Бәйдібек ауданының тұрғындары базынасын айтты

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев Түркістан облысы Бәйдібек ауданының халқымен кездесуі барысында жергілікті жұрт электр энергиясы тарифі қымбаттағаны, 2 000 гектар суармалы жерге су жетпей жатқаны, Кеңес одағы кезінде салынған су тоспалары мен лотоктардың ескіргені, электр желілері тозғаны туралы мәселе көтерді. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттен субсидия берілсе екен деген өтініш те айтылды.

Бәйдібек ауданының мәслихат депутаты Сылқымбек Спабеков электр энергиясын жекеменшік компанияның басқаруынан мемлекеттің басқаруына қайтару керек дейді. Себебі электр энергия — мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие салалардың бірі.

«Былтыр бізде ауа-райына байланысты бағандар қирап, халық жарықсыз қалды. Ең соңынан жарық берген ауыл 42 күндей қараңғыда отырды. Ал бұл мәселені ертерек шешуге шамамыз болмады. Неге? Өйткені электр энергиясы жекеменшік компанияның қолында. Осы жағдайды ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа жеке қабылдауында болғанда жеткіздім. Жекенің қолына өтіп кеткен стратегиялық маңызы бар саланы мемлекеттің басқаруына қайтаруға ұсыныс жасадым. Жекеменшік мекемелердің бар ісі — тарифтерді көтере беру, пайданы неғұрлым көп табу. Оған ауыл тұрғындарының да, басқасының сөзі өтпейді. Мәселен, біздің Бәйдібек ауданында 60 жыл бұрын тұрғызылған 15 мың 600 шақты ағаш баған бар екен. Қазір сол бағандар да, электр желілері де тозып кеткен. Сәйкесінше, жарық бұрынғыдан қарағанда жиірек сөніп қалып жүр. Жекеменшік компаниялар инвестиция құймайды. Инвестициялық жобамыз бар дейді және сол бойынша жылына 200 баған ауыстырмақшы екен. Есептесек, мұндай қарқынмен біздегі ағаш бағандарды жаңартып болғанша 80 жыл кететін түрі бар. Электр энергиясын жекеменшік компаниядан мемлекеттің басқаруына қайтару ұсынысымды шала-шарпы тыңдаған Энергетика министрі жекеменшік «Оңтүстік жарық транзиттің» өкілін шақырып, сол жауап береді деп тұр. Осыған қарап, министр сөзімнің мәнін ұғып жатыр деп қалай айта аламын? Мәселені шешуге бас қатырмады. Одан кейін 3 қарашадан бастап электр энергиясының тарифі қымбаттап кетті. Оған қандай негіз бар? Тарифті белгілейтін кезде кім қадағалау жасап жатыр? Тариф қатаң қадағалануы керек. Ал қазіргі кезде, шынына келгенде, ондай бақылау жүргізіліп жатқан жоқ», — дейді мәслихат депутаты Сылқымбек Спабеков.

Жамбыл ауылдық округының жер инспекторы Әбілқасым Көбеков жеке шаруа қожалықтары тоқ желілерін тарта алмай жүргеніне қапалы.

«Азық-түліктің 50 пайызы жайылымдық жерден келеді. Сол жайылымдық жерді пайдалану бойынша шаруа қожалықтарына қиыншылық туып жатыр. Себебі бұл өріске жайылатын малдарды суару үшін кезінде субсидиямен ұңғыма (скважина) қазылды. Бірақ сол ұңғыманың суын пайдалану үшін тоқ жоқ. Сондықтан электр энергия желілерін тарту үшін мемлекет субсидия берсе екен деймін. Өйткені шаруа қожалықтары өздігінен жасай алмайтынын, 2-3 шақырымға тоқты жеткізуге мұршасы жоқ екенін айтып келіп жатыр», — дейді Әбілқасым Көбеков.

Ал Бәйдібек ауданы мәслихатының депутат Дәуір Ағатаев су тоспаларының тозығы жеткенін тілге тиек етті.

«Сарқырама ауылының жоғары жағында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы басталды, сыйымдылығы — 67 млн текше метр. 2025 жылы қолдануға беріледі. Су қоймасынан үміт күтіп отырған Сарқырама елді-мекенінің 2 000 га суармалы жері бар. Соның жанынан 21 шақырымдық үлкен канал өтеді деген жоспар бар. Бірақ бір ұмыт қалып жатқан нәрсе — сол 2000 га суармалы жерлердің жер қыртысының деңгейі әртүрлі болғандықтан, мұнда су жеткізу өте қиын. 45 жыл бұрын, Кеңес одағы кезінде лотоктар мен су тоспалары (шлюздер) салынған еді. Енді олар ескіріп, құлап, сынып жатыр. Су жеткізу ауыртпалық салып тұр. Ол жерде қаншама ұжымның жері бар», — дейді.

Кәсіпкер Нұрболат Амантайұлы бизнесін дамытуға қосылатын пайызы аз несиеге қол жеткізе алмай жүргенін айтты.

«Мемлекет барлық жерде асыл тұқымды малға 2 жарым пайызбен субсидия береді. Асыл тұқымды сиырды шетелден әкелсек 200 мың теңгеден астам сома, ал Қазақстанның өзге өңірлерінен әкелсек 150 тың теңге аласың.

Мысалы, мен 30 миллион теңгеге 300 мыңнан 100 бас сатып алатын болсам, мемлекет 15 млн теңгені өзіме қайтарады. Соның арқасында 15 миллионды тағы да айналымға жіберуге мүмкіндік туады. Мемлекет беріп тұрған мұндай мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек, алайда сол ақшаны ала алмай келемін. Сондай-ақ, қымыз дайындап шығарудамыз, енді оны өзге елдерге экспорттауға да қаражат қажет. Мәрмәр тас өндіруді де қолға алдық, бірақ кәсіпті үлкейту үшін қаржылай қиындықтар болып тұр», — дейді Нұрболат Амантайұлы.

Алайда жиынға қатысқан әкімнің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев қазіргі таңда субсидия беруге мүлдем қатысымыз жоқ деп отыр.

«Себебі аудандық әкімдік қызметкерлерінің тек ауылшаруашылық бөліміндегі құжаттарды реттеуге, түгел-түгел емесін қарап беруге ғана шамасы келеді. Ары қарай субсидияны облыстан барып алады. Оған біздің ішкі бөлім қол қоймайды немесе субсидияны әкеліп бермейді, бізде ондай құзырет жоқ», — деп атап өтті.

Әкімдік өлкедегі басқа да мәселелерге қатысты қандай іс-әрекет жасап жатқаны жайында мәлімет беріп отырды.

Ал мәслихат депутаты Сылқымбек Спабеков сыртқа шыққан активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі заңға тоқталды.

«Заң қабылданды. Триллиондаған қаражат қайтарылатыны айтылып жүр, оған қуанып жатырмын. Бірақ сол заң неге жұмсақ? Әлдекімдер елден ақша ұрлап кетеді екен, сосын біз ақшаны қайтаршы деп жалынамыз. Жымқырған ақшаны өз еркімен қайтарғандарды кешіруге болатын шығар, ал қайтармай жүрген адамдарды неге қылмыстық қудалау керектігі жазылмаған?», - деген сауал тастады.

Өз кезегінде, депутат Нұрлан Әуесбаев аталған түйткілдер аудандық, облыстық деңгейде шешілмеген жағдайда, республикалық деңгейдегі уәкілетті органдарға жолдау үшін тұрғындардан мән-жайды жазбаша түрде тәптіштеп жазып жіберуді сұрады.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также: