Балалар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды

ЖСДП партиясының Алматы филиалында тарихшылар, журналистер, кинематографистер, спортшылар, діни құрылымдардың өкілдері, заңгерлер, белсенділер, ЖСДП партиясының мүшелерінің қатысуымен «Ұрпақтар сабақтасты: жаңа көзқарас пен жаңа жол!» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара барысында медицина, зейнетке шығу жасын төмендету, қымбатшылық, заңсыз құрылыстар, жолдарды жөндеу мәселелері қозғалды. Тарихшылардың айтуынша, қоғамда ортақ идеологияның болмауы бағыт-бағдарды айқындауда қиындық туғызады. Басқа елдердің құндылықтарын насихаттағанша, өз тарихымызды, дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды дәріптеп, балаларымызға балабақшадан бастап ұлттық сана-сезімді сіңірген жөн.

«Біз балаларымызға қатысты барлық заң жобасын қарап отырамыз. Соңғы уақытта елімізге жат құндылықтарды енгізетін көптеген ақпарат бар», - дейді «Қазақстандық ата-аналар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Бағила Балтабаева.

Сондай-ақ, балалар спортын дамыту керектігі айтылды. «Спорт әр адамның, әсіресе баланың өміріндегі өте маңызды компонент. Өйткені спорт тек дене шынықтыруды ғана емес, сонымен қатар мінезді де жаттықтырады», - деп есептейді спортшы, Мұстафа Өзтүрік атындағы Тхэквондо орталығының директоры, бас бапкер Қайрат Қырғызбаев.

Жиында балалар көретін мультфильмдерді, оқитын кітаптар мен ертегілерді тексеріп, олардың біздің ділімізге, моральдық және рухани құндылықтарымызға сәйкес келуін бақылау ұсынылды.

Смотрите также: