Баспана алу үшін несие беретін банктердің шарттары жұртқа қолайсыз болып тұр

Әр адам отбасымен бірге жеке шаңырақ астында өмір сүргісі келеді. Дегенмен мұндай мүмкіндік барлық қазақстандыққа қолжетімді ме? Қарапайым адамдардың баспаналы болуына банктердің берген шарттары халықтың жағдайына сәйкес келе ме?

Ресми деректер бойынша, елімізде пәтер кезегінде тұрғандардың саны – 600 мыңнан астам. Олардың 70%-ының тұрмысы төмен отбасылар. Елде жағдайы жоқ және табысы төмен адамдарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ жеткіліксіз. Тұрғын үй кезегі ұзақ жылдарға созылып, жылжымайтыны тағы бар. Сондықтан кейбіреулеріне мемлекеттік бағдарламалар арқылы банктен несие рәсімдеуге ұсыныс жасалады. Алайда банктердің берген шарттарына халықтың келісуі неғайбыл.

Ал енді нақты болған оқиғаға көз жүгіртіп өтсек, Семей қаласының тұрғыны, атын атамауды сұраған көпбалалы ана 10 жыл бойы үй алу кезегін күтуде. Болжам бойынша, мемлекеттік жалға берілетін үйді шамамен тағы 10 жылдай күтуі керек екен. Көпбалалы анаға жергілікті тұрғын үй инспекциясының бөлімі «Ұмай» несиесі арқылы баспана алуға кеңес берген. Бірақ банктің шарттарымен танысып көріп, ай сайынғы төлемді естіген ана бес баласымен өзі жалдап тұрған үйде қалуға мәжбүр.

Осы жайттан құлағдар болған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Абай облыстық филиалы 17 қараша күні пікір алмасу және өз ұсыныстары мен ойын ортаға ұсыну мақсатында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының Абай аудандық филиалының, екінші деңгейлі банктердің, «Технология Комфорта» ЖШС үй салушы компаниясының, «Etagi Semey» ЖШС жылжымайтын мүлікті сатумен айналысатын компаниясының және Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері шақырылды.

Кездесуде «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының Абай аудандық филиал директорының орынбасары М.С.Конопья алда жоспарланған «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы үкімет деңгейінде қарастырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру жүйесі жайында ақпарат керектігіне байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бастығы И.Б.Мұсабаев пен ЖСДП ұсынған ойлары тоғысты.

Партия тарапынан айтылған ұсыныстар:

  1. «Отбасы Банктен» басқа да екінші деңгейлі банктер үшін бастапқы жарнаны 10%-ға дейін және жылдық тиімді мөлшерлемені 10-15% аралығында төмендету;
  2. «Отбасы Банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да «50/50 тұрғын үй бағдарламасы» бойынша бастапқы жарнаны 20%-ға дейін төмендету және мерзімін 13,5 жылдан (162 ай) 20 жылға (240 ай) ұлғайту;
  3. Клиенттің қарыздық жүктеме коэффициентін 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайту және тиісінше өмір сүру құнын 50%-дан 40%-ға дейін төмендету;
  4. «Халықтың қаржылық сауаттылығы» жобасын Қазақстан Республикасы деңгейінде жүзеге асыру (республикалық телеарналарда және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеке қаржылық ресурстарын басқару дағдыларын жетілдіру туралы бейнероликтер көрсету).

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірі әрқилы болды. Талқылау нәтижесінде жиынға қатысушылар ұйымдастырушыдан аталған мәселелерді ЖСДП депутаттарына жеткізуді әрі Парламент қабырғасында көтеруді ұсынды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Абай облыстық филиалы

Смотрите также: