БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер үй алуда мәселесінде қиындық барын айтады

ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен “БҚО-да 2024 жылы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккендердің тұрғын үй мәселесі” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Бұл шараға Орал қаласының прокуратурасы қоғамдық қызмет бөлімінің прокуроры Өмірзақов А.А, өнеркәсіптік қауіпсіздік департамент өкілі Булекчурин Ж.Б, БҚО төтенше жағдай департаментінің өкілі Мусиев Н.К, қалалық мәслихат депутаты Абенов Н.Н, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кешені бас маманы Ашиков А.С. сондай-ақ, 25-ке жуық саяжай тұрғындары қатысты.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың тұрғын үй мәселесін талқылау және шешімдер ұсыну болды. Іс-шараны ЖСДП БҚОФ төрайымы Анаргүл Жақсағалиқызы жүргізді. Ол өз сөзінде саяжай тұрғындарының жалпы мәселелері мен дөңгелек үстелдің маңыздылығын атап өтті.

Жиынға келген тұрғындардың басым көпшілігі құжат мәселелеріне байланысты түрлі қиындықтарға тап болғанын айтты. Мысалы, көптеген азаматтар қираған үйлерінің жақын туыстарының атында тіркеуде болғандығы салдарынан өз атына үй алу мүмкіндігінен айырылып отыр. Сонымен қатар, кейбір тұрғындардың өз аттарында басқа жылжымайтын мүлік болғандықтан, тұрғын үйге мұқтаждығы ескерілмей қалған. Бұл жағдай зардап шеккен жандар үшін ауыр соққы болып тиюде. Себебі бүгінгі таңға дейін кейбір азаматтар барып тұратын пана таппай әуіреге түсіп жүрген көрінеді. Тұрғындар әкімшілік қызметкерлерінің мардымсыз жауаптарына шағымданып, сот арқылы мәселелерін шешуді талап етіп отырғанын айтты. Алайда, сот шешімдері көп жағдайда тұрғындардың пайдасына шешілмей қалуды. Осылайша зардап шегушілерге жаңа тұрғын үй беру туралы өтініштер қабылданбай отырған көрінеді.

Осы мәселе бойынша, Орал қаласының прокуратурасы қоғамдық қызмет бөлімінің прокуроры Абылай Өмірзақов, жиынға келген жандарға мәселені қайта қаралып жатқанын жеткізді. «Бізде қазіргі таңда нақты екі үйдің мәселесі бойынша ұсыныстарды қаралып жатырмыз. Алдағы уақытта өзге тұрғындарға да көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта демеушілердің көмегімен саяжай тұрғындарына тұрғын үй беру процесі жалғасып жатыр. Әрине алдымен жағдайы нашар, көп балалы отбасылар бірінші кезекте көмек алуда. Одан кейін жағдайға қарап келесілері де баспаналы бола береді», – деді прокурор.

Сондай-ақ, Өмірзақов Абылай дөңгелек үстелге келген тұрғындардың кейбірі үй алатындардың тізімінде бар екенін, оларға алдағы уақытта үй берілетінін атап өтті. Ал қалған тұрғындардың аты-жөндерін теріп демеушілерге бағытталған тізімге қосу мәселесін мүмкіндігінше тез арада қарастыратынын айтты. Ол бұл мәселе міндетті түрде шешімін табатынына сендірді, бірақ әр іс уақыты талап ететінін айтты.

Бұл дөңгелек үстел, халықтың тұрғын үй мәселелерін шешуде қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың арасындағы бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті. Отырысқа келген саяжай тұрғындарының басты үміті – әділдікке қол жеткізіп, өздеріне лайықты үй алу болып тұр. Жиын барысында саяжай тұрғындары құзырлы органдарға қарата өздерінің мәселелерін тікелей қойып тиісті жауабын алып отырды. Және азаматтар шенеуніктермен жүзбе-жүз кездесіп дидарласуға мүмкіндік жасаған ЖСДП өкілдері мен жетекшілеріне алғыстарын айтты.

ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Смотрите также: