Ауылдың ахуалы ЖСДП назарында

Осы жылдың 18 қыркүйегінде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев өзімен бірге әріптесі қол қойып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.А. Бектеновке еліміздегі ауылдар мен елді мекендердің жағдайына байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Бүгін Премьер-Министр осы бір топ депутаттың атынан жолданған сауалға жауап берді.

Нұрлан Әуесбаев өзінің сауалында еліміздің солтүстік облыстардағы шағын елді мекендер мен шекаралас аудандарының көптеген тұрғындарының өміріне әсер ететін күрделі мәселеге назар аударған. «Солтүстіктегі ауыл тұрғындардың алдында тұрған елеулі қиындықтар туралы бәріміз білеміз. Нақтылау үшін Петропавлдан екі жүз шақырым қашықтықта орналасқан Балуан ауылын мысалға алмақпын. Бір кездері бұл жер өркендеген және үлкен ауыл болған еді. Қазір ауыл аумағында бес-алты отбасы ғана тұрады, олардың арасында үйінен кетуге мүмкіндігі жоқ жалғызбасты адамдар бар. Олар күнкөріс үшін мал ұстайтыны анық. Енді сол малды бағу үшін ауыл маңында жер жоқ! Қалыптасқан жағдайдың басты себептерінің бірі – бұрын осы елді мекеннің пайшыларына тиесілі жерлер, үшінші тұлғаларға олардың келісімінсіз берілген. Нәтижесінде, ауыл құлдырап, шаруашылық тұралап жатыр. Тіпті ауыл біртіндеп жойыла бастады. Мұндай жағдай еліміздің көптеген елді мекендерінің басында бар. Айта берсек мысалдар өте көп. Ауылдардың құлдырауы мен жойылып бара жатқанын ескере отырып, бұл жағдайды жақсартуға және осы жерлерде тұратындарды қолдауға көмектесетін кешенді шараларға назар аудару өте маңызды»,-дейді депутат.

Халық қалаулысынын алаңдатып отырған бұл мәселеге Үкімет басшысы былай деп жауап берді. «Жер үлестерін пайшыларға хабарламай үшінші тұлғаларға беру проблемасын шешу үшін Үкімет Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жер қатынастары мәселелеріне жетекшілік ететіп, ауыл халқының мұқтажы үшін жерлерді қайта бөлуді, сондай-ақ жер ресурстарын ұтымды пайдалануды бақылау жөнінде 28.04.22 жылы республикалық комиссия құрды. Комиссияның жұмысы шеңберінде шартты жер үлестері иелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бірқатар түзетулер әзірленді. Түзетулерді Парламент Мәжілісінің депутаттары қолдамады. Осыған байланысты қазіргі уақытта өңірлердегі ведомствоаралық және жұмыс комиссияларының отырыстарында мәселелерді жеке қарау арқылы шешу бойынша жергілікті тәсіл қолданылады. Проблемалы мәселелер әр кәсіпорын бойынша нақты пысықталуда. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдар шартты жер үлесіне құқықтарын жоғалтқан пайшыларға әлеуметтік көмек төлеу мақсатында келісімдер (шарттар) жасасу бойынша агроқұрылымдармен жұмыс жүргізді. Осы жұмыстың нәтижелері бойынша 21,6 мың пайшының 16,6 мыңымен келісім жасалды. Сөйтіп 2023 жылы ақшалай 296,1 млн теңге және заттай түрде 19,6 мың тонна өтелді. Одан бөлек, Бүгінгі таңда республикада тұрғындарының саны 50 адамға толмайтын 546 ауылдық елді мекен бар. Негізінен мұндай шағын ауылдар басқа елді мекендерден едәуір қашық орналасқанын ескере отырып, шағын ауылдарды қолдаудың ұтымды шараларының бірі кластерлік тәсіл болып табылады. Онда бірнеше көрші ауылды қажетті әлеуметтік объектілерді орналастыру арқылы біріктіріп, даму әлеуеті бар ауылдарды қолдау көзделеді»,-дейді. Бұған, қазіргі уақытта елімізде даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл, оның ішінде 1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың спутниктік ауылдың барын ескерткен. Қазіргі таңда осы елді мекендерде ауыл халқының 90% тұрады,-деп нақтылаған. Қазіргі таңда мұндай ауылдарды қаржыландыру негізінен «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатыны белгілі.

