Бұл мәселе ЖСДП-ның ерекше бақылауында, Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракцияның депутаттық сауалдарына да себеп болды.
Бүгін Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асырудың алдын ала қорытындысы шығарылды. Белгілі болғандай, облыс әкімдіктері бюджет қаражатының тек 27% игерген, қаражатты ең аз игерген өңірлер – Ұлытау облысы мен Алматы облысы. Ал Премьер-Министр Әлихан Смайылов бірқатар ауылдарда әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру мерзімдері сақталмай жатқанын ашық мойындады.
«Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, тендерлердің уақтылы өткізілмеуі, тиісті бақылаудың болмауы нысандарды салу мерзімдерінің бұзылуына әкеп соғады», - деді министрлер кабинетінің басшысы.
Ұлытау облысының Атасу, Бидайық, Бостұмсық және Сарысу ауылдарындағы медициналық мекемелердің құрылысы 2022 жылы республикалық бюджеттен толық көлемде қаржыландырылды, бірақ құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында ұзындығы 53,5 шақырым жол құрылысы былтыр аяқталуы тиіс еді. Бірақ жоспарланған көлемнен тек 26,5 шақырымы ғана пайдалануға берілді.
«Бұл ретте келешегі бар елді-мекендерді дамыту мәселесі ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Кейіннен олар жақын маңдағы келешегі аз елді-мекендердегі тұрғындарды өзіне тартуы тиіс», - деп есептейді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) ауылдарды келешегі бар және келешегі жоқ деп бөлуге болмайды деген ұстанымын айтқан болатын. Партия еліміздегі 2400 ауылдық елді-мекеннің жабылуына қарсы. 27 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал қойып, ауыл тұрғындарының өміріне назар аударған еді.
ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында халықты шалғайдағы қалған 2,4 мың ауылдан аудан орталықтары мен ірі қалаларға көшіру жұмысын жалғастыру болжанып отырғаны көрсетілген. Бұл ауылдарда 750 мыңға жуық қазақстандық тұрады.
«ЖСДП фракциясы Үкіметтің мұндай саясатын қолайсыз деп санайды және Тұжырымдаманы қайта қарауды ұсынады», - деп атап өтті халық қалаулысы. Ол тірек және соның төңірегіндегі спутниктік санаттарға жатқызылған, сондай-ақ мемлекет дамытпайтын шалғайдағы ауылдық елді-мекендердің толық тізбесін ұсынуды сұрады.
«Келешегі бар» және «келешегі жоқ» ауылдар тізімі қандай критерийлер бойынша анықталды? Бұл ретте, даму әлеуеті бар ауылдық елді-мекен тізбесіне кірмеген шағын елді-мекендер мен ауылдардың тұрғындарын республикалық бюджет қаражаты есебінен басқа елді-мекендерге көшіру жағдайлары айқындалатыны жайында Тұжырымдамада жазылған. Осыған байланысты Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілмекші. Бұл ережелерді қашан және кім қабылдады? Ауыл тұрғындарына қандай жағдай жасалады және бұл қай өңірлерге әсер етеді? – деп сұрақ қойған Нұрлан Әуесбаев, – Өз кезегімізде, үкімет алдағы жылдары «жоюды» жоспарлап отырған ауылдардың жағдайына талдау жасай отырып, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы ауыл тұрғындарын пай жерлерінен біржола айырып, сол жерлерде өз активтерімен қалғысы келетін адамдардың пайдасы үшін жасалғандай әсер қалдырып отыр», – деп қорытындылады сөзін депутат. Жауап әлі келген жоқ, партия бұл мәселені бақылауда ұстайды.