«Болашағы бар» жəне «болашағы жоқ» ауылдар қандай өлшеммен анықталмақшы?

Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына сəйкес 2 400 ауылдық елді-мекен жабылудың алдында тұр. 26 маусымда дәл осы мәселені көтерген Парламент Мәжілісіндегі ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаевтың депутаттық сауалына Үкімет басшысы «болашағы жоқ» ауылдар қалай анықталатыны туралы жауап берді.

Мәжілісмен Нұрлан Әуесбаев парламент қабырғасында: «2 400 ауылдық елді-мекен жабылудың алдында тұр, бұл дегеніміз 750 мыңнан астам ауыл тұрғынының алдағы тағдыры шешілмек деген сөз. Миллиондаған гектар жер иесіз қалуы мүмкін. ЖСДП фракциясы Үкіметтің мұндай саясатын қолайсыз деп санайды жəне тұжырымдаманы қайта қарауды ұсынады. Сондықтан тірек ауылдар жəне соның төңірегіндегі серіктес деген санаттарға жатқызылған, сондай-ақ, мемлекет дамытпайтын шалғайдағы ауылдық елді-мекендердің толық тізімін беруді сұраймыз. «Болашағы бар» жəне «болашағы жоқ» ауылдар тізімі қандай критерийлер бойынша анықталды? Өз кезегімізде, үкімет алдағы жылдары «жоюды» жоспарлап отырған ауылдардың жағдайына талдау жасай отырып, «Ауылдық аумақтарды дамыту» тұжырымдамасы ауыл тұрғындарын пай жерлерінен біржола айырып, сол жерлерде өз активтерімен қалғысы келетін адамдардың пайдасы үшін жасалғандай əсер қалдырып отыр. Біз егер Жаңа Қазақстан құрғымыз келсе, бұл өзекті мəселеге жаңаша қарау қажет», – деген еді.

Сондай-ақ, халық қалаулысы еліміздің қауіпсіздік жағдайын ескере отырып, Солтүстік жəне Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралық аймақтарын халықпен тығыз орналастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, əлеуметтік-экономикалық мəселелерін шешу бағытында іс атқаруды ұсынды.

Депутаттық сауалға жауап берген Үкімет басшысының айтуынша, ауылдық елді мекендерді (АЕМ) дамыту әлеуетін айқындау үшін 2019 жылғы 13 қыркүйекте «Ауылдық елді мекендерді айқындау үшін өлшем шарттарды бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің № 81 бұйрығы қабылданған. Онда қай ауылдық елді мекендерге басымдық беру керектігін анықтау үшін тиісті көрсеткіштерді есептеу әдістемесі мен моделі негізге алынған, сәйкесінше ауылдық елді мекен блоктары мен бағалау өлшемдері қайта қаралады. Критерийлер 15 жиынтық көрсеткішті қамтитын 4 блокқа бөлінеді: ауылдың демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және геокеңістік жағдайы.

«Әдістемені әзірлеу кезінде бағалаудың 150-ден астам көрсеткіші, оның ішінде халық санының өсу серпіні, мал мен өсімдік шаруашылығы, халықтың жұмыспен қамтылуының өсу серпіні, олардың ірі елді мекендерге жақындығы және т.б. қаралды. Осыған сүйене отырып, ауылдық елді мекендер санаттары даму әлеуеті жоғары, даму әлеуеті орташа және даму әлеуеті төмен жиынтық балл негізінде айқындалады», – делінген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында.

Яғни, «болашағы бар», «болашағы жоқ» санаттары ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін есептеуге арналған әдістеме критерийлеріне сәйкес анықталмақ.

Экономика министрлігінің жауабы бойынша, даму әлеуеті бар ауылдардың тізімін жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму саласындағы орталық уәкілетті органмен келісу арқылы және аталған орган бекіткен өлшемшарттарға, яғни әдістемеге сай айқындайды және бекітеді.

Ал демографиялық тепе-теңсіздік пен солтүстік өңірлерде кадр тапшылығы мәселелерін шешу үшін адамдарды жұмыс күші артық өңірлерден (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстары және Алматы, Астана, Шымкент қалалары) жұмыс күші тапшы өңірлерге (Ақмола, Абай, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Ұлытау облыстары) ерікті түрде қоныстандыру бағдарламасы іске асырылады. Ерікті түрде қоныстандыру механизмі «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» 2023 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 234 бұйрығымен реттелмек.

«Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралық аймақтарын халықпен тығыз орналастырып, оларды жұмыспен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды (Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысымен бекітілген), онда шекара маңындағы аумақтарды дамыту іс-шаралары көзделген. Қаулыда ҚХР-мен шектесетін шекаралас Катонқарағай, Большенарым, Күршім, Марқакөл, Мақаншы және басқа аудандардың әкімшілік-аумақтық маңыздылығын арттыруға ерекше назар аударылды. Жұмыс күші тапшы облыстардың шалғайдағы солтүстік пен шығыстың шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтардың жалақысына 50% ауылдық үстемақы қосуды енгізу мәселесі пысықталатын болады. Табиғи-климаттық жағдайлары ерекше (жылыту маусымы 9 ай) шекара маңындағы шалғай ауылдық округтердегі бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша еңбек ететін тұрғындар үшін оларды әлеуметтік және еңбекпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қаралатын болады. Осылайша, аталған қолдау шаралары шекара маңындағы аумақтардың одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етпек», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

ЖСДП баспасөз қызметі

Смотрите также:
Депутатские запросы
02.05.2024
Наурыз Сайлаубайдың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыл шаруашылығы техникасы бағасының өсуіне қатысты жолдаған депутаттық сау
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.