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы ҚР Заңының 3-тармағының 2-бабына сәйкес халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай мекен тұрғындарының орталық ауылдарда көрсетілетін қызметтерді пайдалануына болады әрі осы АЕМ-де тұру құқығын сақтайды. Мемлекет оқушыларды тасымалдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ пошта, медициналық қызметтер көрсетуді және т.б. қоса алғанда, базалық инфрақұрылымды қолдауды жалғастыруда. Тұрғындардың саны аз (50 адамнан кем) АЕМ халқы үшін жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға бағытталған адамдардың ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы көзделген, оған сәйкес басқа елді мекендерге жұмысқа орналастыру, тасымалдау, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй беру сияқты жағдайлар ұсынылады. Бұдан басқа, мұндай ауылдарды қолдау жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудандарды, ауылдық округтерді дамыту жоспарлар, жекелеген жобалар, бюджеттік бағдарламалар, іс-шаралар есебінен іске асырылады»,- делінген жауапта.

Депутат көтерге келесі мәселе ол ауыл тұрғындарының басқа өңірлерге қоныс аударуы барысындағы келеңсіздіктер болды.

«Әрине, Үкімет бұл қалыптасқан жағдайды азаматтарды оңтүстік аймақтардан солтүстікке көшіру арқылы өзгертуге тырысуда. Өкінішке орай, онда да азаматтарды көшіру бағдарламасына бөлінген мемлекеттік қаражатты ұрлау схемалары ашылуда. Айтып кетер болсақ: Бас прокуратура осы бағдарламаны іске асырудағы көптеген заң бұзушылықтар туралы хабарлады. Ведомствоның хабарлауынша, миллиард теңгедей ұрланған! Бұл біз көріп отырғанның кішкене ғана бөлігі. Барлық жерде сыбайлас жемқорлық бар! Қарапайым халық әділетсіздіктен шаршады! Үкімет сыбайлас жемқорлық схемаларын болдырмау үшін қоныс аудару бағдарламаларының іске асырылуын бақылауды күшейтуі қажет. Сондай-ақ, функциялардың қайталануын болдырмау және проблемалардың тиімді шешілуін қамтамасыз ету үшін ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерімен айналысатын әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді жақсарту бойынша шаралар қабылдау қажет деп есептейміз»,-деді.

Депутаттың сыбайлас жемқорлық туралы сынға ала отырып көтерген сауалына қоныс аудару бағдарламалары бойынша ашықтықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрсеткен. Онда Үкімет 2023 жылғы қазаннан бастап Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына бірқатар түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізілгенін тілге тиек ете келе Үй сатып алу мен бағалауға байланысты ережені алға тартқан. Бір ерекшелік 2025 жылғы наурыздан бастап жобаны автоматтандыру жоспарлануда екенін айтқан. Осылайша сандық үлгіде жүргізілген жұмыс жемқорлықтың алдын алатындығына сенім білдірген.

Мүмкін сандық жүйе шынымен де сапалы болуы ықтимал. Бірақ біздің елді банк жүйесінің өзін бұзып кіріп, түрлі алаяқтар еркінсіп кеткенін ескерсек жүйені жақсылап жобалау керек құсайды.

Сонымен ЖСДП фракциясының депутаты жолдаған бұл сауал шынымен де Үкіметтің санасына салмақ түсірген сыңайлы.

Сөз соңында Премьер-Министр Олжас Бектенов, «Бұдан басқа, қазіргі уақытта барлық өңірлер мен АЕМ үшін бірыңғай цифрлық платформаны енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде, ауылдың цифрлық картасы әзірленуде. Бұл онлайн-режимде АЕМ-нің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік органдар арасындағы бірлескен жоспарлауға және жедел шешімдер қабылдауға мониторинг пен бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі уақытта өңірлік саясатты дамытуды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның шеңберінде елді аумақтық-кеңістікте дамыту бойынша, оның ішінде шағын және моноқалаларды, ауылдық аумақтар мен агломерацияларды дамыту саясатын айқындай отырып, жаңа тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерін ескере отырып, орталық пен өңірдің өзара іс-қимыл проблемаларына кешенді талдау жүргізілуде. Жалпы ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында»,-деп қосқан.

Не дегенмен де заңдағы олқылықтарды қайта пысықтап, шағын ауылдар мен ауылшаруашылығының дамуы және пайшылардың мәселесі төңірегінде біршама жұмыс атқару керек құсайды. Себебі пай дауы бәз біреуге пайда әкелу емес жұрттың тұрмысын оңалтуға пайдасы тигені ел үшін де Үкімет үшін де тиімді болмақ.

ЖСДП баспасөз қызметі

1

Смотрите также: