Қазақстанда киберспорт қарқынды дамып жатыр. Бірақ кейбір мәселелер әлі де шешуді қажет етеді. Электронды спорттың жанашырларының бастамасымен 2017 жылдың желтоқсанында «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Ал 2018 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті киберспортты ресми түрде мойындады. Алайда оны толықтай дамуы үшін төменде айтылған бірнеше факторларды реттеу қажет болып тұр.
Еліміздегі киберспорт түрінің дамуы мен оған кедергі болып отырған кейбір жайттарды ЖСДП-ның Қостанай облстық филиалының мүшелері зерттеп көрген болатын. Тіпті спортшылардың өзімен де арнайы кездесулер ұйымдастырып, пікірлерін сұрап білген.
Жоғары пинг жол байлау
Қазақстандағы киберспортта Пинг (интернет байланысының кешігуі) негізгі мәселелердің бірі болып тұр. Киберспортшылар үшін ойын кезіндегі дәлдік пен жылдам реакция өте маңызды. Ал пингтің жоғары болуы ойын сапасын айтарлықтай төмендетеді. Қазақстанда серверлерге қосылу ұзақ болғандықтан, пинг жоғары деңгейде. Мәселен біздің елде кибер ойын серверлері жоқ болғандықтан ойыншылар шетелдік серберлерге қосылуға мәжбүр.
Қазақстандықтар шетелдік командада өнер көрсетіп жүр
Қазақстандық ойыншылардың шетелдік командаларда өнер көрсетуі, елдегі киберспорт инфоқұрылымының дамуына кедергі келтіреді. Мысалы, Абай «Hobbit» Хасенов, Дәурен «Adren» Қыстаубаев сынды танымал ойыншылар ресейлік Gambit Esports командасы құрамында әлемдік деңгейде жетістікке жетті. Өз кезегінде бұл шетелдік командалардың қаржылық қолдау мен жаттығу мүмкіндіктерінің тікелей әсері екені шындық.
Биылдан бастап киберспорт олимпиадалық сипатқа ие болды, алғашқы олимпиадалық киберспорт ойындары 2025 жылы Сауд Арабиясында өтетіні белгілі болады.
4 қыркүйек күні «Qazaq Cybersport Federation» РОО-ның атқарушы директоры Қазбек Жанғазиев пен «Qazaq Cybersport Federation» ҚҚ президенті Мұрат Сандыбаевтың қатысуымен «Qostanai Cybersport Federation» ұйымының салтанатты ашылуы өтті. Тараптар өзара меморандумға қол қоя отырып біршама істі тізе қоса атқаруға уағдаласты. Федерацияның міндеттері қатарына елдегі 20 киберклубының ойыншыларын бір күшті командаға біріктіру мен киберспорттық турнирлер мен жарыстар өткізу үшін инфрақұрылымды дамыту енгізіліп отыр.
«Бұл екі-үш ай бұрын ғана келген ой емес, екі жылдан бері электронды спорт түрін дамыту үшін қоғамдық бірлестік құру ойда жүрді және осы спорттың жарқын болашағы бар екенін айтып келемін. Үш жылдай АҚШ-та тұрған уақытта киберспорттың аса танымал екенін және үнемі турнирлер өткізіліп тұратынын білдім. Өкінішке қарай бізге барлығы кеш жетеді», - дейді «Qostanai Cybersport Federation» ҚБ директоры Тимур Ералин.
Әлемнің әр түпкірінде танымалдыққа ие «Dota 2», «Counter – Strike 2» секілді ойындар бүгінде киберспортта ойнатылады. «Cyberland PRO Team» командасы жергілікті және халықаралық турнирлерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Олар ойын шеберліктері мен стратегиялық ойлау қабілетін көрсетіп жүр.
Тимур Ералиннің айтуыша, Қостанай облысында киберспорттың дамуына кедергі болатын басты мәселе - спортшыларға жағдайдың жасалмауы. Жағдайдың болмау себебі, қоғамның осы спорт түрінің маңызын түсінбеуі. Киберспортшыларға жоғарғы деңгейге жетуі үшін күнделікті кем дегенде 8 сағаттық дайындық қажет, ал ол үшін лайықты жалақы төленуі керек. Біздің киберспортшыларымыз күнделікті 8 сағат уақыттарын дайындықпен өткізе алмайды себебі, тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге мәжбүр. Лайықты жалақы төленген жағдайда ғана киберспортшылар ешнәрсеге алаңдамай дайындалып, жетістіктерге жете алады,- дейді ол.
Компьютер ойыны көп адам ойлағандай бозбаланың ермегі емес, қомақты қаржы айналатын индустрияға айналған. Қазақстанда бұл спорттың болашағы зор, ал Қостанай облысында оның дамуына қолдау қажет. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялар арқылы еліміздегі киберспортшылар халықаралық деңгейде одан әрі дами алады.
ЖСДП Қостанай облстық филиалы