістер бар ма?

Қолында нақты билігі мен қаржысы жоқ округ әкімдері ауыл тұрғындары проблемасын шешуде қауқарсыз. Сондықтан мемлекет басшысы осы мәселеге басты назар аударуы керек, өйткені әкім еш қорғансыз, дәрменсіз ауыл халқының мұң-мұқтажына қамқор бола алмайды.

Ауылда жылдар бойы шешімін таппай, бітеу жара сияқты сыздап жатқан мәселенің, бітпей тұрған көп шаруаның бір ұшы әкімге келіп тірелетіні анық. Мұнда бюджет мардымсыз, маман тапшы, қол қысқа, техника жетіспейді деген сыңайдағы кедергі көп.

Құрманғазы ауданының Орлы ауылына келетін болсақ, округ әкімі Жандос Бектеміровтің есеп беру жиналысында аудандық шенеуніктер мен халыққа қызмет ететін мекеме басшылары өз міндеттері мен жауапкершіліктерін округ әкімдеріне аударып салып, өздері шіреніп отырғандарын көрген ауыл тұрғындары ренжіп қалысты.

Осы ауылда шешімі табылмай келе жатқан екі-үш мәселені халықтың өтініші бойынша айтып кетейін: Біріншіден, ауылдағы адам жерлейтін қорым ауқымы тарылумен жабылып қалғанына 4 жылдан асты. Дереу жаңа қорымның орны белгіленіп, құжаты алынғанымен, осы уақыт ішінде қоршауға керекті 8 миллион теңге әлі табылар емес. Адамдар бұрынғы қорымдағы мәйіттердің арасындағы бос көрінген орындарға жерлеуге мәжбүр болғанда, тапқан орындарды қазғанда ескі молаға тап болып масқараға ұшағандарын көзімізбен көрдік.

Екіншіден, ауылдағы бір көшенің жарығына 10 жыл бойына 10 шам қойылмай, жиналыс сайын жыр болуда. Жылына 20 млрд теңге таза пайда көріп келе жатқан облыс орталығындағы «Атыраужарық» жекеменшік компаниясын айтпағанның өзінде, оның аудандағы бөлімшесі бюджеттен тендер арқылы жыл сайын 100 млн теңге алып отырғанын, оның басшысы аудандық мәслихаттың депутаты екенін ескерсек, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» мақалын әлсін-әлі айта бергің келеді.

Округ әкімі халықпен кездесуге тиянақты дайындалуы керек, аудандық шенеуніктер мен басшылардың алдына халық шешімін күтіп отырған мәселелерді ресми түрде жеткізіп, жауаптарын аудан әкімі қатысуымен болған жиналыста өз ауыздарынан естулері керек. Ол жиналысқа ауылдың барлық тұрғындарының қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс.

Соңғы жиналысқа аудан әкімі айналасындағы барлық басшыларды ертіп келді, бірақ олардың біреуі халыққа жақ ашпастан тайып тұрды. 85 жастағы қарияның жан-айқайына да мойын бұрмады.

Тағы бір айтатын жай, есеп беру жиналыстарына әкімдер 10-ға тарта полицейді не үшін жинап әкеледі, халықты қорқытуға ма, әлде өздерін қорғау үшін бе?

Сайланған округ әкімдері қызметінен әзірге айтарлықтай оң өзгерістер көріне қоймағаны көңілге күмән мен күдік ұялатып үлгеруде. Халық үйіп-төккен уәде мен уақыт созар алдарқатудан жалыққандарын ашық айтуы жиілеп барады. Нақты қызметті, іскерлікті күтеді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның аймақтық филиалдары өзінің жергілікті бастауыш ұйымдары мен белсенділері арқылы осы маңызды мәселенің түбегейлі шешілуін берік ұстаныммен қадағалауға араласатын болады. Өйткені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық бастамасы мен тапсырмасы бұрынғы қасаң әдеттің шаужайында кетпеуі керек.

Жұмабай ДОСПАНОВ, Атырау қаласы

Смотрите также:
Депутатские запросы
02.05.2024
Наурыз Сайлаубайдың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыл шаруашылығы техникасы бағасының өсуіне қатысты жолдаған депутаттық сау
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.